Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасанды интеллект демократияның тағдырын өзгерте ала ма?

30.07.2026, 8:00 55

Адамзат тарихында сайлау науқанының тағдырын өзгерткен құрал аз болған жоқ. Бір кезеңде шешуші рөлді газет атқарды. Кейін радио келді. Теледидар дәуірі басталды. Интернет ақпарат тарату тәсілін түбегейлі өзгертті. Әлеуметтік желі саясаткерлерді халыққа бұрынғыдан да жақындатты. Енді тағы бір жаңа кезеңге аяқ бастық. Оның аты – жасанды интеллект.

Технология күн сайын дамып жатыр. Кеше ғана ғылыми зертханалар­дың жаңалығы саналған жүйелер бүгінде кез келген адамның телефонында тұр. Бірнеше минут ішінде адамның дауысын айнытпай көшіруге болады. Ешқашан болмаған оқиғаны шын болғандай етіп көрсетуге болады. Мұндай мүмкіндік шы­ғармашылыққа да, білімге де қызмет етіп жатыр. Алайда саяси науқан басталғанда осы мүмкіндіктің екінші қыры бірден көрінеді. Қоғамға ықпал ету бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді.

Соңғы жылдары халықаралық сая­саттанушыларды алаңдатқан мәселе де – дәл осы. Әңгіме технологияның өзінде тұрған жоқ. Әңгіме – оның кімнің қолында тұрғанында. Бұрын жалған ақпарат тарату үшін үлкен штаб, мол қаражат, кәсіби мамандар қажет болатын. Қазір мұндай кедергі­лердің көбі жойылды. Жасанды интеллект жалған мәтін жазып береді, дауыс шығарады, бейне құрастырады. Оның үстіне мұндай материалдардың сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Кей жағдайда шын мен жалғанның арасын ажырату тәжірибелі мамандардың өзіне қиынға соғып жатыр. Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес осы үрдіс алдағы сайлаулардағы басты сынның біріне  айналғанын  атап  өтті.

Алғашқы үлкен дабыл Еуропадан естілді. 2023 жылдың қыркүйегінде Словакия парламент сайлауы­на екі күн қалғанда әлеуметтік желілерде саясаткер Михал Шимечка мен белгілі журналистің әңгімесі ретінде ұсыныл­ған аудио­жазба тарады. Жазбада сайлау нәтижесіне ықпал ету жайы сөз болғандай әсер қалдырды. Аз уақыттың ішінде мыңдаған адам тыңдап үлгерді. Кейін сарапшылар оның жасанды интел­лект арқылы жасалған жалған жазба екенін анықтады. Сайлауға санаулы күн қалған шақта мұндай ақпараттың тарауы қоғамдағы сенімге үлкен соққы болды. Сарап­шылардың наза­рын аударған тағы бір жайт бар. Жалған материалдың мақсаты адамдарды белгілі  бір пікірге иландырудан бұрын күмән ұялату  еді. Күмән  көбейген  жерде  ақиқаттың  дауы­сы  бәсеңдейді.

Осы оқиғадан көп ұзамай дәл сондай жағдай АҚШ-та тіркелді. 2024 жылдың қаңтарында Нью-Гэмпшир штатындағы сайлаушылардың телефонына АҚШ президенті Джо Байденнің дауысына ұқсатып жасалған автоматты қоңыраулар түсе бастады. Жазбада азаматтарға алдын ала дауыс беруге қатыспай, қараша айындағы негізгі сайлауға дейін күту ұсынылған. Артынша оның жасанды интеллект көмегімен дайындалғаны белгілі болды. Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Тергеу басталды. Кейін саяси технологқа айып тағылды. АҚШ Байланыс жөніндегі федералдық комиссиясы мұндай әрекетке қарсы қатаң шара қабылдап, жасанды интеллект арқылы жасалған дауыс қолданылған алдамшы қоңырауларға ты­йым салды. Кейін осы іске байланысты алты миллион доллар  көлемінде  айыппұл  да  бекітілді.

Қазір саясаттағы ең қауіпті құбылыс – жалған ақпараттың көбеюі емес, сенімнің әлсіреуі. Егер жұрт әрбір бейнеге, әрбір дауысқа күмәнмен қарай бастаса, онда шынайы ақпараттың да қадірі кемиді. Демократиялық жүйенің ең үлкен тірегі сенім саналады. Сайлаушы бюллетеньге таңба басқанда үміткердің сөзіне, мемлекет жариялаған ақпаратқа, бұқаралық ақпарат құралдарының дерегі­не сеніп әрекет етеді. Сол сенімнің іргесі сөгіле бастаса, сайлау жүйесінің өзіне күмән туады. Сондықтан көптеген халықаралық ұйым қазір жалған бейненің өзінен бұрын қоғамдағы сенім дағдарысын  басты  қатер  ретінде  бағалап  отыр.

Жасанды интеллект саясатқа енді ғана келіп жатқан жоқ. Ол саяси науқанның толыққанды қатысушысына айналып үлгерді. Бір елде кандидаттың үнін сөйлетіп жатыр. Бір елде қарсылас­тың беделін түсіруге пайдаланып жатыр. Тағы бір мемлекетте сайлаушының көңіл күйін зерттеп, әр адамға жеке үгіт материалын ұсынып жатыр. Бұрын мұндай жұмысты жүздеген адам атқаратын. Қазір  соның  едәуір  бөлігін  алгоритм орындайды.

Үндістан да осы өзгерісті алғаш сезінген мемлекеттердің бірі болды. Былтыр өткен парламент сайлауы әлем тарихындағы ең ауқымды саяси науқан саналды. Дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны бір миллиардқа жуықтады. Осындай алып электоратқа бірдей үн қату бұрын оңай шаруа саналмайтын. Ал жасанды интеллект осы түйін­ді шешіп берді. Саяси партиялар кандидаттардың сөзін ондаған жергілікті тілге автоматты түрде аударып, дауысын табиғи қалпында сақтап тарата бастады. Кейбір саясаткер өмірден өткен партия қайраткерлерінің бейнесін жаңғыртып, сайлау­шыларға үндеу жолдады. Мұндай тәсіл біреу­ге жаңашылдық болып көрінсе, енді біреуге этика­лық шекарадан аттау болып саналады. Сарап­шылар технологияның өзі емес, оны қолданудың тәртібі маңызды  екенін  жиі  айта  бастады.

Пәкістандағы жағдай тіпті өзгеше өрбіді. Бұрынғы премьер-министр Имран Хан сайлау алдында түрмеде отырды. Оның жақтастары жазған мәтінді жасанды интеллект арқылы Имран Ханның өз дауысына ұқсатып дыбыстады. Сол үндеу­лер әлеуметтік желілерде кең тарап, миллиондаған адам тыңдады. Бір қарағанда, технология сөз бостандығын сақтап қалғандай көрінеді. Екінші жағынан, дәл осындай мүмкіндік ертең басқа адамның атынан жалған мәлімдеме таратуға да жол ашады. Саясаттағы таразының екі басы осылайша теңселіп тұр.

Айтпақшы, Индонезиядағы президент сайлауы да жаңа технологияның тағы бір қырын көрсетті. Қорғаныс министрі Прабово Субиан­тоның сайлауалды штабы оның жас шағын бейнелейтін сүйкімді мультфильм кейіпкерін жасанды интеллект көмегімен дайындап, TikTok пен басқа да әлеуметтік желілерде кеңінен таратты. Бұрын қатаң мінезімен танылған саясаткердің бейнесі әп-сәтте жылы жүзді, ақкөңіл қарияға айналды. Сарапшылар мұны сайлаушылардың эмоциясына әсер етудің жаңа әдісі ретінде бағалады. Көпшілік бағдарламадан бұрын образды қабылдай бастады. Саясаттағы имидж бұрын да маңызды еді. Енді оны қалыптастыру әлдеқайда жеңілдеп отыр.

Осындай мысалдар жылдан-жылға көбейіп келеді. Дүниежүзілік экономикалық форум 2024 жылғы жаһандық қауіптер туралы баяндамасында жалған ақпарат пен жалған бейненің таралуын алда­ғы екі жылдағы ең ірі қатердің қатарына енгіз­ді. Сарапшыларды алаңдатқан мәселе технология­ның қарқынды дамуынан бұрын, қоғамның оны қабылдауға дайындық деңгейі болып тұр. Адамдар күн сайын жүздеген бейне көретіні рас. Мыңдаған хабарлама оқиды. Сол ақпараттың қайсысы шын, қайсысы  қолдан  жасалғанын  анықтау барған сайын  қиындап  барады.

Қазақстан осы үдерістен сырт қала алмайды. Елдегі интернет қолданушылардың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желіден алады. TikTok, Instagram, Telegram бірнеше жылдың ішінде негіз­гі ақпарат алаңына айналды. Осындай ортада жалған бейне немесе қолдан жасалған дауыс тара­са, оның жылдамдығы ресми түсіндіруден әлдеқайда жоғары болуы ықтимал. Ақиқат көбіне асықпай  жүреді.  Өтірікке  қанат  бітіп  алған.

Елестетіп көрейік. Сайлау алдындағы соңғы тәуліктердің бірі. Әлеуметтік желіде белгілі саясаткердің дөрекі сөз айтып тұрған бейнесі пайда болды делік. Бейне бірнеше сағаттың ішінде жүз мыңдаған қаралым жинайды. Кейін оның жасанды интеллект арқылы дайындалғаны анықталуы мүмкін. Бірақ сол уақытқа дейін қоғамдық пікір әлдеқашан қалыптасып үлгереді. Саясаттағы ең қымбат капитал сенім саналады. Бір ғана жалған бейне сол сенімге сызат түсіруге қауқарлы. Сондықтан көптеген мемлекет қазір заңнамасын қайта қарап жатыр. Еуропалық одақ жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдап, дипфейк материал­дарды ашық таңбалауды талап етті. АҚШ-та да бірнеше штат сайлау науқаны кезінде жасанды интеллект арқылы жасалған саяси материалдарға қатысты шектеулер енгізе бастады. Әлем біртіндеп жаңа  ережелерді  қалыптастырып   жатыр.

Қазақстанда жасанды интеллект арқылы сайлауға ықпал ету дерегі тіркелген жоқ. Солай екен деп арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жаңа технология алдымен ірі мемлекеттерде сыналады. Арада көп уақыт өт­пей-ақ басқа елдерге тарайды. Интернеттің шека­расы жоқ. Әлеуметтік желінің де төлқұжаты болмайды. Соңғы жылдары Қазақ­станда ақпарат тұтыну мәдениеті күрт өзгерді. Бұрын жұрт жаңалықты телеарнадан күтетін. Кейін ақпараттық сайттар алға шықты. Қазір көпшілік жаңалықты TikTok, Instagram, Telegram арқылы көреді. Бірнеше секунд­тық бейне кейде үлкен мақаладан әлде­қайда көп аудитория жинайды. Дәл осы ортада жасанды интеллектінің мүмкіндігі де арта түседі. Қолдан құрастырылған бейне немесе дауыс санаулы сағаттың ішінде мыңдаған адамға жетуі ықтимал. Мұндай жағдайда уақыт шешуші рөл атқарады. Жалған ақпараттың табиғаты белгілі. Ол алдымен тарайды, кейін тексеріледі. Ресми түсініктеме жария­ланғанша қоғамдық пікір қалыптасып үлгере­ді. Адамның алғашқы әсерін өзгерту қиын. Психологтар мұны «алғашқы ақпараттың ықпалы» деп түсіндіреді. Кейін шындық жарияланған күннің өзінде алғашқы әсер санадан оңай өшпейді. Сайлау науқаны кезінде мұның салмағы бірнеше есе артады. Дауыс беру қарсаңында белгілі бір кандидаттың атынан жасалған жалған үндеу тараса ше? Әлдебір әкімнің немесе министрдің дауысына ұқсатып жазылған аудио жарияланса ше? Бір қарағанда қарапайым бейне сияқты көрінеді. Ар жағында қоғамдық пікірге ықпал ету әрекеті тұруы ықтимал.

Қазақстан заңнамасында сайлау алдындағы үгіт-насихатқа, жалған ақпарат таратуға және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне қатыс­ты талаптар бар. Алайда жасанды интеллек­тінің көмегімен жасалған саяси контентке арнал­ған арнайы құқықтық тетіктер әлі қалыптасу кезеңінде. Сол себепті сарапшылар жаңа техноло­гияға бейімделген құқықтық нормалардың қажеттігін жиі көтеріп жүр. Халықаралық тәжірибе де осы бағытқа ойысты. Еуропалық одақ қабылдаған AI Act құжаты дипфейк материалдарды арнайы таңбалауды міндеттейді. Бірқатар мемлекет сайлау кезінде жасанды интеллект арқылы дайындалған саяси жарнамаға қосымша талап енгізіп жатыр. Қазақстан да алғашқы қадамдарын жасап келеді. Былтыр Үкімет Ақпараттық доктринаны бекітті. Құжатта жасанды интеллект арқылы дайындалған медиаконтентті таңбалау мәселесін заңнамалық деңгейде қарастыру көзделген. Бұл бастама ақпарат кеңістігін қорғауға бағытталған маңызды қадам­дардың бірі саналады. Дегенмен, заңның өзі барлық мәселені шешіп бермейді. Кез келген техноло­гиядан бұрын қоғамның дайындығы маңызды. Адам көрген дүниесіне күмәнмен қарай алуы керек. Ақпараттың қайдан шыққанын тек­серуі  керек. Ресми  дереккөзге жүгіну әдетке айна­луы қажет. Ақпараттық иммунитет деген ұғым дәл осындай жағдайда алдыңғы қатарға шығады. Бүгін­де әлемде «өтірікті жасау қиын» деген түсінік біртіндеп ұмытылып барады. Қазір өтірікті жасау жеңілдеді. Керісінше, ақиқатты дәлелдеу қиындады. Осы өзгерісті дер кезінде түсінген мемлекеттер құқықтық тетіктерін қайта қарап, медиа сауатқа басымдық беріп жатыр. Технологияны бақылау тетіктерін күшейтуді күйттеуге кірісті. Қазақстан да осы жолайрықтың алдында тұр. Жасанды интеллектіден қашып құтылу мүмкін емес. Оны тоқтату да қолдан келмейді. Ең дұрыс жол – технологиямен қатар қоғамның да бейімделуі, ақпаратқа сын көзбен қарау, алғанды дер кезінде тану, заңды  заман  талабына  сай  жетілдіру.

К.ҚҰРМЕТ.

Коллажды  жасаған  автор

P.S. Бір нәрсенің анық екенін білеміз. Әлем жаңа саяси дәуірдің табалдырығын аттады. Ендігі тартыс үміткерлер арасында ғана жүрмейді. Ақиқат пен жасандылықтың арасына да көшті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: