Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шетелдік БАҚ Қазақстан туралы не жазып жүр?

16.07.2026, 8:20 57

Соңғы  бір  ай  ішінде  шетел баспасөздері Қазақстан туралы бес түрлі бағытта ұдайы ақпарат жазып келеді. Біреуі медиа еркіндігін қозғаса, енді бірі жанармай тапшылығын, тағы бірі геосаясатты, атом стансасын, саяси реформаны талдаған. Тақырып әрқилы болғанымен, мақаланың біршамасы  еліміздің кеңістікте, бір дүниелердің арасында күнелтіп жатқанын меңзейтіндей. Олай дейтініміз, Ресей мен Қытайдың, уәде мен нақты істің, ашықтық пен қатаң бақылаудың арасында қалдыратын  ақпараттың  ауанын байқадық. Осыны  әр  басылымның нақты  не  жазғанына  сүйеніп, ретімен  шолып  көрейік.

Шекарасыз Репортерлар ұйымы (RSF) 15 шілдеде жариялаған мәлімдемесінде Астана сотының бір шешіміне назар аудартты. Азаттық радиосының (RFE/RL-дың қазақ қызметі) жеті қызметкерінің аккреди­тациясын қайта ресімдеуден бас тартуды сот заңды деп таныған, дәлел ретінде «журналистер қазақстандық азамат болса да, шетелдік медиада еңбек ететіндіктен, оларды  «шетелдік журналист» санатына жатқызу керек» делінген. Сот өз шешімінде «еңбек шарты немесе өзге  қатынаста шетелдік медиамен байланысты кез келген тұлға шетелдік журналист  болып  саналады»  деген  тұжырымға  сүйенген,  ал бұл тұжырым, сырт көзге заңды  көрінгенмен, түбінде  отандық азаматты  өз елінде «бөтен» деп танудың тәсілі іспетті. 27 қызметкердің 16-сы дәл осы желеумен ресми іс-шараларды жазудан, баспасөз  мәслихаттарына  қатысудан  тыс  қалды.

Аккредитацияны ресімдеу өтінімі заңды мерзімде, яғни мерзімі бітуден екі ай бұрын берілгеніне қарамастан, жауап ұзақ уақыт келмей, тек шілденің он бесінде ғана бас тарту түрінде қайтарылған. RSF мұны «ақпаратқа жол кесудің циникалық айла-шарғысы» деп бағалады, ал ұйым­ның пікірінше, бұл сот шешімі тәуелсіз баспасөзді тұншықтырудың жаңа  әдісін  заңдастырды.

Бұдан бөлек, ZIF Berlin институтының шолуында VOA News агенттігінің тағы бір хабары келтірілген, онда жаңа медиа заңынан тыс қабылданған қосымша ережелер журна­листердің ақпаратқа қолжетімділігін шектеуі мүмкін екеніне медиа-бақылаушылар алаңдаушылық білдірген. Бұл екі ақпаратты қатар қойып көз салсақ, заң деңгейінде емес, оның қолданылу тәжірибесінде, яғни әкімшілік тетіктер арқылы баспасөз еркіндігін тарылту үрдісінің жалғасып  жатқанын   аңғаруға  болады. 

Eurasianet порталы 9 шілдеде жариялаған материалында Қазақ­станның мұнай өнімдерін экспорт­тауға тыйым салғанын жазды. Ресейде украиндық дрон соққылары­нан жанар­май тапшылығы күшейгенде, ресейлік көліктер шекара асып, арзан­дау бензин алуға ұмтылған, себе­бі жоғары октанды жанармайдың Ресейдегі бағасы Қазақстандағы­дан қырық пайызға жуық қымбат болып, күн санап өсіп жатыр. Қазақ билігі шекараның бойындағы алпыс­қа жуық жолда полиция беке­тін күшейтіп, көлікті тәулігіне бір рет қана шекарадан өткізу шек­теуін енгізді, ал энергетика вице-ми­нистрі Қайыр­кен Тұтқышбаевтың айтуынша, «негізгі жұмыс қосымша жанармай багы бар, «сұр» экспортқа пайдаланылатын көліктерді анық­тауға бағытталған». Шілденің төртінде билік ондаған контрабанда схемасын әшкерелегенін, ұсталған жанар­май көлемі үш тоннаға жеткенін жария­лады. Тыйым келесі жылдың мамы­рына дейін ұзартылмақ, тіпті бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одақтың өз мүшелеріне де қатыс­ты қолданылады, ал бұл өз кезегінде «еркін сауда» деп жарияланған одақ­тың нақты өмірде қаншалықты жұқа мата екенін тағы бір мәрте көрсетті – одақ шарты бойынша тауар еркін өтуі тиіс болғанымен, дағдарыс сәтінде әрбір мемлекет алдымен өз мүддесін  қорғайды. 

Eurasia Review басылымында 7 шілдеде саясаттанушы Ахас Тажутов­тың талдауы жарық көрді. онда Қазақстан Ресей мен Қытай арасындағы «геосаяси майдан алаңы» ретінде суреттеледі. Автордың пайымдауынша, екі держава да тарихи оқиғаларды – Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Цин империясы дәуірін – өз пайдасына қарай түсіндіріп, елдің ішкі жүздік құрылымына бөлек-бөлек қарайды. Ресей Кіші жүзбен, Қытай Орта және Ұлы жүзбен байланысты баса көрсете отырып, «бұл арқылы бөлектеу мен сепаратизм нарративтерін жасырын түрде дайындап жатыр» деген болжам жасайды. Дәл осы мақалада Қасым-­Жомарт Тоқаев­тың 22-23  маусым­да өткен Брюссель сапарын­да да талданады, онда Еуро­паға отыз төрт сирек металдың жиырма бірін жеткізу ұсынылған, ал бұл ұсыныс Еуропа Одағының Global Gateway бағдарламасымен ықпал­дастыру ая­сында жасалған. Автордың тұжырымдауынша, Транскаспий бағытының (Middle Corridor) геосаяси салмағы дәл осы сапардан кейін бұрынғыдан да арта түсті, себе­бі Қазақ­стан батысқа шикізат жеткізуші әрі логистикалық хаб ретінде өз орнын нығайтуға тырысады, ал бұл – екі алып арасында тұрып қалмай, үшінші бағыт іздеу стратегиясының  көрінісі.

Eurasianet-тің тағы бір материалында Ресейдің «Росатом» компаниясы Балқаш көліндегі атом электр стансасының құрылысын кейінге қалдырғаны жазылған, себебі компания басшысы Алексей Лихачев Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиевпен Мәскеудегі кездесу­де алаңда «қосымша бір жылдық бақылау жүргізу қажет» деген талапты алға тартқан. Он бес миллиард долларлық бұл жобаны қаржыландырудың сексен бес пайызын Ресей тарапы өз мойнына алу келісіміне сәйкес кел­генімен, бұл әлі толық бекітілген жоқ. Ал Қазақстан тара­пы, өз кезегінде, елде уранның жеткілікті қоры бар болғандықтан, ядролық отын циклына толық билік етуді талап етіп отыр, себебі әдетте «Росатом» компаниясы құрған станса үстінен отын жет­кізу арқылы ұзақ мерзімді бақылауын сақтап қала­ды. Бұл тартыс, сырт көзге техникалық мәселе болып көрінгені­мен, екі елдің «стратегиялық серіктестігі» астарында әрқайсысының өз мүдде­сін қаттырақ қорғайтынын анық аңғартады.  Рефор­ма сөзі мен нақты іс арасы  RFE/RL агенттігінің жалпы шолуында наурыздың 15-інде өткен  конституциялық референдум­ға сыншы­лардың назары түсіп, жаңа Конституция президент билігін одан әрі шоғырландыруы мүмкін деген пікір  қайта  еске  алынады.

Осы аралықта ZIF Berlin инс­титу­тының шолуында Eurasianet дерек­көзіне сілтеме жасалған тұжырым бар, онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың авторитарлық жүйені демонтаждау бағдарламасын жариялағанына отыз айдан астам уақыт өткенімен, елде плюра­лизм мен ашықтыққа деген үміт бірте-бірте сөніп бара жатқаны айтылған.

Сол шолуда тоғыз халықаралық құқық қорғау ұйымының бірлескен үндеуі де келтіріледі, онда билік тәуел­сіз медианы қысымға алудан бас тартуын, редакцияға жасалған тінту­ден кейін ұсталған журналис­терді босатуын талап еткен. RFE/RL-дың бөлек хабарында Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғыр және басқа мұсыл­ман азшылықтарға арналған лагерьлеріне қарсы өткен наразы­лыққа қатысқан 19 белсенді бойын­ша сот үкімі де аталған, барлық айып­талушы кінәлі деп танылған, бұл шешім Орталық Азиядағы Қытай ықпалының өсуінің белгісі ретінде түсіндіріледі.

Референдумға дейін-ақ халық­аралық құқық қорғау ұйым­дары үн қата бастаған еді. Amnesty International 17 наурызда таратқан мәлімдемесінде жобаны «асығыс, азаматтық қоғаммен санаспай да­йын­далған құжат» деп бағалап, адам құқығы стандарттарынан бір қадам кері шегініс деп атады. Ұйымның айтуынша, шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдарға қойылған «ашықтық» талабы түбінде Ресей мен Қырғызстандағы «шетелдік агент» заңын еске түсіреді. Оған Human Rights Watch та үн қосып, Алматы сотының бір азаматты Facebook-те пікір білдіргені үшін айыппұлға тартқанын, ал KazTAG сайтының жобаны сынаған мақаласынан ке­йін бірнеше провайдердің оны бұғаттағанын  жазды.  

Ал FIDH пен OMCT бірлескен мәлімдемесінде белсенді Жарқын Күрентаевтың баспасөз мәслихаты алдында ұсталғаны, Ермек Нарымбайдың әлеуметтік желіде пікір айт­қаны үшін қамауға алынғаны жазыл­ған. Талдамалық орталықтардың көзқарасы да бір жерден шығады. Chatham House жаңа Конституция­ны Батыс құндылықтарынан алшақ­таудың белгісі санап, халықаралық шарттың ұлттық заңнан басым болу қағидасының алынып тасталуы шетелдік инвестор үшін тәуекел туғызатынын жазды. Carnegie Endowment сарапшысы Серік Бейсембаев мұны билік тобының өз мәртебесін сақтап қалу әрекеті деп түсіндірсе, The Diplomat жаңа жүйені Венгрия­дағы Орбан үлгісімен қатар қо­йып, Freedom House-тың елге «Еркін емес» деген баға бергенін тілге тиек етті. Неміс құқықтық порталы VerfBlog болса, судьяны тағайындау мен қызметінен алу енді толықтай Президенттің қолында қалғанын, бұл сот тәуелсіздігіне тиетінін жеке атап көрсетті. Конституциялық комиссия бұл қадамды сыртқы қауіп-қатер мен геосаяси турбуленттілікке жауап деп түсіндіріп, реформаның мақсаты билікті шоғырландыру емес, оны реттеу деп есептейді. Референдумға қатысушының 73,12 пайызы дауыс беріп, соның 87,15 пайызы жаңа Конституцияны құптағаны да – осы ресми  ұстанымның  басты  дәлелі.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Коллаж  жасаған автор

P.S.: Шетел баспасөзі жазған ақпараттың бәрінен байқайтын ортақ дүние – Қазақстан әлі өз бетінше емес, көршілерінің көлеңкесінде тұрған ел ретінде бағаланады. Көрген көзде айып жоқ, шолу көрсеткен дерек осы болды. Енді  идеологтардың жұмысы  қызатын  уақыты  келді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: