Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртудан өткен Жаңақорған теміржол вокзалының ашылу рәсіміне қатысты.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртылып жатыр. Былтыр сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттарды, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын енгізген болатын.
Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржыны бөлінді.
Рәсімде Мұрат Нәлқожаұлы теміржол вокзалдары жолаушыларға қолайлы және қауіпсіз, өңірдің заманауи келбетін айшықтайтын нысандарға айналатынын атап өтті.
«Облыс аумағы — тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірлер мен елдерді байланыстыратын маңызды көлік дәлізі.
Бүгінде аймағымыздан халықаралық және өңіраралық теміржол бағыттарымен мыңдаған жолаушы, шетелдік туристер қатынайды. Сондықтан теміржол вокзалдарын заман талабына сай жаңғырту тұрғындар үшін де, қонақтар үшін де ерекше маңызға ие.
Бүгін біз Жаңақорған кентінде 1 млрд.теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылған, аумағы 8 838 шаршы метр болатын теміржол вокзалын ел игілігіне табыстағалы тұрмыз. Вокзал күніне 121 жолаушыны өткізуге қауқарлы. Ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталды, төбе жабындысы мен есік-терезесі ауыстырылды. Электр желілері монтаждалып, жылу жүйесі жүргізілді, перрон абатандырылды. Нысан заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы жабдықтармен жарақталған. Бұдан бөлек, бүгін Шиелі, ертең Қазалы теміржол вокзалдарын табыстаймыз. Облыс аумағынан өтетін әрбір қонақ пен турист мұндағы қызмет сапасы мен жайлылыққа оң бағасын береді деп сенеміз», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында Жәнібек Тайжанов пен еңбек ардагері Сәулебек Қалыбаев сөз сөйлеп, теміржол саласы қызметкерлері мен мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінде облыс аумағынан 15 жолаушы пойызы өтеді, облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей, Түркістан қалаларына 6 жолаушылар пойызы жүреді.Өңірде 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөнделуде.
Ел аумағындағы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту туралы Президент тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Бұдан бөлек, аймақтағы 7 вокзал, Тереңөзек және Жалағаштағы 2 қызмет көрсету пункті күрделі жөнделіп жатыр. Талап бекетінде 322 млн.теңгеге 1 188 шаршы метрлік жолаушылар платформасын жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!