Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамдық-саяси кеңістіктен шет қалған кейбір тұлғаның қайта көріне бастауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды adaladam.kz.
«Адал Адам» YouTube арнасының жүргізушісі, журналист Дәурен Сейітжанұлы Бауыржан Байбек, Нұрәлі Әлиев, Қайрат Сатыбалды секілді «ескі қазақстандықтардың» қайтадан ақпараттық кеңістікте бой көрсете бастағанын атап өтті.
Осыған байланысты пікір білдірген Ринат Зайыт елдегі құқық қорғау және сот жүйесіне қатысты сын айтты.
«Кәрім Мәсімов атып шықса да, атып шықпақ түгілі бір жерге бастық болып кетсе де таңғалмаймын. Себебі, прокуратура мен соттың жұмысы сын көтермейді. Біздегі арыз-шағым деген бастан асады. Сот, прокуратураға қатысты. Әділдік сатылатын жерде ештеңеге таңғалуға болмайды. Бізде әділдік өте арзанға сатылады, оңды-солды», — деді депутат.
Сонымен қатар ол «әділдік сатылатын» уақытта басқа да бұрынғы ықпалды адамдар төбе көрсетіп жатса да таңғалмайтынын айтты.
«Бәрі мүмкін. Тіпті, Дариға Назарбаеваның концерті болуы мүмкін. Және оған халық қырылып барады», — деді Ринат Зайыт.
Депутаттың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.
Фото: adaladam.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!