Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі жеке қабылдау өткізді

16.06.2026, 20:23 41

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке қабылдады. Бүгінгі қабылдауға 12 адам тіркелсе, олардың екеуі онлайн қосылды.
Келушілердің басым бөлігі әлеуметтік қолдау, баспана, көшелерді асфальттау және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.

Арал ауданы Сексеуіл кентінің тұрғыны Ақтан батыр және Тәжібаев көшелерін асфальттау туралы айтты. Бұл көшелердің жобалық құжатын әзірлеу 2028 жылға жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 2023 жылы Сексеуіл кентіндегі Ақорда тұйығы орташа жөнделген. Енді тұйықтың балабақшаға дейінгі бөлігін жөндеу алдағы кезеңге межеленген.

Қабылдауда «Базис-А» мекемесінің теміржолшыларға арнап салған тұрғын үйлер құрылысын аяқтау мәселесі де көтерілді. Қазір екі пәтерлі 38 тұрғын үйдің 8-і толық бітіп, белгіленген тәртіппен пайдалануға берілген.

Қызылорда қаласындағы Әл-Фараби шағын ауданының тұрғыны балалар ойын алаңын салу, жол жөндеу және қоғамдық көлікке қатысты мәселелерді көтерді.

Осыған байланысты аталған аумақта балалар ойын алаңын салуға арналған бос жер телімі анықталып, жобаны «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асыру жоспарына енгізу көзделуде.

Сондай-ақ бұған дейін Қызылжарма-3 тұйық көшесінің тұрғындары №27 қоғамдық көліктің С. Бәйсейітова көшесінен Қарауылтөбе ауылына жетпей, бұрылыс тұсында аялдауын сұраған еді. Тұрғындардың өтініші қаралып, мәселе оң шешімін тапты.

Инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Әл-Фараби шағын ауданынан Қарауылтөбе ауылының шекарасына дейінгі аумақтағы жеті көшенің бесеуінде «Әлем Транс Жол» ЖШС жол жөндеді.
Қазір Аралбаева көшесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жалғасады.

Ақжарма ауылының тұрғыны мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мәселесімен келген. Аймақ басшысы жұмыспен қамту назардан тыс қалмайтынын және заңнама аясында қарастырылатынын атап өтті.

Қабылдауда көтерілген мәселелердің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл жолы да әрбір тұрғынның өтініші бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш беру жолымен өтініш қалдыра алады.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: