Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтті

01.06.2026, 18:00 63

HALYQLINE.KZ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Шиелі кентінде жаңадан бой көтерген «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» ғимаратында кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, аудан тұрғындары мен бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– «Балалар – еліміздің ең басты байлығы, мемлекетіміздің жарқын келешегі. Олардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы, қауіпсіз әрі бақытты ортада өсуі – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен балалардың құқықтарын қорғау, білім мен тәрбие беру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда», — деді аудан әкімі.

Іс-шара барысында аудан басшысы өңірде білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобаларға тоқталып өтті. Соңғы жылдары аудан көлемінде жаңа білім беру нысандары пайдалануға беріліп, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді.

Атап айтқанда, 2023 жылы Байсын ауылындағы №207 Жаңатұрмыс орта мектебі пайдалануға берілсе, 2024 жылы Жансейіт ауылындағы №133 негізгі мектеп ел игілігіне табысталды. Сонымен қатар, Шиелі кентіндегі №252 Ғ.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сыныптарға арналған қосымша оқу корпусы іске қосылып, №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, құны 1 млрд 68 млн теңгені құрайтын 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жас өрендердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, қосымша білім алуына мол мүмкіндік беруде.

Қазіргі уақытта аудан бойынша 91 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 18 мемлекеттік балабақша, 5 шағын орталық және 68 жеке балабақша бар. Бұл ұйымдарда 2-6 жас аралығындағы 6400-ден астам бала тәрбиеленуде.

Ал, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандық «Сыр ұланы» тынығу лагерінде биыл 700 баланың демалуы жоспарланған. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде 134 бала үйден білім алса, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде 71 балаға тұрақты қызмет көрсетілуде.

Мерекелік іс-шара барысында аудан бүлдіршіндері ән мен биден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, жас суретшілердің шығармашылық жұмыстары қойылған сурет көрмесі, ұлттық нақыштағы зияткерлік ойындар көрмесі және шахмат жарыстары ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында балаларға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары, спорттық сайыстар мен шығармашылық алаңдар жұмыс істеп, бүлдіршіндер мерекелік көңіл күйге бөленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: