Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі мерейтой иесін қабылдады

12.05.2026, 15:15 63

Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы ауданының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Әлимаұлы Әлимаевтың 90 жасқа толу мерейтойына орай арнайы қабылдады.

Тағылымды шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, ақсақалдар мен ел ағалары қатысып, ғұмырын адал еңбекке арнаған ардақты азаматқа құрмет көрсетті.

Жиында аудан әкімі мерейтой иесін аудан халқының атынан құттықтап, Кәрібоз Әлимаұлының ел игілігі жолындағы ерен еңбегіне кеңінен тоқталды.

– Кәрібоз Әлимаұлы – маңдай терімен елге сыйлы болған, еңбегімен абырой биігіне көтерілген тұлға. Оның өмір жолы – кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Қандай кезеңде де туған жердің дамуына адал қызмет етіп, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Осындай еңбек адамдары – елдің шынайы мақтанышы, – деді аудан әкімі.

Шара барысында Кәрібоз Әлимаұлының өмір жолы мен еңбек жолы кеңінен таныстырылды. Ол 1936 жылы қазіргі Бозкөл ауылында дүниеге келіп, жастайынан еңбекке араласқан. Мектеп бітіргеннен кейін трактор руліне отырып, ұзақ жылдар Бозкөл совхозында еңбек етті. Еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін 1967 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, «Ленин» орденімен марапатталған.

Кейінгі жылдары мал шаруашылығы саласында еңбек етіп, елдің әлеуметтік дамуына өз үлесін қосты. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, Қазалы аудандық советінің депутаты ретінде де халық сенімін ақтай білді.

Салтанатты жиында мерейтой иесіне облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың құттықтауы мен Қазалы ауданының ең жоғары марапаты – «Қазалы ауданының Құрмет грамотасы» және қаржылай сертификат табысталды. Сонымен қатар қазақы дәстүрмен иығына шапан жабылып, жерлестері атынан сый-құрмет көрсетілді.

Мерейтой иесіне арнайы құттықтау лебізін білдірген Қызылорда облысының құрметті азаматы, І-ІІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Самұрат Жұманұлы мен облыстық мәслихат депутаты, «Парасат» орденінің иегері Ібайдула Тілепұлы Кәрібоз Әлимаұлының ел алдындағы еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін айтып, мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбайұлы еңбек адамына көрсетілген құрметтің маңыздылығына тоқталып, Кәрібоз Әлимаұлымен бірге қызмет атқарған жылдардағы естеліктерімен бөлісті.

Келесі кезекте Тасарық ауылынан арнайы келген Жұбанияз Алтынбек ақсақал сөз сөйлеп, Кәрібоз Әлимаұлының қарапайымдылығы мен елге жанашыр қасиеттерін атап өтті.

Өз кезегінде Кәрібоз Әлимаұлы өзіне көрсетілген құрмет үшін аудан басшылығына және ел ағаларына ризашылығын білдіріп, ақ батасын беріп, елдің амандығын тіледі.

Тағылымды шара соңында қатысушылар мерейтой иесімен естелік суретке түсіп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: