Елге ауа мен дауа жетпей жатыр. Қызық, ә! Ал биліктегілер ауаны өртеп жатыр. Отшашумен. 1968 жылы Джон Би Кэлхун «Әлем 25» (Вселенная-25) атаулы экспериментін жүргізеді. Үлкен қоршау ішіне 4 жұп тышқанды кіргізеді де, ас-судан кенде қылмайды. Қоршау ішіндегі тышқан саны 3000-нан аса болғанда да ас жеткілікті болатын. Себебі қоршау ішінде күніге 9000 тышқан қорек ететін қор бар еді. Уақыт өтеді. Тышқандар қолайлы жағдайда көбейе береді. Қызықты қараңыз, 2200 тышқаннан соң өсім тоқтайды. Мақұлықтар өз міндеттерінен жаңылады. Еркектері ұрғашыларына шаппайды, аналықтар балаларын қызғаныштан өлтіре бастайды. Қоршау ішінде ересектер ғана жанталаса өмір сүреді. Есесіне жастары қырғынға ұшырайды. Әуеліде өркендеу, сосын құлдырау. Өйткені бәрі жеткілікті еді. Бұл тәжірибенің соңы тұтастай өлімге әкеледі. Қоршаудағы тіршілік те тоқтайды. Джон Би Кэлхун тәжірибені бірнеше мәрте қайталайды. Нәтиже бір.
Мұнымен не айтпақпын. Билік басындағыларды әбден семірттік. Керектінің бәрі бар. Қоғамды дамытуға ұмтылғандарды басын жұтып жатыр. Тізгін жастарға беріліп жатқан жоқ. Есесіне (жастықтан жерініп, кәрілерше ойлайтын, солардың жайын күйттейтін, солардың тәлімін алып, айтқанын істейтін, прогреске жаны қас) жас-кәрілер көбейді. Атқамінерлер барлықтан міндетінен жаңылды. Елім емес, өзім деп қарекет етуде. Не керек, Кэлхун тәжірибесіндегі тышқаннан айырма болмай қалды. Кешегі отшашу, мүсін қою – соның айғағы. Бір адамға жүз адамға сый етер мадақты бере қойдық. Артық нәрсенің көп болуы Кэлхун тәжірибесін қайталауға негіз.
Дастанбек САДЫҚ,
журналист
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!