Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сыр елінен Үкіметке дейін»: Нұрлыбек Нәлібаевтың Қызылорда облысының әкімі болған жылдары не өзгерді? Шолу.

06.05.2026, 18:05 40

Бүгіннен бастап, Нұрлыбек Нәлібаевтың Қызылорда облысын басқарған кезеңі аяқталып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Ол Сыр өңірін 2022 жылдың 7 сәуірінен бері басқарды. Енді облыс жұрты үшін заңды сауал туады. Осы жылдары Қызылордада не өзгерді? Қандай нысандар салынды? Қай салада серпін болды? Қай жұмыс халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етті? Шолу жасайық.

Әкімнің жұмысына есеп-жиналыстарына қарап бағамдай алмаймыз. Оның еңбегі тұрғын кіретін үйден, бала оқитын мектептен, науқас ем алатын ауруханадан, жұрт жүретін жолдан, өндіріс ашатын инвестордан, мәдениет тынысын кеңейтетін жаңа кеңістіктен көрінеді. Нұрлыбек Нәлібаев басқарған кезеңде Қызылорда облысында дәл осы бағыттар бойынша ірі жобалар жүзеге асты. Әрине, Сыр өңірінде шешімін күткен мәселе аз емес. Су тапшылығы, ауыл инфрақұрылымы, жұмыссыздық, баға, экология секілді түйткілдер күн тәртібінен түскен жоқ. Бірақ кейінгі жылдары аймақта көзге көрінетін құрылыс, инфрақұрылым және инвестициялық қозғалыс болғанын жоққа шығару қиын.

Ендеше, Нұрлыбек Нәлібаевтың Қызылорда облысы әкімі болған жылдарындағы ең салмақты 10 жұмысқа тоқталайық.

  1. Қызылордадағы жаңа жылу-электр орталығы

Қызылорда үшін ең маңызды жобалардың бірі жаңа жылу-электр орталығы болды. Бұған дейін өңірдің энергетикалық тәуелділігі жиі айтылатын. Ескі орталықтың мүмкіндігі шектеулі, ал қала мен облыстың тұтыну көлемі жыл сайын артып келе жатқан еді. Осы жағдайда жаңа ЖЭО құрылысы тек бір өндірістік нысан емес, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне жасалған ұзақ мерзімді қадам ретінде қабылданды.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қызылорда қаласында түріктің AKSA Energy компаниясы 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салды. Орталыққа бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры жүргізілді. Жоба 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.  

– Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған жобалардың бірі, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысының бұл сөзі жобаның салмағын айқындайды. Өйткені өңірдегі кез келген жаңа шағын аудан, өндіріс орны, әлеуметтік нысан ең алдымен тұрақты энергияға мұқтаж. Жаңа ЖЭО толық қуатына шыққанда Қызылорда облысының энергетикалық мүмкіндігі кеңейіп қана қоймай, өндірісті дамытуға да жол ашады.

  1. Инвестиция тарту және өндірісті әртараптандыру

Нәлібаев кезеңіндегі екінші маңызды бағыт инвестиция тарту мен өндіріс жобаларын жандандыру болды. Қызылорда ұзақ жылдар бойы мұнай, күріш, аграрлық сала арқылы танылған өңір еді. Кейінгі жылдары аймақ экономикасын әртараптандыру, жаңа өндірістер ашу, жеке инвестиция үлесін арттыру мәселесі алдыңғы қатарға шықты.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2022-2024 жылдары Қызылорда облысы экономикасына 1,6 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған. Биыл жаңа жобаларды іске қосу арқылы инвестиция көлемі 750 млрд теңгеден асып, жоспар артығымен орындалған.  

– 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайыз артса, жеке инвестиция үлесі 70 пайыз, – деді Н.Нәлібаев.

Бұл көрсеткіштің артында нақты өндірістер тұр. Мәселен, Қызылордада толық автоматтандырылған кірпіш зауыты іске қосылды. Ол жылына 90 млн дана кірпіш өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, «Қызылорда-Нан» кешенінде нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын өндірістік цехтар іске қосылды. Мұндай жобалар өңірге жұмыс орны, жергілікті өнім, салық түсімі және кәсіпкерлік белсенділік әкеледі.

  1. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы

Қызылорданың сыртқы байланысын күшейткен ірі жобаның бірі – Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы. Бұл нысан өңірдің туристік, іскерлік және инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді. Өйткені әуежай – қалаға келген адамның алғашқы әсер алатын қақпасы.

Жаңа терминалға «Болат Өтемұратов қоры» әлеуметтік жауапкершілік аясында 16,6 млрд теңге инвестиция салды. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, автожол, абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Терминалда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған залдар, CIP аймақтар, автоматты жүк беру жүйесі, Duty Free аймағы, медпункт, кафе, ғибадат ету және ана мен бала бөлмелері қарастырылған.  

Бұл жоба Қызылорданы тұйық өңір емес, сыртқа ашық, байланысы кеңейген аймақ ретінде көрсетеді. Әуежайдың жаңа келбеті өңір имиджіне де, жолаушы мәдениетіне де әсер ететін нысанға айналды.

  1. Жайлы мектептер және білім инфрақұрылымы

Білім саласында кейінгі жылдары Қызылорда облысында жаңа мектептер құрылысы қарқын алды. Әсіресе, «Жайлы мектеп» және «Келешек мектептері» бағытындағы жобалар өңірдегі орын тапшылығын азайтуға, апатты және бейімделген ғимараттағы мектептердің мәселесін шешуге бағытталды.

Нәлібаевтың мектеп ашылуындағы сөзі осы бағыттың негізгі мәнін ашады.

– Жаңа мектептердің ашылуы – жай ғана ғимараттардың салынуы емес, бұл жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.  

Ресми мәліметтерге қарағанда, өңірде 6 900 орынға арналған 10 мектептің құрылысы басталып, бірнешеуі ел игілігіне берілген. Сонымен бірге Қызылорда қаласында жаңа «Келешек мектебі» ашылып, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты да пайдалануға берілді. Мұндай жобалардың маңызы тек жаңа ғимаратпен шектелмейді. Бұл – бала қауіпсіздігі, білім сапасы, ұстаз мәртебесі және ата-ананың сенімімен байланысты мәселе.  

  1. Денсаулық сақтау саласындағы жаңа нысандар

Әлеуметтік саясаттың ең сезімтал саласы – медицина. Қызылорда облысында кейінгі жылдары денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға басымдық берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 28 медициналық нысан салынды. Жалпы облыста 48,6 млрд теңгеге 43 медициналық нысан іске қосылғаны хабарланды.  

– Қан орталығы бүгінде жаңадан салынған нысанда халыққа қызмет көрсетуде, – деді Н.Нәлібаев.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқын алды. Шиелі ауданында жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты ашылды, Арал ауданында да осындай нысан салынатыны айтылды. Соңғы екі жылда 225 санитарлық автокөлік пен 45 жедел жәрдем көлігі алынып, елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына табысталды. Бұл ауылдағы ағайын үшін аса маңызды. Себебі сапалы медицина ең алдымен қолжетімді болуы керек.  

  1. Тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік қолдау

Қызылордада Нәлібаев кезеңінде баспана мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Соңғы үш жылда облыста қаржыландырудың барлық көзінен 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады. Барлық аудан орталықтарында жаңадан салынған 1500-ге жуық пәтер табысталған.  

Тұрғын үй тапсыру рәсімінде аймақ басшысы бұл жұмыстың әлеуметтік мәніне тоқталды.

– Бүгін – мемлекет қолдауымен баспаналы болған әр отбасы үшін ерекше қуанышты күн! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.  

Бұл жерде мәселе тек шаршы метрде емес. Әлеуметтік осал топтағы азаматтың, апатты үйде тұрған отбасының, жылдар бойы кезек күткен тұрғынның баспаналы болуы – өңірдегі әлеуметтік көңіл күйге тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан бұл бағыт Нәлібаев кезеңіндегі ең халықтық жобалардың бірі ретінде бағалануға лайық.

  1. Мәдениет пен руханият нысандары

Қызылордада соңғы жылдары мәдениет саласында да көзге көрінетін өзгеріс болды. Әдетте өңір дамуы жол, үй, мектеп, аурухана арқылы өлшенеді. Бірақ қоғамның ішкі сапасы мәдени кеңістіктен де байқалады. Бұл бағытта Сыр өңірінде «Руханият орталықтары», ауылдық клубтар, «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», тарихи-өлкетану музейі сияқты нысандар бой көтерді.

– Өңірде мәдениет саласында соңғы 3 жылда 21 мәдениет нысаны жаңадан бой көтерді, – деді Н.Нәлібаев.  

Мұнда тек ғимарат салу емес, мәдени ортаны жаңарту мақсаты көрінеді. Мың орындық «Өнер орталығы» шығармашылық кештер мен қоғамдық іс-шаралардың алаңына айналды. Жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді саналатын жыраулық дәстүр өкілдеріне арналған Жыраулар үйінің ашылуы да өңір руханияты үшін елеулі оқиға болды.  

  1. 11 мың орындық жаңа стадион

Спорт инфрақұрылымы бойынша Қызылорданың сол жағалауында 11 мың орындық жаңа стадионның ашылуы ерекше аталады. Бұл нысан тек футбол алаңы емес, облыстың спорттық және қоғамдық өміріне жаңа тыныс берген үлкен кешен ретінде қабылданды.

Стадион ашылған күні Нұрлыбек Нәлібаев оның мәнін былай жеткізді:

– Бүгін – Қазақстанның спорт тарихындағы айтулы күн, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.  

Жаңа стадион футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды. Нысан 11 мың көрерменге арналған, УЕФА-ның IV санатына сәйкестендірілген. Мұнда футбол алаңынан бөлек, бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика залдары да орналасқан. Мұндай кешен Қызылорданың спорттық имиджін көтеріп қана қоймай, жастардың бұқаралық спортқа бет бұруына да ықпал етеді.  

  1. Жол, көпір және көлік инфрақұрылымы

Қарапайым тұрғын үшін әкім жұмысының ең көрінетін тұсы – жол. Бұл бағытта Қызылорда облысында соңғы жылдары бірқатар ірі жоба жүзеге асты. Ресми мәлімет бойынша, 2022-2025 жылдары 1600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелін салуға және жөндеуге 150 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті.  

– Қызылорда қаласындағы 270 көше қайта жаңғыртылды, – деді Н.Нәлібаев.

Сонымен қатар, «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының облыс аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңғыртудан өтті. Арал қаласында аспалы көпір ашылды. Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпір де тұрғындар көптен күткен нысанның бірі болатын. Жол салу кейде көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ ол ауыл мен қаланы, нарық пен өндірісті, мектеп пен үйді, аурухана мен тұрғынды байланыстыратын өмірлік инфрақұрылым.  

  1. Бюджет өсімі, қаржы үнемі және меценаттарды жұмылдыру

Нәлібаев кезеңін бағалағанда бір ғана салынған нысандарды емес, басқару тәсілін де айту керек. Облыс бюджеті 2021 жылдан бері 246 пайыз өсіп, 851,3 млрд теңгеге жеткен. Даму бюджеті 47 млрд теңгеден 207 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға жүргізілген талдау нәтижесінде 108 млрд теңге үнемделгені хабарланды. Бұл қаражат аймақтың өзекті мәселелерін шешуге және жаңа инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған.  

Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте өңірлік жұмыстың бағытын былай түйіндеді:

– Президент тапсырмаларын жүйелі іске асырып, жұмыстарымызды әрі қарай жалғастырамыз, – деді Н.Нәлібаев.  

Тағы бір ерекшелік – бюджеттен тыс қаржы тарту. Ресми дерек бойынша, 2022 жылдан бері кәсіпкер-меценаттар аймақтағы жаңа жобаларға 55 млрд теңгеден астам қаржы салған. «Қазақстан халқына» қоры да Қызылорда облысында 10,1 млрд теңгенің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруда. Бұл басқаруда тек бюджетке қарап отырмай, демеуші, қор, инвестор, меценат ресурсын қоғамдық мақсатқа жұмылдыру тәжірибесінің қалыптасқанын көрсетеді.  

Қорытынды

Нұрлыбек Нәлібаевтың Қызылорда облысын басқарған жылдарын бір сөзбен сипаттау қиын. Бір жағынан, бұл кезеңде энергетика, жол, тұрғын үй, мектеп, медицина, мәдениет, спорт бағытында ірі нысандар салынды. Екінші жағынан, инвестиция тарту, бюджет өсімі, әлеуметтік нысандарға меценаттарды жұмылдыру сияқты басқарушылық әдістер байқалды.

Сыр өңірі бұл жылдары тоқтап тұрған жоқ, қозғалыста болды. Жаңа ЖЭО өңірдің энергетикалық болашағына, әуежай жаңа байланысқа, мектептер мен ауруханалар халықтың күнделікті өміріне, жолдар мен көпірлер аймақтың ішкі қатынасына, мәдениет және спорт нысандары қоғамдық ортаға әсер етті.

Әрине, алда шешілетін мәселе аз емес. Су тапшылығы, экология, ауылдағы табыс, өндірістегі тұрақты жұмыс орны, әлеуметтік теңдік секілді тақырыптар жаңа кезеңде де күн тәртібінен түспейді. Бірақ Нәлібаевтың Қызылордадағы кезеңі өңірдің инфрақұрылымдық келбетін жаңартқан, ірі жобалармен есте қалған уақыт ретінде бағаланары анық.

Ендігі маңызды мәселе – басталған жұмыстардың тоқтамауы. Әкім ауысқанымен, халық күткен нәтиже өзгермейді. Салынған нысан сапалы қызмет көрсетуі керек, басталған құрылыс аяқталуы керек, тартылған инвестиция нақты жұмыс орнына айналуы керек. Сонда ғана «Сыр елінен Үкіметке дейін» деген жол жеке қызметтік өсу ғана емес, тұтас өңірлік дамудың көрінісі ретінде қабылданады.

Коллаж: Halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: