Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қамбашта GLOCAL жобасы аясында ауқымды іс-шаралар өтті

28.04.2026, 17:40 66

HALYQLINE.KZ

Қамыстыбас ауылдық округінде «GLOCAL – Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жергіліктендіруін алға тарту жаһандық әрекет» жобасы аясында ауқымды іс-шаралар легі өтті, деп жазады Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Еуропалық Одақ делегациясының сапары барысында жергілікті бастамалар таныстырылып, ауылдық деңгейде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижелері көрсетілді. Сапар аясында делегация мүшелері Қамбаш аумағында болып, жоба қатысушыларымен кездесіп, олардың тәжірибелерімен танысты. Жиында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз сөйлеп, Қамыстыбас ауылында жүзеге асып жатқан жобалардың маңызын атап өтіп, халықаралық серіктестер мен белсенді тұрғындарға алғыс білдірді. Ал ауылдық округ әкімі атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, жобаның аралық нәтижелерін ұсынды. Сонымен қатар, қаржылық қолдау алған үш жергілікті ұйым өз бастамаларын таныстырып, GLOCAL жобасының мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.

Маңызды жаңалықтардың бірі – Қамыстыбас ауылдық округінде Қазақстандағы алғашқы ауылдық SDG Hub-тың ашылуы. Бұл алаң мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасындағы тиімді диалогты дамытып, бірлескен шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Хаб қызметі сапалы білім, гендерлік теңдік, таза су мен санитария, тұрақты елді мекендер, жауапты тұтыну және теңіз экожүйелерін сақтау бағыттарына негізделген. Бұл бастама жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, қоғамның белсенділігін арттыруға бағытталған.

Сапар барысында делегация «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауылды көгалдандыру жобасына қатысты. Экологиялық акция кезінде 500 түп ағаш отырғызылып, тамшылатып суару жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама ауылдың экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындарды табиғатты қорғауға жұмылдыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Қамбаш көлінің жағалауында экологиялық тазалық акциясы ұйымдастырылды. Аймақтың маңызды табиғи нысаны саналатын көл бүгінде антропогендік әсердің салдарынан ластану, су сапасының төмендеуі және балық қорының азаю қаупі сияқты мәселелерге тап болып отыр. Акцияның басты мақсаты – қоғам назарын экологиялық проблемаларға аудару және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру. Аталған іс-шараны «Жас кәсіпкерлер қоғамы» жастар ұйымы жүзеге асырды.

Жоба аясында қаржылық қолдау алушыларға арналған «Жобаны басқару және есептілік» тақырыбында оқыту семинары да өтті. Қатысушылар жобалық менеджмент, стратегиялық жоспарлау және есептілік жүргізу бойынша білімдерін жетілдіріп, өз ұйымдарының әлеуетін арттыруға мүмкіндік алды.

Жалпы, GLOCAL жобасы жергілікті бастамаларды қолдап, тұрғындарды белсенді тарту арқылы ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына серпін беруде. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі саналады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: