Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан ойын алаңдарын аралап, Р.Сабырбаев көшеcіне жүргізілетін ағымдағы жол жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жол сапасына ерекше мән беруді және салаға жауапты орынбасарына жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Биыл аудан орталығындағы С.Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж.Аймауытов, М.Шоқай, С.Сүлейменов сынды бірқатар көшенің асфальт қабатына ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Бұған дейін аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі спорт алаңдарының жағдайымен танысып, жаңа нысандар салу және тозығы жеткендерін жөндеу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Соған сәйкес, қазіргі уақытта кентте 2 жаңа спорт алаңын салу, тағы да 2 алаңға ағымдағы жөндеу жұмыстары басталуда.

Аудан басшысы жаңадан ашылған тұрғын үй аймақтарындағы А.Әсербаев пен Ж.Құдабаев көшелерінің қиылысында салынып жатқан жаңа спорт алаңын, Михайлюк көшесі бойындағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан спорт алаңын көрді. Жауапты мердігерлерге барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Жаңа ойын алаңдарын 1 маусымға дейін толық аяқтап, пайдалануға беру керектігін ескертті. Сонымен қатар жаңа спорт алаңдарын бейнебақылау камераларымен жабдықтап, түнгі жарықпен қамтамасыз ету жөнінде кент әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі Желтоқсан және В.Счастнов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында салынып жатқан қоғамдық әжетханалардың құрылысымен де танысты. Бұған дейін аталған үйлердің тұрғындары тарапынан тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу мен шатырын ауыстыру, қоқыс контейнерлерін қою, кәріз суын төгетін арнайы орындарды салу және қоғамдық әжетхана салу сынды мәселелер көтерілген болатын. Бүгінде тұрғындар көтерген мәселелер кезең-кезеңімен толықтай шешімін табуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!