Алматы облысының Іле ауданына қарасты Екпінді ауылында жеке тұрғын үйде газ жарылып, салдарынан 4 адам зардап шекті.
Оқиға 17 сәуір күні таңғы сағат 05:30 шамасында болған. Үй иелерінің болжамынша, жарылысқа ғимарат астынан шыққан газ себеп болуы мүмкін.
Үй иесі Самат Жайылхановтың айтуынша, жарылыс үй ішінде жарық қосылған сәтте болған. Сол кезде баспанада әйелі мен балалары болған.
Оның сөзінше, үйдің газ плитасында ақау болмаған. Ал жарылысқа маңайдағы жер асты газ құбырының тозуы әсер етуі мүмкін. Әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінде жер астынан газ шығып жатқан сәт көрінетіні айтылады. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Куәгерлер жарылыстың өте қатты болғанын, салдарынан алты бөлмелі үйдің әп-сәтте қирап қалғанын айтады. Олардың сөзінше, қазір оқиға орнына әкімдік өкілдері мен тиісті қызмет мамандары барып жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, бір отбасының 4 мүшесі зардап шеккен. Олардың бір бөлігі ауруханаға жатқызылған. Көршілерінің айтуынша, отбасында төрт бала бар, қазір анасы мен үш бала ауруханада жатыр. Жарылыстан кейін отбасы баспанасыз қалған.
Азаттықтың жазуынша, 18 сәуір күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінен ресми түсініктеме алу мүмкін болмаған. Жергілікті әкімдік те әзірге бұл оқиғаға қатысты пікір білдірмеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!