Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтің игілігіне арналған әлеуетті жоба

13.04.2026, 9:00 56

HALYQLINE.KZ

Аймақ басшысының тегеурінді тапсырмасы мен қолдауының нәтижесінде Қызылорда қаласын көркейту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы жылдары қалада парктер мен аллеялар жаңғырып, саялы орындардың қатары көбейді. Нысандарды күтіп-ұстау және санитарлық тазалығын сақтау іс-шаралары атқарылып, тал егу, ағаштарды баптау жүзеге асырылуда.

Ендігі жерде бастау алған ірі жобалардың бірі «Қызылжарма» каналын науамен жабдықтау болып отыр. Бұл бағытта канал аумағы абаттанып, тұрғындардың тыңғылықты тынығуы үшін саялы орын жасау жүзеге аспақ. Тағы бір тиімділігі – каналдың 9,5 шақырымы науамен қапталып, су ресурстарын тиімді пайдалану мен үнемдеудің көзіне айналады.

Кеше қала әкімі Нұржан Ахатов құрылыс басына барып, жұмыстың жайымен танысты.

«Бұл жоба аймақ басшысының тікелей бақылауында. Соған сай жобада көрсетілген жұмыстар өте сапалы әрі мерзімінде атқарылуы тиіс.

Өздеріңізге белгілі, каналдың стратегиялық маңызы жоғары. Біз осы канал арқылы суды үнемдеп, «КБИ», «Коммунизм», «Шанхай», «Гагарин» шағын аудандары мен «Қызылжарма» ауылдық округінің тұрғындарын сапалы аяқ сумен қамтамасыз ететін боламыз», — деді Нұржан Сәбитұлы.

Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қызылжарма» каналы 1957 жылдан бастап пайдаланылып келеді. Канал – ірі су айдындарының бірі. Оның ұзындығы 13 800 метрді құраса, ені 11 метр шамасында. Каналды ұзақ жылдар бойы пайдалану әсерінен науамен жабдықтау қажеттілігі туындап отыр.

Бұған дейін суару маусымында бұл канал арқылы шамамен 9,3 млн текше метр су жіберіліп келсе, жоба толық жүзеге асқанда су шығынын 50 пайызға қысқартуға мүмкіндік болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: