Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел өңірлерінде риелтор қызметінің құны әртүрлі

05.04.2026, 12:22 49

Қазақстанның әр өңірінде риелтор қызметінің бағасы біркелкі емес. Бұл нарықтағы жағдайға, тұрғындардың табыс деңгейіне, агенттіктің беделі мен маман тәжірибесіне байланысты қалыптасады. Kazinform жариялаған шолуға қарағанда, кей қалада бұл қызмет 200–300 мың теңгеден басталса, ірі нарықтарда 500–600 мың теңгеге дейін жетеді. Ал қымбат баспана сегментінде комиссия көбіне үй құнының пайызымен есептеледі. 

Астана қаласында пәтер сатып алу немесе сату кезіндегі риелтор ақысы, негізінен, 1–3 пайыз аралығында немесе 300–450 мың теңге көлемінде белгіленген. Қымбат тұрғын үйге келгенде бұл көрсеткіш 2–5 пайызға дейін көтерілуі мүмкін. Атырау, Алматы және Петропавл қалаларында да орташа баға шамамен 500 мың теңге немесе 1–5 пайыз шамасында. 

Ал Түркістан, Шымкент, Семей, Өскемен, Қостанай, Көкшетау, Тараз және Қарағанды қалаларында риелтор қызметінің орташа құны 300 мың теңге шамасында. Талдықорғанда баға 250 мың теңгеден басталса, Павлодарда ең төменгі құн 350 мың теңге деңгейінде. Оралда пәтер сатуға жәрдемдескені үшін риелторлар кемінде 200–300 мың теңге алады. 

Қызылордада да қызмет құны нысан бағасына қарай өзгеріп отырады. Құны 20 млн теңгеге дейінгі үйлерге шамамен 200 мың теңге алынады. Ал одан қымбат баспаналар бойынша сатып алушыдан 1 пайыз көлемінде комиссия ұсталады. 

Пәтер жалдау нарығында да айырмашылық бар. Көп жағдайда риелторлар бір айлық жалдау ақысының 50–100 пайызына дейін немесе 10–30 пайыз аралығында ақы сұрайды. Мәселен, Таразда бұл көрсеткіш 10 пайыз болса, Астанада 20 пайыздан басталады, Ақтауда 15 пайыз шамасында. Басқа қалалардың көбінде бір айлық жалдау ақысына тең төлем қалыптасқан. 

Сарапшылардың пайымынша, елде риелтор қызметінің бірыңғай тарифі жоқ. Сол себепті мәміле жасар алдында қызметтің нақты құнын, шарттарын және риелтор қандай жұмыс атқаратынын алдын ала анықтап алған жөн. Бұл артық шығынға жол бермеуге көмектеседі.  

Фото: kazinform.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: