Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақылы білімнің ақиқаты

19.02.2026, 8:20 43

Бүгінгі күннің білім жүйесі өткен жылдармен салыстыруға келмейтіні рас. Себебі, мүмкіндік мол, жауапкершілік әлдеқайда жоғары. Зерттеулерге сүйенсек, елімізде жекеменшік мектептер саны жыл санап өсіп келеді. Бүгінде республика көлемінде 700-ден астам ақылы мектеп жұмыс істейді, онда шамамен 250 мыңға жуық оқушы білім алады. Әсіресе еліміздің бас қалаларының бірі Астана мен Алматыда бұл сектор қарқынды дамып отыр. Сарапшылар мұны демографиялық өсіммен, ішкі көші-қонмен және ата-аналардың сапаға деген сұранысының артуымен байланыстырады.

Бір жағынан, бұл мемлекет үшін тиімді үрдіс болса, тиісінше, жекеменшік мектептер бюджетке түсетін салмақты азайтады, орын тапшылығы мәселесін жеңілдетеді, бәсекелестік арқылы білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Екінші жағынан, кәсіпкерлерге келсек, бұл – тұтыну кепілдігі бар, табысты, ұзақмерзімді  бизнес. Ал ата-аналар үшін ше? Неге ақылы мектептерге сұраныс күрт көбеюде? Әлде мемлекеттік мектептердің сапасы сын көтермей ме? Ақылы мектептердің танымалдығы мемлекеттік мектептердің әлсіздігін білдіре ме әлде ата-ананың өмір салты өзгерді ме? Ақылы білімнің ақиқатын зерделеп  көрелік.

Бүгінде  Қазақстанда  мектеп  тек  мемлекеттік  мекеме  деген  түсінік біртіндеп өзгеріп келеді. Соңғы онжылдықта жекеменшік, яғни ақылы мектептердің саны айтарлықтай артты. Ресми деректерге сүйенсек, 2013 жылы ел бойынша жүзден сәл ғана асатын жеке мектеп болса, қазір олардың саны мыңға таяды. Онда білім алатын оқушылар саны да бірнеше есе көбейіп, 20 мың шамасынан 240 мыңнан астам балаға дейін жеткен. Бұл кең көлемді статистикалық өсім емес және қоғамдағы сұраныстың айқын көрсеткі­ші  деуге  толық  негіз  бар.

Дегенмен, жалпы мектептердің құрылымында жеке білім беру ұйымдарының үлесі әлі де 10 па­йыз­ға жетер-жетпес деңгейде. Яғни негізгі салмақ бұрынғысынша мемлекеттік мектептерге түседі. Бірақ  динамикаға  қарасақ,  жеке  сектордың ықпалы жыл сайын артып келе жатқанын байқау қиын емес. Кейбір оқу жылында жекеменшік мектептерге қабылданған балалар санының өсімі бірнеше ондаған пайызды құрағаны айтылады. Бұл  ата-аналар­дың таңдау жасау мүмкіндігі кеңейгенін  және  білім беру  нарығында  бәсеке  қалыптаса бас­тағанын  аңғартады.

Мұндай үрдістің қалыптасуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Ең алдымен, урбанизация мен демографиялық өсім салдарынан ірі қалаларда мектептегі орын тапшылығы мәселесі туындады. Кейбір өңірде сыныптардың шамадан тыс толуы, амалдың жоқтығынан ата-аналарды балама нұсқа іздеуге итермелейді. Екіншіден, жеке мектептер өзін заманауи инфрақұрылыммен, шағын сыныптармен, күшейтілген тілдік бағдарламалармен және халық­аралық стандарттарға сай оқу жүйесімен жарнамалайды. Үшіншіден, белгілі бір деңгейде мемлекет тарапы­нан білім беру саласына жеке инвестиция тарту  тетіктері  де  қарастырылатыны  тағы  бар.

Сонымен қатар, жеке мектепке сұраныстың артуы ата-аналардың білімге деген көзқарасының өзгергенін аңғартады. Білім енді тек міндетті әлеу­меттік қызмет ретінде қаралмайды, болашаққа салына­тын инвестиция ретінде қарастырыла бастады. Әсіресе орта және жоғары табысты отбасылар баласының қауіпсіз ортада, заманауи жабдықталған мектепте, қосымша үйірмелер мен тілдік курстар арқылы  дамуын  қалайды.

Алайда, осы өсімге қарамастан, ақылы мектептер бүкіл  жүйені  түбегейлі өзгертіп жіберді деуге әлі ерте. Олар әзірге жалпы білім беру кеңістігінде аз үлесті иеленеді. Бірақ қарқын сақталса, алдағы жылдары  жеке  сектордың ықпалы күшеюі әбден мүмкін.  Бұл  өз кезегінде білім беру сапасына оң әсер ете ме, әлде әлеуметтік жіктелуді тереңдете ме – мәселенің  түйіні  осы  тұстан  басталады.

Қазақстанда мемлекеттік мектептер мен ақылы (жекеменшік) мектептер арасындағы айырмашылықты  түсіну үшін ең алды­мен олардың білім беру жүйесіндегі рөлін, функ­ция­сын және қаржыландыру ерекшелігін қарас­тыру  қажет.

Бұл жерде айырмашылық ең алдымен қаржыландыру көздерінде көрінеді. Атап айтқан­да, мемлекеттік мектептер толықтай немесе негізінен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады, яғни ұстаздар жалақы­сы, мектептің материалдық-техникалық базасы, оқу құралдары мемлекет қаражаты арқылы қамтамасыз етіледі. Ал ақылы мектептер өзінің жұмысын оқушыдан алынатын оқу ақысы, ата-аналардан түсетін жарналар және жеке инвестициялар арқылы жүзеге асырады, олар мемлекеттен тікелей қаржылай көмек алмай­ды немесе өте шектеулі түрде ғана алады. Сондықтан жекеменшік мектептер көптеген жағдайда  инфрақұрылым, жеке оқу жоспар­лары немесе  қосымша  опциялар сияқты негіз­дер  бойынша  ерекшеленеді.

Білім беру мазмұны мен стандарттары да осы екі тип мектеп арасында біраз айырмашылықты тудырады. Мемлекеттік мектептер Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі бекіткен оқу бағдарламасы мен мемлекеттік стандарттар бойынша білім бере­ді және оқушыларға білім тегін ұсынылады. Бұл стандарттар барлық мектеп үшін міндетті саналады, бірақ мемлекеттік мектептер нақты осы стандарттар аясында жұмыс істейді. Жекеменшік мектептердің өз бағдарламаларын енгізу мүмкіндігі жоғарырақ, олар кейде халықаралық стандарттар мен қосымша пәндер қосып, оқу жоспарын икемді түрде құра алады. Бұл олардың кейбір ата-ана үшін тартымды бәсеке  артықшылығына  айналады.

Сыныптағы жағдай мен ресурстар тұрғысынан да айырмашылықтар бар. Мемлекеттік мектептердің көпшілігі, әсіресе ауылдық жерлерде орналасқандарында, ресурстар тапшы­лығы, интернеттің төменгі жылдамдығы не­ме­се материалдық базаның жеткіліксіздігі сияқты  қиындықтар байқалуда. Мысалы, ауыл мектептерінің тек шамамен 39%-ында жоғары жылдамдықтағы интернет бар екені мәлім. Жекеменшік мектептер көбіне қала­ларда шоғырланған, заманауи инфрақұрылым мен жабдықтарға ие, сондай-ақ, кейбірі халықара­лық бағдарлама бойынша оқыту мүмкіндігін ұсынады, бұл олардың білім сапасын немесе ерекшелігін  арттырады  деп  бағаланады.

Қазақстанда мемлекеттік және жекеменшік мектептердің арасында балалар ағыны да қозғалыста. 2023-2024 оқу жылында шамамен 71 мың оқушы мемлекеттік мектептен жекеменшік мектепке ауысқан, бұл – ата-аналардың  таңдауының өзгеріп отырғанының белгісі. Сонымен қатар, көші-қон жекеменшік мектептердің үлесінің өсіп келе жатқанын көрсетеді,  бірақ әлі де олардың жалпы жүйе­дегі  орны салыстырмалы түрде төмен екені жасырын  емес.

Сонымен қатар, кейбір сарапшы атап өткен­дей, жеке мектептердің өсуі мен олар ұсынатын икемді оқу жоспарлары мен жоғары ресурстық мүмкіндіктердің арқасында кейбір ата-ана оларды «сапалы білімнің кепілі» ретінде қабылдайды. Алайда халықаралық салыс­тыруларда жекеменшік мектептердің үлесі басым елдерде де мемлекеттік мектептер білім сапасын теңдетуге бағытталған саясаттарды жүргізеді, сондықтан бизнес-құрылым ретінде жекеменшік мектептерді қарастыруға болмайды, дейді  мамандар.

Яғни  нарықтық  білім феномені Қазақ­станда әлі де салыстырмалы жаңа және даму­шы үрдіс болып саналады: мемлекеттік мектеп жүйесі кең көлемде тегін білім беруді қамтамасыз ете тұра, жекеменшік мектептер ата-аналарға қосымша таңдау мүмкіндігін береді, әртүрлі оқу бағыты мен инфрақұрылымдық артықшылықтар ұсынады. Бұл айырмашылықтар қоғамда білімнің қолжетімділігі мен сапасы туралы кең қоғамдық пікірталастар туғызады, онда мемлекеттік міндет пен жеке бастама арасындағы тепе-теңдік табу маңызды мәселе  болып  тұр.

Осы салыстыру тұрғысында «QAZBILIM» мектебінде тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқаратын Досхан Фаридонұлымен тілдескен едік.

– Мысалға мемлекеттік мектепте кейбір пән аптасына екі, үш рет, ары кетсе бес рет болуы мүмкін. Ал біздің мектепте, мәселен матема­тика пәні шамамен аптасына 10 рет оқытылады. 16 оқушымен түске де­йін бір сабақ, түстен кейін бір сабақ өткізу олқылықтармен жұмыс істеуге өте қолайлы. Осыны өз басым жеке әрі ақылы мектептердің артықшылығы дер едім. Мәселен, біздің мектепте тәлім алып, Назарбаев мектебіне, БИЛ-ға  түсіп  жатқан  оқушы  өте  көп, — дейді мұғалім  жеке  мектеп­тің  артықшылығын  алға  тартып.

Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар дегендей, сарапшы-мұғалімнің пікірімен шектеліп қалу­ға да болмас. Осы орайда қарапайым халықтың да аталған тақырып аясында пікірін тыңдауды  жөн  санадық.

– Мен өз баламды мемлекеттік мектепке бердім  және  бұған  еш  өкінбеймін.  Себебі  мектеп – ең алдымен баланы өмірге бейімдейтін орта, ал мемлекеттік мектепте түрлі әлеуметтік ортадан шыққан балалар бірге оқып, бір-бірімен араласып өседі. Бұл өмірдің өзі сияқ­ты шынайы орта деп ойлаймын. Мемлекеттік мектептерде де білікті, тәжірибелі ұстаздар жетерлік, олардың  еңбегі  кейде жеткілікті бағаланбай  жатады. Барлық жағдай бірдей мінсіз болмауы мүмкін, бірақ білім сапасы тек ғимаратпен немесе төлем­ақымен  өлшенбейді. Ең  бастысы – мұғалімнің ниеті мен баланың талпынысы. Сондықтан мемлекеттік мектептің беделін төмендетпей, керісінше қолдап, жағ­дайын жақсартуға күш  салу керек деп санаймын, — дейді  Балауса  есімді  ата-ана.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жекеменшік мектептер туралы пікір айта отырып, бұл мәселені жеке білім беру ұйымдарының ғана заңсыздығы немесе кемшілігі ретінде қарастыруға болмайтынын бірнеше рет атап өтті, бірақ барлығында да қаржыландыру мәселесінің жүйелік сипат алатынын және реттеуді қажет ететінін айқын көрсетті. Ондағы сынның мәні – жекеменшік мектептерге бөлінетін бюджет қаржыларының қазіргі тетігі әділ де тиімді жұмыс істемей жатқандығында, бұл кейбір ауданда білім беру жүйесіне негативті әсер етуі мүмкін деген ойда жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаржыландырудың критерийлері мен механизмдері қайта қаралып, заңсыз немесе негізсіз шығындарға жол бермеу қажет екені жоғары деңгейде айтылды. Бұл ретте жекеменшік мектептерді толығымен жап немесе жаманда деп қорытындылаудың орнына, олардың рөлін сақтау және жүйелік реформаларды  іске  асыру  маңызды  делінеді.

Президенттің пікірінше, «жан басына шақ­қандағы қаржыландыру» қағидаты бүгінде дұрыс жұмыс істемей жатыр, бұл білім беру саласында бұрмаланған тәртіптің қалыптасуына әкеп соғып отыр және бұл жағдай реформалау мен нақты ережелерді айқындауды талап етеді. Мемлекет жекеменшік мектептердің маңызын мойындаса да, сол маңызға сәйкес қатаң әрі транспарентті бақылау, қаржылық есеп беру және сапа стандарттары  болуы  қажет  деп  есептейді.

Сонымен қатар Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында жекеменшік мектептердің дамуын қолдау қажеттігін, сонымен бірге олардың лицен­зиялануы, қаржыландырылуы және сапалық бақылауы саласында ақаулар бар екендігін көрсетті. Бұл мәселелердің барлығы білім беру жүйесінің теңгерімді әрі тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Яғни Тоқаевтың сыны жекеменшік мектептердің өзіне ғана емес, білім беру жүйесінің қаржылық және институционалдық тетіктеріне бағытталған: жеке мектептерді дамытпаймыз деп нақты айтпайды, керісінше оларды тиімді реттеу, адал қаржыландыру мен сапа стандарттарын қамтамасыз ету арқылы білім берудің жалпы сапасын арттыру қажет екенін алға қойған. Бұл пікірді жеке мектептердің дауы мен Qazbilim проблемаларының контекстінде түсінсек, Мемлекет басшысы жағдайды тек жеке мектептердің жұмысында ғана емес, бюджеттік қаржыландыру моделін жетілдіру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін айқын­дау  қажеттігі  ретінде  бағалайды.

Шыны керек, жеке мектептің бәрін дерлік ақылы болғаны үшін мемлекетпен байланысы жоқ, тәуелсіз деп баға беру – әбестік. Себе­бі, жеке мектептердің көпшілігі мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істейді. Осыған байла­нысты жуырда QAZBILIM ұлттық мектептерімен  жанжал  болған-тұғын.

Qazbilim төңірегіндегі дауды жеке бір мектептің немесе бір кәсіпкердің мәселесі ретінде ғана қарауға болмайды. Бұл мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істейтін бүкіл жекеменшік білім беру жүйесінің осал тұсын ашып берген жағдай саналады. Бүгінде Қазақстанда 800-ден астам жеке мектеп бар, соның 744-інде 290 мыңнан аса оқушы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып отыр. Бұл – мемлекет үшін де, қоғам үшін де айтарлықтай салмақ. Өйткені дәл осы жекеменшік мектептердің арқасында үш ауысымды мектептер саны азайып, мемлекеттік  жүйеге  түсетін жүктеме жеңілдегені рас.

Алайда соңғы бір жарым жылда қаржыландырудың кешігуі бұл тепе-теңдікті шайқалтты. Qazbilim ұлттық лицейі желісінің иесі Аятжан Ахметжанның айтуынша, 2023 жылдың қара­шасынан бері төлемдер 10-15 күнге, кейін тіпті бір жарым айға дейін кешігіп отырған. Кейбір төлемдер толық жабылмаған, ал 2024 жылдың желтоқсаны бойынша қаражат мүлде аударылмағаны айтылды. Соның салдарынан ел бо­йынша шамамен 20 шақты жеке мектеп жабыл­ғаны туралы ақпарат тарады. Егер бұл үрдіс жалғасса, үш ауысымды мектептер саны қайта  артуы  мүмкін деген  қауіп  те  айтылды.

Мәжіліс депутаттары да мәселені ашық көтеріп, мемлекеттік тапсырыспен ғана жұмыс істейтін мектептердің банкроттық шегіне жеткенін мәлімдеді. Қаржы республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілгеннен кейін кей өңірлерде қаражат толық қарастырылмағаны, кемінде 80 млрд теңге жетіспейтіні туралы дерек айтылды. Бұл жай бухгалтерлік кешігумен шектелмейді, мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық төлемдер, салық және оқу проце­сінің  тұрақтылығы  кешікті  деген  сөз.

Ал министрлік пен Қаржы орталығы қарыз мәселесі бақылауда екенін, барлық берешек осы жылы өтелетінін хабарлады. Қаржылан­дыру тетігінің өзгеруі заңнамаға сай жүргізілгені, орта  білім беру жергілікті атқарушы орган­дардың құзырында екені түсіндірілді. Яғни бір тарап жүйенің іркілісін алға тартса, екінші   тарап  қаржы ағынын қайта құрылым­дау үдерісімен  байланыстырады.

Бұл  жағдайда «Кім жауапты?» деген сұрақ біржақты жауапты көтермейді.  Жекеменшік  мек­теп­тер мемлекеттік тапсырысқа сүйеніп жұмыс істесе, мемлекет те олардың тұрақты қызметіне мүдделі. Қаржыландырудағы жүйелік үйлесімсіздік салдарынан мектеп жабылса, оның зардабын тек кәсіпкер емес, оқушы мен ата-ана, тіпті мемлекеттік  мектеп  жүйесі де тартады. Сондықтан  мәселе – жеке бір желінің  айғайын­да емес, қаржы тетігінің айқын әрі үздіксіз жұмыс істеуінде. Білім  саласында сенім жоғалса, оны қалпына келтіру – ең қиын процесс. Ал білім жүйесі тәжірибе жасайтын алаң, сондай-ақ тұрақтылық пен жауапкершілікті талап ететін стратегиялық сала  екенін  естен  шығармаған  абзал.

Перизат  ЗАХРАДИН

Фото: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: