Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көп тіл білу – өз-өзіңе көп мүмкіндік жасау

20.01.2020, 9:17 6126

Сәті түскен сұхбат

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтін дана халықтан небір дарынды жастар шығып жатыр. Шоу-бизнестің дәурені жүріп тұрған соң, білім-ғылым саласындағы мықты мамандар еш еленбей қалып жатқанын мойындау керек. Ұлы Абайдың «Бір тіл білсең – бір адамсың» деген сөзін назарға алып, бүгінгі сәті түскен сұхбаттың салмағын өзіміз де іштей бағамдадық. Өйткені, жерлесіміз  Нұршат Әбу – жеті тілді жетік меңгерген жан. Кейіпкерімізбен әңгіме оқырмандардың көп тіл білу туралы көкжиегін кеңейтуге арналды.

Нұршат ӘБУ,

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

КӨП ТІЛ БІЛУ – ӨЗ-ӨЗІҢЕ КӨП МҮМКІНДІК ЖАСАУ

Кез келген нәрсені үйрену адамға қызық болуы тиіс

– Нұршат, әңгімені қазіргі атқаратын қызметіңнен бастасақ.

– Қазір Алматы мамандандырылған білім-инновация лицей-интернатында ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істеймін.

– Қанша тіл білесің және қалай үйрендің?

– 7 тіл білемін, 5 тілде еркін сөйлей аламын (қазақ, орыс, ағылшын, түрік, кәріс), 2 тіл ортаңғы деңгейде (француз, испан). Көп тіл білу – өз-өзіңе көп мүмкіндік жасау. Шетелден достар табу, олармен кез келген тақырыпта сөйлесіп, кеңес алу (қалай дегенмен, олардың өскен ортасы мен мәдениеті біздікінен басқа және кейбір жағдайларды, мәселелерді оңай шешу жолдарын біледі) ұнайды. Және ағылшын тілі – ғылым тілі, барлық ғылымға байланысты мақалалар, кітаптар ең көп ағылшын тілінде басылып шығады. Мен кейбір тілді кітаптардың түпнұсқасын оқу үшін немесе оқып жүріп үйрендім. Мен өзіме «көп тіл үйренемін» деп мақсат қоймадым, кәріс тілінен басқасы – мектепте және университетте мен оқуға міндетті пәндер, соларды уақытында оқып, мұғалімді тыңдап, үй жұмыстарын уақытында орындап жүргеннен жақсы үйрене алдым деп ойлаймын. Бірақ, көп тіл білудің қызық және маңызды екенін қазір байқап жүрмін.

– «Тілді кітаптың түпнұсқасын оқу үшін немесе оқып жүріп үйрендім» деп қалдың. Жалпы, тілді тағы қалай үйренуге болады?

– Мұғалім ретінде оқушылар кейде сөздерді білмей жатқанда басқа тілден енген сөз болса, қалай шыққанын түсіндіру арқылы үйретуге болады. Әр сөздің және тілдің өз тарихы бар, маған сөздердің этимологиясы өте қатты қызық, үйренгенде сөздің түбірін іздеп жаттаймын, барлық тілде сөздер солай құралады. Менің ұраным – «learning should be fun», яғни кез келген нәрсені үйрену адамға қызық болуы тиіс, ең азынан күлкілі немесе түрлі түсті. Басқа полиглоттардың тіл үйренгендерін оқып көргенде барлығы да үйренгісі келетін тілде видеолар және кинолар қарап және көптеген подкасттар тыңдап үйренген. Ең бірінші үйренудегі мақсатты айқындап алу керек. Кітап оқу үшін болса, кітап көп оқыған сайын ешқандай қиындықсыз және грамматикаға көп мән бермей-ақ үйреніп алуға болады. Ал сөйлесу, жұмысқа қабылдану үшін болса, үйренген сөзді сол кезден бастап күнделікті айтып, қайталау керек. Кейде акцент те маңызды, сол үшін адам өз-өзімен болса да, дауыстап сөйлесуі керек.

Бір тілді білу басқа тілдерді үйренуге жағдай жасайды

– Қазақ жастарының тіл үйренуге деген қызығушылығы мен қабілеті қандай?

Қазақ болып туғанның немесе Қазақстанда туылудың өзі – полиглоттар үшін үлкен бақыт, өйткені біздің тілімізде барлық дыбыстар бар және басқа тілді үйренгенде бірден дұрыстап сол тілдегі дәл «носитель языка» сияқты сөйлеп кету мүмкіндігіміз көп. Яғни, бұл – қазақ тілінің артықшылығы. Және Қазақстанда үштілділік мәселесі көтеріліп жатыр, барлық атақты адамдар, блогерлер де өздерінің өмірлері жайлы айтқанда ең болмаса 1 жаңа тіл оқығандымен бөлісіп жатады. Оларды көрген адамдар да жақсы мотивация алады. Қазақ тілі Түрік тілдерінің «бұтағы» болғаннан кейін, түрік тілін үйрену (өзбек, қырғыз, т.б.) бізге оңай. Орыс тілін білгенде славян тілдерін үйрену оңай дегендей. Бір тілді білу басқа тілдерді де тез үйренуге жағдай жасайды.

Енді сұраққа нақты жауап беретін болсам, мына ұлттыкі жоғары, ана ұлттыкі төмен деу – қателік. Ал, қазақ тілінің байлығы, құнарлығы өзге тілдерді үйренуге оңай жол ашады. Мен соны айтқым келеді.

– Көп тіл білу Нұршатқа не берді?

Көп тіл білуім көп жерде көмектесті дей аламын. Осы жолда мен түрік және кәріс тілдерін үйренуімнің арқасында екі дүниежүзілік іс-шараға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Біріншісі, 2013 жылы Түркияда Анкара маңында өткен Uluslarasi Türkce Olimpiyatlari – Халықаралық түрік тілі олимпиадасы және 2018 жылы Оңтүстік Корея мемлекетінің халықаралық білім үшін ұлттық институты және Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған Korean Government Invitation Program – Корея Үкіметінің шақыру бағдарламасы. Түркия мемлекетінде 140 мемлекеттен келген оқушылар арасында әртүрлі қабілеттер бойынша жарыстық, бірақ ол кезде өте тұйық болатынмын, сондықтан тек Қазақстаннан барған өз таныстарыммен ғана сөйлестім, шетелдік достарым болмады. Ал, Кореяда басқа елдің студенттерімен мәдени бағдарлама аясында көп уақыт өткіздік, өте жақсы араласып кеттік. Біз 24 елден 34 адам 10 күн бойы Корея университеттері ұйымдастырған бағдарлама бойынша керемет уақыт өткіздік, тіл, тарих және экономика жөнінен көптеген мағлұматтар алдық.

Достарыммен әлі күнге дейін араласамын, бір-бірімізді сағынамыз, болашақта тағы да солай 34 адам болып жиналамыз деген үмітіміз бар.

Көп тіл білгеннің бір кедергісі бар

– Демек, шетелге шығу енді басталады ғой…

– Әрине. Өзім саяхаттағанды жақсы көремін. 7 жылда 10 мемлекетті көре алдым. Барлығында ешқандай аудармашының көмегінсіз өзімнің тіл білімім арқылы әртүрлі ситуациядан шыға алдым. 8 мемлекетке бару жолын достарыммен бірге өзіміз құрастырдық. Билет алу, қонақүй іздеу, автобус, поезд, ұшақ билеті барлығын шетелдік сайт болса да, тілді біліп түсінгеніміз арқылы жасай алдық деп ойлаймын.

– Ал, тіл білудің қандай да бір жағдайда кедергі келтірген кезі болды ма?

Тіл білудің өзіме бір-ақ кедергісі болды. Көп тіл білгенмен, кейде сөздерді ұмытып қаламын немесе сөйлесіп тұрған адамым сөйлемейтін тілдегі сөз есіме түсетін. Сондықтан, өткен жылы енді жұмыс бастағанда коммуникация жағынан қиналдым (тілдерді және сөздерді шатастыра бергенім үшін). Бірақ қазір көп практиканың арқасында тілдерді араластырмауға тырысамын.

– Дұрыс екен. Тіл үйренушілерге сенен бір кеңес болса…

Кеңесім, «тілді біреу айтты немесе мына адам көп тіл біледі, мен де білуім керек» деп емес, «мен мына тілді осы нақты мақсатым үшін оқығым келеді» деп үйрену керек. Сол кезде мотивация ешқашан сөнбейді, үйрену үшін өзіңізге әрқашан шарттар ойлап жүресіз. Ал мақсатыңыз анық болмаса, жарты жолда тастап кетуіңіз әбден мүмкін. Бұл кеңес тек тілдерге қатысты емес.

– Көп-көп рақмет!

Сұхбаттасқан Рыскелді ЖАХМАН

Пікірлер:
  • Aйналайын Нұршат, сенің сонша тілді біліп,сол тілде сөйлеуің ол сенің еңбекқорлығыңның, өмірге деген қызығушылығыңның арқасы.Сендей 7 тілді меңгеріп, 5 тілде еркін сөйлей алатын, алдына мақсат қойып,сол мақсатқа жете алған , кішкентай Майлытоғай ауылынан шыққан Сен арқылы біздер мақтана аламыз. Алдағы уақытта да сенен көп үміт күтеміз.Еңбегіңе жеміс,деніңе саулық тілей отырып,алға қойған мақсаттарыңа жетеді деп сенемін және жете бер, биіктерді бағындыра бер демекпін.
    КӨП ТІЛ БІЛУ – ӨЗ-ӨЗІҢЕ КӨП МҮМКІНДІК ЖАСАУ.Қандай іс жасасаң да мүмкіндігің көп болсын.

    • Пікіріңізге рақмет! Расында, білімін ұлт үшін аямайтын ұрпақтан айналуымыз керек! Білімдегі көкжиегі кеңейе берсін!

Гулнар үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: