Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғани Назарбек: «Қызғалдақтар мұнаймен бірдей пайда әкелетін болады»

05.05.2020, 12:00 2112

HALYQLINE.KZ –| «Қызғалдақ – Қазақстанның жасыл алтыны» деген сөздің авторы, табиғат жанашыры Ғани Назарбекпен фейсбук желісінде доспыз. Көктем шығар-шықпастан қызғалдақ тақырыбындағы көптеген өзекті жазбалары парақшасында жариялана бастады. Табиғат-анаға деген жанашырлығы басым, жазылған ойы да өте салмақты екен. Айтары бар азаматты онлайн сұхбатқа шақырған едік. Біраз жайтқа қанық болдық.

Ғани Назарбек табиғат аясында

Қызғалдақ – туристерді тартудың таптырмас тәсілі

– Парақшаңызды қарап шықтым. Табиғатқа жанашырлығыңыз анық байқалады. Жалпы, қызметіңіз қандай?

– Жұмысым – Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде. Сонда туризм бөлімінің меңгерушісімін. Сырдария жағасындағы туризмді дамыту – негізгі мақсатымыз. Сол бойынша жұмыс істейміз.

– Табиғатты қорғайтын да, қорлайтын да – адам. Жалпы, адамдардың жаман жолды таңдап, соған жиі баруын немен байланыстырасыз?

– Иә, дұрыс айтасыз. Адамзат жаратылысынан жыртқыш ғой. Ол адамның қанында болады. Сонымен байланыстырған дұрыс шығар. Және де – сауатсыздық. Отанға деген, табиғатқа деген немқұрайдылық та бар. Кез келген адамның табиғатқа зиян келтіруі – отанына опасыздық жасағаны. Мен солай ойлаймын.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызға «10-15 жылда қызғалдақтар мұнаймен бірдей пайда әкеледі» деп жазыпсыз. Бұлай деуіңізге не түрткі болды?

Жалпы, уақыт өте келе әлемдегі көптеген құндылықтар өзгеруде. Солардың бірі жақын арада қызғалдақтар болады. Қазірдің өзінде жабайы қызғалдақтарға деген сұраныс басталды. Қазақ даласында қызғалдақтың 40-тан астам түрі өседі. Алдағы уақытта осы сұлулықты көруге әлемнің түкпір-түкпірінен 3 ай бойы туристер келетін күн туады. «Қазақстанның бренді – қызғалдақ» дейтін боламыз. Жаңа айтқанымдай, қызғалдақ туристерді тартудың таптырмас тәсілі саналады. Біз қызғалдақтардың ұрығын сыртқа шығармасақ, ол көп ұзамай қомақты ақшаға айналады. Бізде қызғалдақтардың ұрығын сату 3 кезеңде өтті. Алғашқысы XII-XIII ғасырларда болса, одан соң XVI-XVIII ғасырларда да саудаланды. XIX ғасырдың соңында орыс көпестері қазақ даласының қызғалдақтарын голландықтарға жаппай саудалады. Өте үлкен көлемде қазды, сатты. (!) Одан кейінгі кезеңдерді біз әлі білмейміз. Кеңес үкіметінің уақытында тоқтағаны анық. Тәуелсіздік алған соң да сатылып жатқан болуы керек. Өйткені, біздің базарларда ұрықтары ашықтан-ашық сатылуда. Егер осыған тоқтау салып, өзіміз мәдени қызғалдақтарды өсіре алсақ, теңдессіз жаңа түрін де шығарар едік. Ал, 20-30 жылдың ішінде қазіргі мәдени қызғалдақтар өзгеріске ұшырап, өтпейтін болады. Оларды жаңарту үшін табиғи қызғалдақтардың ұрығы қажет.

Қызғалдақты жұлғандарға қылмыстық жауапкершілік қаралған

– Өз байлығымызды қорғап қалу жолында не істеп жатырмыз? Заң бойынша қызғалдақтарды жұлғандарды қандай жаза күтіп тұр?

Әзірге бір ғана өңір емес, жалпы Қазақстан табиғатты қорғап қалу мақсатындағы үлкен қадамдарға енді аяқ басып жатыр. Соңғы шыққан заңдар оған куә. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі көптеген өзгерістер жасап бастады. Заңдарды күшейтуде.

Біздегі қызғалдақтардың басым бөлігі «Қызыл кітапқа» енген. Ол бойынша қылмыстық жауапкершілік (Қылмыстық Кодекстің 339-бабы) қаралған. Одан кейін әрбір қызғалдақты жұлғаны үшін белгіленген айыппұл нормасы бар. Яғни, табиғатқа төнген залалды өтейді.

«Табиғат – адамның тірегі, оны көре алатындар аз» деп те жазған екенсіз. Сондай-ақ, бір постыңызда қызғалдақты тамырынан жұлмау керектігін ескертіпсіз…

Рас. Табиғатсыз адам бір сәт те өмір сүре алмайды. Ауасыз бірнеше минут, сусыз бірнеше күн, тамақсыз тағы бірнеше күн дегендей ғана. Барлығы табиғаттан алынған нәрсе.

Қызғалдақты тек тамыр ғана емес, жалпы жұлған кезде тамырына қуат бармайды, яғни фотосинтез процесі жүрмегендіктен, тамыры шіріп кетеді немесе өспейді. Қызғалдақты жапырағынан жұлынса да, гүлінен жұлынса да өлді деп есептеуге болады. Адамдардың немқұрайдылығы – сауатсыздық. Білім жүйесінің әлі табиғатқа қарай бейімделмеуінен, ол туралы арнайы сабақтардың, арнайы түсіндірме жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен жұртшылық мұның қылмыс екенін білмейді.

Адам – табиғаттың қожайыны емес, бір бөлшегі

Қызғалдақтың атауы неге өзге тілде болатынына мән берген екенсіз. «Бұл – біздегі ғылым жүйесінің әлсіздігі» дейтіндей екен. Бұл туралы не айтасыз?

Қызғалдақ атауы ғылыми айналымға XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында енді. Сол уақытта Петербургтен келген ғылыми экспедициялар зерттеді. Олар өз атымен, ұстаздарының атымен атады. Солай айналымға енді. Бұл жерде ғылымның әлсіздігі бар. Тәуелсіздік жылдарының өзінде бірнеше қызғалдақтың түрі ашылды. Олар да неміс немесе голланд ғалымдарының атымен аталып жатыр. Біз қызғалдақтың жаңа түрін ашу былай тұрсын, ауламызда қандай өсімдік өсетінін, оның пайдасын не зиянын білмейміз. Өсімдік пен жануарларға келгенде біздегі ғылым өте әлсіз.

Жалпы, аң-құстарды ату, балық аулау, отын шабу, өсімдіктерді жұлу, дәрілік өсімдіктерді теру, т.б. секілді іс-әрекеттерді 2 түрлі жағдаймен байланыстыруға болады. Біріншісі, бұл – бай-батшалардың ермегі. Екіншісі – күнкөріс қамы.

– Экологтар төтенше жағдай, карантин секілді шектеулердің табиғатқа тигізген пайдасы зор деп санайды. Бұл туралы не айтасыз?

Кішкене пайда болды. Бірақ, бұл – уақытша дүние. Біз бәрібір экологиялық мәдениетімізді, сауаттылығымызды, сосын санамызды түземей тұрып, мұндай шектеулер табиғатты қалыпқа келтіруге үлкен деңгейде әсер ете алмайды. Әрбір адам осы табиғаттың қожайыны емес, бір бөлшегі екенін сезінуі керек. Сонда біз табиғатпен ата-бабаларымыз секілді достық байланыста өмір сүреміз.

Иә, рас төтенше жағдай, карантин уақытында табиғат адамдардан демалып жатыр. Бұрын адамдар табиғат аясында демалатын еді. Шектеу біткен соң барлығы қайта шығады. Сол уақытта ойланса, табиғатты сақтаса, оған барынша қамқорлық танытса дейміз.

– Барлығы білуі тиіс мәліметтермен бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Рыскелді ЖАХМАН

(Фотолар Ғани Назарбектің ФБ парақшасынан алынды.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: