Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ермахан Ыбрайымов: «Кәсіпқой мен әуесқой бокс – екеуі екі түрлі спорт»

02.11.2021, 10:45 368


 HALYQLINE.KZ Сербияда өтіп жатқан әлем біріншілігінде отандасымыз Асланбек Шынбергенов пен Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Шахрам Гиясов екеуі шаршы алаңда кездесіп, айқын басымдықпен жерлесіміз жеңіске жетті. Бірақ Шахрам өзінің Инстаграм парақшасында: «Мен жеңілген жоқпын, төрешілер жеңісімді бермеді», – деп мәлімдеді.

Бұл туралы Сидней олимпиадасының жеңімпазы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Ермахан Ыбырайымовқа хабарласып, қос боксшының қайсысы жеңгені туралы пікірін сұраған едік.

– Ермахан Сағиұлы, Асланбек пен Шахрамның жекпе-жегін көрдіңіз бе? Кім жеңді деп ойлайсыз?

– Мен төрешілердің шешімімен толық келісемін. Бұл жерде А.Шынбергенов таза жеңіп шықты. Бірінші және екінші раундта Гиясовты өте жақсы жеңді. Үшінші раундта екеуі тең түсті. Бірақ екі раундтың шешімімен Шынбергеновке жеңісті бере беруге болады. Бұл жерде ешқандай күмәнді әңгіме болмау керек. Енді әрқайсысы өз елінің боксшысын мақтайды ғой. Сондықтан бұл жолы да өзбектер өзінің боксшысын қолдап, жанкүйерлері айқайлап жатыр. Бірақ енді Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) шешімі бойынша Асланбек Шынбергенов жеңіп шықты деп санаймын.      
 

– Шахрам Гиясов кәсіпқойдан ауысып келді. Әуесқой жекпе-жекке төрт жылдай шықпады. Мүмкін, әуесқойға қайта үйрене алмаған шығар? Дайындығы нашар болды ма?

– Шынына келгенде, Шахрам Гиясовтың ең алғашқы рингке шыққандағы сәттерін байқадым ғой, кәсіби көзбен қараймын. Шыққаннан-ақ мен оның бұл жарысқа дайын емес екенін түсіндім. 71 кг салмақ Шахрам Гиясов үшін артықтау. Беті томпиған, шашын өсіріп алған. Палауға тойған сияқты. Ойымыз сондай. Өзбекстан мен Қазақстан бір-біріне жақын көрші, туысқан халықтар болғаннан кейін бір-біріміздің боксшыларымызды жақсы білеміз. Сондықтан Гиясовтың бұл жарысқа дайындығы өте нашар болғаны көрініп тұр. Жалпы, кәсіпқой боксшылардың әуесқой боксшылар арасына келіп бірден чемпион болып кетемін деген ойлары іске аса бермейді. Екеуі екі түрлі спорт. Біздің әуесқой бокста қысқа қашықтықта, үш раундтың ішінде бәрін көрсетуің керек. Ал кәсіпқой марафонда ұзақ қашықтыққа яғни алысқа шабу керек. Сондықтан бұл жерде осындай айырмашылықтар бар.      
 

– Асланбекке бапкерлер құрамасы жақсы тактика қойып берді. Бірақ жерлесіміз артық қимылдап ұрмайды. Күтіп қалады. Одан басқа қандай кемшілігі бар?

– Асланбектің кемшілігін туралы… Ол қазір осы чемпионатта өнер көрсетіп жатыр. Мен ешқандай кемшілігін көріп тұрғам жоқ. Тактикалық тұрғыда өте сауатты өнер көрсетіп жатыр. Алға ұстаған қолымен ұратын болды. Бұрын тек қана оң қолмен ұрушы еді. Тек қазір алға ұстаған қолмен, сол жақпен ұрып, өзінің қарсыластарын есеңгіретіп жатыр. Сондықтан Асланбекке лайк басып, сәттілік тілеп, чемпион болып келуін күтейік.

– Белградта жұдырықтасып жатқан қазақ боксшыларына айтар тілегіңіз?

– Сербияға он үш салмақ дәрежесінде боксшылар кетті. Міне, қазір мен «Qazsport» арнасынан боксты көріп отырмын. Өте мұқият қарап отырмын. Барлығын көрсетіп жатыр, Белгардқа арнайы барудың қажеті жоқ. Жігіттердің тілеуін тілеп, бата беріп, дұға жасап Алматыда жанкүйер болып отырмыз. Жігіттеріміздің аяқ алысы жақсы. Құрамада жастар бар. Осы командамен олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасы мықты нәтижеге қол жеткізеді деген сенім мол. Оларға сәттілік! Тек қана алға, Қазақстан! Алға, Қазақстан боксы! Алға, Қайрат Сәтжанов және Қазақстан құрама командасы! Алға, алға, алға!

Сұхбаттасқан – Айбек МҰХАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: