Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылдың басты оқиғалары

28.12.2023, 11:20 719

2023 жылдың күнтізбесі аяқталып келеді. Енді аз күннен соң 2024 жылдың жаңа парағы ашылады. Биыл елді елең еткізген, халық қызу талқы жасаған, елді қуандырған, мұңайтқан қандай маңызды оқиғалар болды? Кіммен қоштастық, кіммен достастық? Әттеген-ай деген тұсымыз қайсы? Жылдың басты оқиғаларына шолу жасалған топтаманы оқырман талқысына ұсынып отырмыз.

МӘЖІЛІС  САЙЛАУЫ

Биылғы жылдың елеулі оқиғалары қата­рына 2023 жылдың 19 наурызында Қазақ­станда өткен кезектен тыс Мәжіліс депутаттарының сайлауын жатқызамыз. Неге десеңіз, 2022 жылғы референдумда Қазақстан Конституциясына енгізілген өзге­рістерге сәйкес Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізім бойынша, 30%-ы бір мандатты округтерден сайлау туралы шешім қабылданған болатын. Бұл шешімді Қазақстан халқы шынайы демократияға бет бұру деп қабылдап, осы сайлаудан көп үміт күтті.

Мұнда «ескі Қазақстан» мен «жаңа Қазақстан» арасында қатты тартыс болды. «Ескі Қазақстанның» өз позициясын әлі де мығым ұстап отырғанын көрдік. Қатты өкініш болды, ашу да, шарасыздық та болды… «Ендеше мұның несі жаңалық?» деуге болатын шығар. Бірақ осы сайлау­дың нәтижесінде отыз жылдан астам авторитарлы билікпен үзбей жағаласып, халық үшін, ұлттық мүдде үшін күрескен бірнеше танымал азаматтың «Мәжіліс депутаты» атануы Қазақстанның жаңа тарихындағы «елеулі оқиға» екенін, сөйтіп, қаншама жыл «летаргиялық ұйқыға» кеткен Мәжіліс­те «тіршілік нышаны» пайда болғанын  мойындауымыз  керек…

ПРЕЗИДЕНТ  ЖОЛДАУЫ  һәм «ӘДІЛЕТТІ  ҚАЗАҚСТАН»  ҰҒЫМЫ

Биылғы жылдың тағы бір елеулі оқиғалары қатарына 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында аталған «Әділетті Қазақстан» ұғымының өмірге келуін жатқызар едік. Осының алдында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жаңа Қазақстан» «мемлекетті басқару принципі» ретінде қызмет етуге жарамсыз, оны «Әділетті Қазақстан» деп өзгерту арқылы ғана атқарушы биліктің алдына нақты талаптар қоюға болады деп сыни мақала жарияланған. Сондықтан біз Жолдауда айтылған «Әділетті Қазақстанды» жылы қабылдадық. Әрине, азамат ретінде «осыдан кейін Қазақстан билігі түгелімен әділеттеніп кетеді» деген жалаң ойдан аулақпыз.

Бірақ, біз үшін оның елеулі маңызы басқада: Тәуелсіздіктен кейін (мүмкін, «азаттыққа жеткеннен кейін» деген дұрыс па?) алғаш рет биліктің шыңынан айтылған «әділеттілік» сөзі бұйығып жатқан бұқаралық санада тербеліс туғызды. Осы сөзбен қанаттанған қара халық жер-жерде биліктен «әділеттілікті» талап етуді күшейтті. Ол жергілікті биліктегі бұрынғы ырықсыз кеткен коррупцияға, «өзім білем» деген өркөкіректікке, ымыраласқан сыбайлас­тыққа және басқа ұлттық мүддеге қарсы әрекеттерге шектеу қоя бастады, биліктің «нарцистік келбетін» өзгерте бастады… Сол арқылы Қазақстан халқы өзінің төл қасиеті – «әділеттілікті» мемлекет құрудың сара жолына (принципіне) айналдыру әрекетін бастауға мүмкіндік алды… Қазіргі «Ескі Қазақстанның» жанталасқан әрекетіне қарамастан, халық енді осы жолдан қайтпайтынына сенімдіміз. Ерте ме, кеш пе – халық дегеніне жетеді!

ТЕМІРТАУДАҒЫ  АПАТ.  МИТТАЛДЫҢ  ЕЛДЕН  КЕТІРІЛУІ

Үшінші елеулі оқиға қатарына Қазақ­стан экономикасынан бұрынғы билігіміз қолдан жасаған, «қарғайын десем жалғызымсың, қарғамайын десем жалмауызымсың» дейтіндей алпауыт Лакшми Миттал­дың «кетірілуін» айтар едік. Иә, ол өзі кеткен жоқ, ол кетірілді! Ең өкініштісі, ол жай кетпей, комбинатты басқарған жылдары 200-ден астам азаматымыздың өмірін жалмап кеткені болып отыр: екі жүз үзілген тағдыр, қаншама адамның қайғысы, орындалмаған армандар, өмірге келмей қалған сәбилер… Бұл орны толмас қайғы – «Екі көзден  мөлтілдеп  жас  келеді,  елім-ай»…

Сонда-дағы, мұны «елеулі оқиға» деп атауымыздың тағы бір елеулі себебі бар, ол – осы «Миттал кет!» оқиғасы өзге алпауыттарды Қазақстан жерінен «не кетері, не қалары» туралы қатты ойға жетелейтіні дер едім. Олар осыдан кейін «Қазақстан байлығын емін-еркін сора беруге болады» деген жымысқылықтан арылатын шығар деген ойдамыз. Арыла алмаса – өз обал­дары өздеріне!

ҚАЗАҚ  ТІЛІН  ҚОЛДАУҒА  ҚАРАЖАТ  БӨЛІНЕ  БАСТАДЫ

Төртінші елеулі оқиға деп жуырда ғана президенттің өзі бастамашы болып, «Халықаралық Қазақ тілі қоғамына» эндау­мент қорына деп жеті миллион теңге қаржы аударуын айтуға болады. Одан кейін қоғамға әртүрлі бизнес өкілі елу-жүз миллиондап ақша аудара бастады. Енді, осы қордан түсетін инвестициялық қаржы қазақ тілінің дамуына жұмсалатын болады. Мұның елеулі болатынының тағы бір себебі мынада: бұрын қазақ тілін дамыту үшін қоғам атына миллиардтаған ақша бөлінетін. Бірақ қоғам оның еш пайдасын көре алмайтын. Өйткені, ақша қолды болып, ешкім ол үшін жауапқа тартылмайтын. Ал, қазіргі эндаументтік жүйе бо­йынша қоғам қорына ай сайын белгілі бір пайыздық қаражат түседі. Бұл «Қазақ тілі» қоғамына тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді, әрі түскен қаржының мақсатты жұмсалуын күшейтеді.

СЫНҒА  ҰШЫРАҒАН  ӘКІМДЕР  САЙЛАУЫ

Бесінші елеулі оқиға – 7 қарашада Қазақ­станда алғаш рет өткен 42 аудан және 3 облыстық деңгейдегі әкімдерді сайлау. Иә, сайлауға көбіне-көп бұрынғы әкімдер қатысып, олар «көп қиналмай-ақ» жеңіске жеткенін жоққа шығармаймыз. Сондықтан бұл сайлау сынға ұшырады. Дегенмен, осы сайлауда  үміткерлер алғаш рет маңдай­лары терлеп, өздері  жауапты  өңірді  дамыту туралы жоспарлар жасауға, бағдарла­маларын халыққа көрсетуге мәжбүр болды. Енді, осы  бағдарламаларға  қарай отырып халық нақты талаптар қоя алады. Сөйтіп, халық алғаш рет өзін «басқару объектісі» деп  емес,  мемлекет  ісіне  араласушы  «субъект»  ретінде сезінуге үйрене бастады. Бұл демократиялық үрдістің бастамасы және әліппесі  болып табылады. Сол үшін де  бұл  сайлау  елеулі.

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАРЫ ҚАТАРЫНА:

* Атыраулық философ-жазушы Бекет Қарашин «Жылдың үздік жазушысы» атанды. Оның «ҚР Еңбегі сіңген қайраткері» атағын алуын жатқызамыз. Себебі, бізде бұрын өмір бойы әділетсіздікпен күресіп келген жазушыны құрметтеу дәстүрі жоқ болған. Енді – бар;

* Қонаев  қаласының  Құрметті азаматы Ізтілеу Тойшыбаев  Астана қаласында «ҚР Жыл адамы» номинациясына ие болды. Ел жаны сұлу адамын жақсы көреді. Биліктің те осыған бет бұрғаны – жақсы ырым;

* «Түркі әлемі Ұстасы» атағының иеге­рі, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, «Ағайынды үш темірші ұсталар» атымен Қазақстанға және әлемге танымал болған бауырлардың ортаншысы Мақмұт Құлментегі ұстаның осы айда ҚР «Құрмет» орденімен марпатталуы. Бұрын көп жағдайда ұсталардың еңбегін әртүрлі көрме не әкімдер пайдаланып келді. Көрме өткен соң, ұсталар әдеттегідей елеусіз қала беретін… Биыл Мақмұт ұста Астана қаласында өз туындыларын Франция президенті Эмануел Макронға көрсетті. Француздар оны қызыға тамашалады. Сондық­тан бұл – шеберге лайықты марапат. Құттықтаймыз!

СЕМЕЙДЕГІ  ОРМАН  ӨРТІ

2023 жылдың аса қайғылы оқиғасы ретінде 8 маусым күні Семей орман резерва­тынан шыққан өртті атап өтеміз. Өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің салдарынан өрт екі сағаттың ішінде 200 гектар аумақты шарпыды. Орман өрті Успен, Поднебесное, Барышевка ауылдарына қауіп төндірді. Тұрғындар жедел эвакуацияланды. Барлығы  316  адам  көшірілді.

Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысындағы орман өртін сөндірумен айналысып жатқан 14 маманмен 9 маусым күні байланыс үзіліп, оларды іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Санаулы сағаттан соң Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапқаны туралы суық хабар жетті. 10 маусым күні кешке қарай Төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінен қайтыс болғандардың саны 14-ке жеткенін хабарлады.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесіп, 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді. Апатпен алысып мерт болған ерлердің рухы көкте шалқысын! Қазақ «Оттан сақ бол, судан сақ бол!» деп бекер айтпаған ғой…

ҚАРАҒАНДЫ  ШАХТАСЫНДАҒЫ  АПАТ

2023 жылдың аса қайғылы оқиғасы ретінде Қарағанды қала­сындағы Костенко атындағы шахтадағы болған жарылысты атап өту керек. Оның  салдарынан  46  шахтер  қаза тауып, осыған байланыс­ты Қазақстан Республикасы президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен 29 қазанда «жалпыұлттық аза тұту күні» жарияланды. Бұл оқиғаны жыл соңында еске алып, атап өту – барлық қазақстандықтың пары­зы  деп  санаймыз.

Оқиғаны еске салайық: 28 қазан күні түнгі сағат 2:33-те Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте лава жана бастаған. Соңы алапат жарылысқа ұласты. Жарылыс толқыны екі шақырымға дейін білінді. Өкінішке қарай, жер астында болған 252 адамның тек 208-ін ғана құт­қару мүмкін болды… Қайғылы отбасыларға редакция атынан көңіл  айтамыз.

ЗАҢСЫЗ  ИЕМДЕЛГЕН  АКТИВТЕРДІ   МЕМЛЕКЕТКЕ  ҚАЙТАРУ

12 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Заң қалай жұмыс істейді? Кімдерге қолданылады? Мұны білу өте маңызды. Себебі, Қазақстан активтерінің көп бөлігі әділетсіз әрі күмәнді жолдармен жеке азаматтардың иелігіне өтіп кеткенін қоғам көріп отыр. Сондықтан осы мәселе бойынша әділеттілікті қалпына келтіру аса маңызды. Мұндағы «қайтару шаралары» сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билікпен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен бірге, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілер мен мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері бұдан тысқары қала алмайды. Заң күшіне енгеннен бастап, ең алдымен шетелде иелігінде 100 млн доллар шамасында активі барлар тексеріле бас­тайды. Бұл заң қоғамның әлеуметтік және адамгершілік әділетті­лікке қатысты туындаған жаппай сұрағына жауап беруімен маңызды. Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі еліміздегі 162 адамның ең бай адамдар санатында екенін, әрі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын иеленетінін атап өткен еді. Мұны мемлекет тұрақтылығы тұрғысынан «қалыпты жағдай» деу­ге болмайды. Сол үшін де бұл заңның қабылдануын биылғы жылдың  «ерекше оқиғасы» деуге болады деп ойлаймыз.

ҚАЙРАТ  БОРАНБАЕВ  ІСІ

2023 жылдың елеулі оқиғалары қатарында тұңғыш президент Н.Назарбаевтың отбасына қатысты мәселелер де қоғамда ерекше назарға ие болып тұр. Соның бірі – президенттің қызы Дариғаның құдасы Қайрат Боранбаев туралы айтылатын әңгімелер. Бұған таң қалуға болмас, себебі, елге танымал тұлғалардың өмірі қоғам тарапынан үнемі бақылауда болады. Сондықтан, биыл «Боранбаев ісі» қазақстандықтардың құлағын көп шулатты. Қ.Боранбаев кім еді? Ол туралы Азаттық радиосы 2016 жылы: «Нұрсұлтан Назарбаевқа туыстығы бар Қайрат Боранбаевтың бизнесі Қазақстанның жоғары элитасы үшін «қадірі кеткен» мұнайдан бастап фармацевтика, фитнес-­клубтар мен фастфуд мейрамханаларына дейінгі қилы саланы қамтиды. 2013 жылдың ортасына дейін жұрт топ-бизнесмен Қайрат Боранбаевтың есімін көп естімейтін. Боранбаевтың аты қызы Әлима мен Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан үйленген соң ғана әйгілі бола бастады. Ықпалы артты. Мысалы, Алматыдағы тарихи ғимарат саналатын «Алатау» кинотеатрын бұзып, орнына сүреңсіз McDonald’s мейрамханасын салу да екінің бірінің қолынан келе бермес  еді»  деп  жазыпты…

Наурыз айында Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырыл­ды. Боранбаевтың сенімді өкілі Роман Наханов, сондай-ақ «QazaqGaz ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынба­сары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Бірақ, қазір жағдай басқа сипат­қа ауысты. Астанада Қайрат Боранбаевтың апелляциясы бо­йынша сот процесі өтті. Тұңғыш президенттің бұрынғы құдасы, олигарх  Боранбаев  өз  кінәсін мойындап, залалды өтеуге ниетті деген хабар  шықты.  Нәтижесінде  Қайрат  Боранбаев  шамамен 1,5 млрд  доллардың  активтерін  мемлекетке  қайтаратын  болыпты. Көп ұзамай, 6 қараша күні Боранбаевтың қамау мекемесінен шыққаны белгілі болды. Ол енді пробация бақылауында болады. Міне, бұл өзінің мазмұны жағынан әйгілі Аль Капонеге сай сюжет десе болатындай-ақ оқиға емес пе? Сондықтан мұның да биылғы жылдың елеулі оқиғасы екеніне күмән жоқ. Әрине, жеке өз басым оның бостандыққа шығуына қарсы емеспін. Бірақ Қайрат мырза студенттік жастық шағымыз өткен «Алатау» кинотеатрын қайтарып бере ала ма? Ол да бір Алматы «Нотр-Дамы» еді ғой… Міне, мәселе қайда  жатыр…

БОЛАТ  НАЗАРБАЕВТЫҢ  ҚАЗАСЫ

2023 жылы 13 қараша күні Н.Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев өмірден өтті. Өкінішке қарай, қазақтың ежелден келе жатқан өлген адамның артынан сөз қаулатуды, ол туралы жаман сөз айтуды дұрыс санамайтын дәстүріне қарамастан, Болат Әбішұлының қазасы қоғамда белсенді талқыланды. Қоғам оны «елеулі оқиға» ретінде қабылдады. Негізі, әйгілі адамдардың өліміне қатысты осындай жағдай болатыны анық. Мысалы, кезінде «ағылшын принцессасы Диананың өлімі» немесе «әйгілі футболист Марадонаның қайтыс болуы» сияқты «тақырыптар» бүкіл әлемге әңгіме болған жоқ па? Болат Назарбаевтың қазасы да сол жағдайға тап болды… Мұның өзі бір­неше астарлы бағытта болды: Біреулер ол кісінің шапағатын молы­нан көрді, мейіріміне бөленді… Соның арқасында біраз жетістікке жетті, қызметін өсірді, байлығын еселеді… Бірақ сол «біреулердің» көбі өздері көрген жақсылықтарын айтуға жарамады, өздерінің Болатпен қатынасын қоғамнан бүгіп қалуға тырысты… Біраз уақыт өтсе де, ол «біреулер» әлі үнсіз жатыр… Ал, енді, оған қарама-қарсы бағытта сөйлегендер Болаттың бар байлығын түгендеп, оның қанша қатын алғанын санап, қанша баласы қалғанын есептеп және т.т. «қылықтарын» еске алып, сол арқылы өздерінің «әділетсіздікпен және қарау­лықпен жиылған байлыққа» деген, «қыз соңынан шам алып түсер зиналыққа» деген наразылықтарын білдіріп жатты… Содан-ақ, қоғамның авторитарлық һәм әділетсіз жүйеден құй ол билікте болсын, құй ол байлықта болсын  әбден шаршағаны көрініп қалды. Ал, өкінішке қарай, Болат марқұм «ағасы бардың жағасы бар» дегендей, тынысын кеңінен алып, өзіне «тиесілі» Алматы мен Алматы облысында «өз империясын» құрғанда   еш талғам таңдамап еді… Міне, сол талғамсыздық қазамен бірге алдыдан шықты… Осы тұрғыда Болат Назарбаевтың қазасы да қоғамға ой салған, «не жақсы, не жаман» деген сұрақ тудырған елеулі оқиға қатарына енді десек болады.

НАЗАРБАЕВТЫҢ  СОҢҒЫ  ШЫҚҚАН  КІТАБЫ

Осы жылдың елеулі оқиғасы қатарына Н.Назарбаевтың соңғы шыққан кітабын жатқызар едім. Интернетті қарасақ, «Егемен Қазақ­стан» кітаптың атын «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» деп беріпті. Бірақ, дәл осы сөздерді қолданғанда, қазақ тілі емлесінің ережесіне сай кітап аты «Менің өмірім: бодандықтан –  бостандыққа» деп аталуы дұрыс болар ма еді деген ой туады… Әрине, бұл кітапты көп адам әлі оқыған жоқ болар. Бірақ қоғамдық пікірде қилы-қилы ойлар айтылып жатыр: соның ішінде оқығандардың: «оқымай-ақ қойсам болады екен», ал, оқымағандардың: «оқымай-ақ білем» деген қызық ойлары кездесіп қалуда… Кітапты шетелдік сарапшылар да талқылаған екен. «Орда кз» «Кітаптың жазылу мақсаты не?» деген сұрақ қойыпты. Сонда бір шетелдік «Кітаптың бір мақсаты Н.Назарбаев өзінің екінші әйелі бар екенін «ресми» мойындау арқылы, одан туған ұлдарын қоғамдық пікір талқысы аумағынан алып шығу және оларды өз мұрагері ретінде легитимділігін қамтамасыз ету болған» деген ой айтыпты. Иә, өте салиқалы пікір – кез келген әкенің балаға деген тән адами қасиет бұл. Дегенмен, кітапта кей жерлер «бұрынғы әуен сол әуен» дегендей әсер туғызады… Онда еліміздің орасан пайда көзі болып келген қазба кен орындары мен ірі өндіріс ошақтарының қалайша және не себептен арғы тегі күмәнді «инвесторларға» өтіп кеткені жөніндегі шындық ашылмаған сыңайлы… Мәселен, соның бірі – бүгін мемлекет меншігіне қайта оралған Қармет комбинаты. Бұл комбинат та Л.Миттал деген үнділікке барып, отыз жылдай оған қызмет етіп, оны әбден байытып, «өз еліне» қайтып келді емес пе? Не дейміз бұған: «Қайтқан малда береке бар» дейміз де… Міне, осы сұрақтар және одан өзге сұрақтар біздің алдымыздан әлі де көптеп шығады. Ендеше, Н.Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» кітабы да көп уақыт бойы «елеулі оқиға» қатарында қала  берері  анық…

…Міне, жылдың он екі айдан, мүшелдердің он екі жылдан құралатыны сияқты, біздің де «жылдың он екі елеулі оқиғасы» деп аталатын сараптамамыз осымен аяқталды. Әрине, қаншама аталмай қалған оқиғалар бар болар… Бірақ оны басылым оқырмандары өздері сараптай жатар деген ойдамыз. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!

Оқиғалар  тізбегін  құрған

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: