Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖАҢАРУ мен ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН

17.03.2022, 12:10 1163

Кеше  ғана  Қазақстан Респуб­ли­касының   президенті  Қасым-Жома­рт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа жолдауын  жариялады. Мемлекет басшысы сөзінде бір­қатар өзгерісті атап өтті. Әрине, ел-жұрттың арасында президенттің саяси реформасын қолдағандар, өзгеріс­терге  қуанғандар  аз болмады.  Десе  де, ел  тұрғында­ры үшін халықтың жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесі, баға тұрақтылығы, зейнет жасын  азайту,  т.с.с. мәселелер  бірінші орында тұрғаны анық. Сондықтан, «осы тақырыптар сөз бола ма екен?» деп күткені де рас. Дей тұрғанымен, бұл саяси бағыттағы жолдау екендігі  алдын  ала  айтылған  болатын.

48 БАҚ-тың 150-ден астам өкілі ақпарат таратқан Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президенттің айтқан айрықша сөздерін, ойларын, ұсыныстарын бір шолып  өткенді  жөн  санадық.

«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ау­қымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Біз өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жа­ғымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз»  деп  бастады сөзін Қасы­м-Жомарт  Кемелұлы.

– Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап  қалдық.

Мен  қашанда  бәрін ашық  айтып  жүрмін.  Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халық­қа арнап бірнеше үндеу жасадым, – деді Қасы­м-Жомарт  Тоқаев.

Иә, ел президентінің «Қаңтар оқиғасына» байланысты қазақ және орыс тілдерінде рес­публикалық телеарналарға берген сұхбатын да тыңдаған едік. «Мемлекеттің мүддесін бәрінен биік қоямын» деген сөзі де әсерлі шықты. Мұны президент  мына  сөзімен  дәлелдегендей.

– Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуы тиіс. Сондықтан президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым енгізілетін болады.

Мұны тарқатып, таратып жазудың қажеті жоқ шығар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттағы президенттік квотаны қысқартуды ұйғарды. Бұл мәселе ел арасында көптен бері айты­лып  жүрген  еді.

– Сенаттағы президенттік квотаны бақылау құралы ретінде емес, Парламентте әлсіз ұсынылған әлеуметтік топтардың дауыстары мен пікірлерін  ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Сондықтан Сенаттағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарту туралы шешім қабылдадым, – деді ол Парламент  палаталарының  бірлескен  отырысында.

Президент Парламенттің төменгі палатасы кез келген адамға жасанды преференциялар бермей, елдің  бүкіл электоралдық ландшафтын көрсетуі  керек  екенін  айтты.

«Осылайша, Біз Мәжілістегі ҚХА квотасын алып тастаймыз, бұл, менің ойымша, саяси және заңды тұрғыдан да дұрыс. Бұл квота Сенатқа ауыстырылады және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқартылады. Тиісінше, Мәжілістегі депутаттық орындардың жалпы саны азаяды», – деді ол.

Шыны керек, бүгінде сайлауды керек қылмайтын адамдар көбейді. Өзінің даусы маңызды екеніне халық сенбейді. Мұны ел президенті мойындады. Енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады.

«Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ, сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тари­хы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын» деген мемлекет басшысы партияларды  тіркеу  рәсімдері  жеңілдейтінін  де  айтты.

– Партияларды тіркеу рәсімдері айтарлықтай жеңілдейді. Тіркеу шегін төрт есе 20-дан 5 мың адамға дейін төмендету керек. Өңірлік өкілдіктердің ең төменгі шегі үш есеге 600-ден 200 адамға дейін азаяды. Партия құру үшін бастамашыл азамат­тар 1000-нан 700 адамға дейін, яғни үштен бірге  қысқарады, – деді  ол.

Мұнан соң партия құруға талаптанатындардың қатары арта түседі, тіркей алмай жүргендеріне де жағдай жасалмақ. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанның» мағынасына  ерекше  тоқталды.

– Ішкі-сыртқы қатерлерді ескеруіміз керек. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен  тағылым  алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда ең алдымен жұрты­мызға ауызбіршілік керек, ақыл мен сабыр, па­расат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият сара­лап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалай да жетеді. Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақ­стан құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымыз­ға  сенеміз, – деді  ол.

Президент Қазақстанда Конституциялық сот пен  ұлттық  құрылтай  құруды  да  ұсынды.

– Мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды  қадам  болады  деп  сенемін.

…Біз бірліктің бастауы болған дала демок­ратиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Ұлттық  қоғамдық  сенім кеңесі өз міндетін табыс­ты  атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды ұлттық құрылтай құруды ұсынамын, – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, жаңа құрылым ұлттық кеңестің қызметін орталық деңгейде жалғас­тыратын болады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалып­тастырады. Сөйтіп билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құрамында барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясы, азаматтық альянс, қоғамдық кеңес пен ұйымдардың мүшелері, белгілі мем­лекет  қайраткерлері  кірмек.

Президент саяси партияның мүшесі болмау керек. Әкімдер партия филиалдарын басқар­майды. Бұл да – жолдаудағы ерекше жаңалықтың  бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәслихат төрағасы лауазымын  енгізу  туралы  айтты.

– Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп  санаймын, – деді.

«Мен Президенттің өкілеттік кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамалық түрде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді», – деді  Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әкімдердің партия филиалдарын басқаруды тоқтату керектігін  айтты.

– Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия  филиалдарында  қызмет атқаруға  заң  жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполярлы партиялық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді. «Қасіретті қаңтардың» маңызды сабағы – мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолындағы өкілеттіктердің шоғырлануы оған жақын адамдар мен қаржы-олигархия­лық топтардың әсерін негізсіз күшейтеді. Олар мемлекетті жекеменшік ретінде қабылдайды, – деді  Президент.

Мемлекет басшысы жолдауда БАҚ өкілдеріне қатысты да ойын айта кетті. Ол осы күнгі журналис­тер бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек деп есептейді. отандық БАҚ-тың қоғам сұранысына сай жұмыс істегені жөн деп санайды.

– Азаптаулармен байланысты қылмыстарды тергеп-тексеруге жүйелі тәсілдеме керек. Қазіргі уақытта бұл бағытқа жауап беретін нақты бір орган жоқ. Бұл тәжірибе белгілі бір сын-қатер туды­руы мүмкін. Сондықтан бұл функцияларды Бас прокуратураға міндеттеуді ұсынамын. Бұл тәсіл тергеудегі ашықтық пен бейтараптықты қамтамасыз етеді, құқық қорғау саласындағы бассыздық үшін жазаның бар  екенін  көрсетеді, – деді  Қ.Тоқаев.

Әлеуметтік желі қолданушылары президент жолдауындағы жаңадан облыс құру жайлы бастам­асын көп талқылап, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты. Арасында «Петропавл, Павлодар қалаларының атын ауыстыру қажеттігі маңызды еді ғой» дегендер болды. «Алашорда, Торғай облыс­тары құрылғанда…» деп армандағандар да жоқ  емес.  Сонымен, Қазақстанда Абай,  Ұлытау, Жетісу деп  аталатын облыстар құрылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағай қаласына Д.Қонаевтың  атын  беруге ұсыныстар болса  қарсы емес  екенін  айтты.

– Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін. Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қалай болатыны толғандырады, – деп қорытындылады  сөзін  мемлекет  басшысы.

Алдағы уақытта қазақстандықтар «жолдауды қолдаймын» деп, ақжағалылар жолдаудың маңызын айтып, мақтай бермей, іс жүзінде жұмыс істесе екен дейміз. Шынын айтқанда жолдауда естір құлаққа есті сөз айтылды. Ал, біз жоғарыда айтқан халықтың әл-ауқатын көтеру, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту секілді мәселелерге билік өкілдері көп көңіл бөлетін күн алыс емес секілді. Өйткені, «Жаңа Қазақстанды» басқаша елестету мүмкін емес.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: