Өткен аптада Жаңақорғанға жол түсті. Баспасөз туры аясында аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болып, бірсыпырасын қағаз бетіне түсіруді жөн көрдік. Біз барған барлық нысанның өзіндік ерекшелігі бар және олар сонысымен құнды. Қарт Қаратаудың баурайындағы бір күн бізге де біраз нәрсені ұғындырды. «Қаратаудың тасын түртсең, тарихқа кезігесің» дегендей, қойнауы құт мекендегі көрген-білгеніміз мынау болды.
«БҰЛ СУДЫ ӘКІМ ІШЕ МЕ?»
Жаңақорған ауданының Кейден ауылдық округіне қарасты Кауық деген елді мекен бар. Ондағы 7 шаңырақта 34 адам мекен етеді. Осы күнге дейін мұнда ауызсу мәселесі шешілмеген. Себебі де бар. Айтпақшы, сөздің реті бұл жерге келе ме, келмей ме білмеймін, бірақ бұл ауыл – жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов туған жер. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигінің кіндік қаны тамған аядай ғана ауыл үшін жақсы жаңалық та бар. Ол туралы кеңінен жазамыз. Әуелі 5-6 жылға артқа шегініс жасайық.
«2015 жылы алғаш рет Кауыққа келдім. Ауыл тұрғыны Гүлдана өзінің өкпе-ренішін білдіріп: «Әкімдер келеді, кетеді. Осы жерде қалатын, қиналатын біз. Сіздерге бір көріп кеткен ғана парыз шығар. Мына суымыз жарамсыз. Құдықтан ішіп отырмыз. Оны әкім іше ме?», – деді.
– Неге мен ішпеймін, сізден артық емеспін. Кәне, жүріңіз, шайды бірге ішейік, – дедім мен. Гүлдана таңдана қарап қалды» деп жалғады Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов өткен күнді еске алып.
Арада бір жылға жуық уақыт өтті. Қауыққа қарасатын адам табылған-ау. Аққұм ауылына қатынап оқитын оқушыларға арнайы «УАЗ» автокөлігі алынып, су тасымалы үшін көлік берілді.
Сонымен, биыл Қауыққа ауызсу келеді. Биыл дейміз-ау, бір аптадан аса уақытта. Әкімнің ұсынысын «СКЗ-U» ЖШС қолдауының нәтижесінде елді мекен тұрғындары ауызсуды тасып ішу азабынан арылмақ.
Осыған дейін еліміздегі шалғай елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз етеміз деген оймен қаншама бағдарламалар қабылданды. Осы жерде «Қауық неге қалып қойды?» деген заңды сұрақ туындайды. Себебі, бұл ауылда «елді мекен» деген статус жоқ. Бюджеттен қаржы бөлу заңдылыққа сәйкес келмейді. Сондықтан, демеушілердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. «Біз бірнеше тұрғыны бар ауыл үшін де жауаптымыз» дейді аудан басшысы. Бұл сөзден не ұғуға болады?
Қауықтықтардың қуанышында шек жоқ. Олар бұл күнді тарихи күнге балап отыр.
– Біз Руслан Рүстемұлы әкім болып келгенше ұмыт қалған ел едік. Жол, тасымалды дереу шешті. Былтыр екінші мәрте ауданға әкім болғанда қуанбаған қауықтық тұрғын жоқ шығар. Міне, сол қуаныштың кәделі сыбағасы ауызсу келетін болды. Ел егінге бет бұрды. 10 гектарға жуық бау-бақша өсіріп, жылдан-жылға көлемі өсіп келеді. Мұның бәрі – осындай қамқорлықтың сыйы. Енді елге ел қосылатыны анық, – деді ауыл тұрғыны.
Биылғы жылы Кейден ауылдық округі, Аққұм, Қауық елді мекен тұрғындарын мобильді интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Аққұм елді мекеніне 3G базалық станциясы орнатылған.
АУЫЛЫНДА ДА АНСАМБЛЬ БАР
Бізге Жаманбай батыр ауылдық округінің клуб үйінде «Әлшекей» халықтық ұлт аспаптары оркестрі мен «Айсыновтар» халықтық отбасылық ансамблінің өнерін тамашалау бақыты бұйырды. Иә, иә сіз қателеспедіңіз, бұл жақтың ауылында да ансамбль бар.
Жалпы, «Айсыновтар» отбасылық ансамблі республикаға жақсы таныс. Ансамбль жетекшісі – мәдениет саласының үздігі Бәден Айсынұлы. Оның «Туған ел», «Бесарығым», «Шопан қыздың әні», «Сыр бойында күріш деген дақыл бар», «Егеменді Қазақстан», «Наурыз», «Жеңіс», «Юмореска», «Экосез», «Әлшекей сарыны», т.б. ән мен күйлеріне тыңдарман оң бағасын әлдеқашан берген.
– Бесарық елді мекенінде қаншама ақындар, жазушылар, композиторлар бар. Солардың бірі – Бәден Айсынов. Өздеріңіз өнерін тамашалаған «Әлшекей» халықтық ұлт аспаптары оркестрі, «Айсыновтар» халықтық отбасылық ансамблі республикада көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Ауылдың таланттарын қолдауға әрдайым дайынбыз. Барлық өнерпаздар ауылдан шығады, – деді Бесарық клубының директоры Рашид Нәлтай.
Айта кетейік, аталған ұжымға аудан әкімі Руслан Рүстемұлының қолдауымен өткен жылы 4 млн 360 мың теңгеге музыкалық аспаптар мен арнайы киімдер алынған болатын.
– Халқымызда «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Ұзақ жылдар бойғы қызметімде оған көзімді айқын жеткіздім. Талантты жастардың өнер өлкесінде өрнек салуына жол аштым. Өзім жетекшілік ететін отбасылық ансамбль де көптеген байқауларда жоғары орыннан көрінді. Атап айтқанда, 1993 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық отбасылық ансамбльдер сайысында жеңімпаз атанып қайттық. Ал, 2018 жылы елордамызда өткізілген республикалық шарада еліміздің әр өңірінен келген 13 отбасының арасында үздік болдық, – деді ансамбль жетекшісі Бәден Айсынов.
Бүгінде қос ұжымның жеткен жетістігі өте көп. Біз оның бәрін санамалап отырғанды жөн санамадық. Бастысы – халықтың бағасы. Иә, бұл ұжымдар ол үдеден шығады. Жаңақорғандағы баспасөз туры аясында «Бұл жақтың ауылында да ансамбль бар» деген тақырып таңдайымызға тақ ете қалды. Олай демей көріңіз…
АТ СПОРТЫНА АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ КӨҢІЛІ АУҒАН
Баспасөз туры барысында аудандағы ұлттық ойындардың даму барысымен таныс болдық. Атқұмар жастардың арасында спорттың түр-түрінен республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып жүргендері бар. Жалпы, басқа аудандарға қарағанда Жаңақорғанда ат спорты ойындары жақсы дамығанын сөзімізге басымдық беріп айта аламыз. Ол бірнеше жылдан бері аударыспақпен айналысып, көптеген жүлдеге қол жеткізіп келеді. Айтуынша, әуелде көкпарға қызығушылық білдірген екен. Десе де, беріде аударыспақтың да қыр-сырына қанығады.
– Аударыспақпен 2020 жылдан бері айналысып келемін. Өзімді ұлттық құраманың белді мүшесімін деп айта аламын. Соңғы қатысқан 4 жарыстың 3-еуінен орын алдым. Аударыспақ – әрбір қазақтың намысын оятатын спорт. Адамды шымырлыққа тәрбиелейді, – дейді балуан Жақып Икрамов.
БАҚ өкілдері спортшылардың дайындық жұмыстарына куә болды. Теңге ілу мен аударыспақ спортын тамашалап, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Облыста ұлттық ойындарға бейімделген жаңақорғандық жастардың саны басым. Көкпардан бірнеше білекті жігітіміз ел біріншілігінде аймақ намысын қорғап келеді. Оған қоса аударыспақ, теңге ілу секілді әбжілдікті, шымырлықты, жинақылықты қажет ететін сайыс түрлерінен де қоржынымыз бос қайтқан емес. Жалпы, жас буынның жылқыға жақын болғандығы бізді қуантады. Олардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді, – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмуд Рахымжанов.
ШАРУАЛАР ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯҒА ИЕК АРТАДЫ
Біз келесі аялдаған нысан «Пазылбек қажы» шаруа қожалығына қарасты бау-бақша болды. 2017 жылы құрылған қожалық әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруде. Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеп келеді. 2020 жылдан бастап ылғал сақтағыш жаңа технологиямен (акватерра гель) 80 гектарға бидай дақылын егіп, межелеген өнімге қол жеткізген.
Қожалық төрағасы Самат Сапарбеков бау-бақша, өзге де дақылдарды егу ісі жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
– Алғашқыда 5 гектарға алма бағы егілді. Оның ішінде 1,2 мың түп алма ағашы бар. Ғалымдармен ақылдаса егілген жергілікті климатқа сай келетін «Голден Делишес», «Симиренко», «Старкримсон» секілді сорттар қазір жайқалған жеміс ағаштарына айналды. Оған қоса «Алқызыл шабдалы» секілді өрік сорты бар. Сондай-ақ, мұнда қараөріктің «исполиндік» және «супериор» сорттары егілген. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылдан бастап акватерра гель деп аталатын ылғал сақтағыш жаңа технологиямен 80 гектарға күздік бидай егуді қолға алдық. Дәл осындай әдіспен мақсары өсіруге мән бердік. Өздеріңіз көргендей, ол әрбір дақылдың тамырында ылғалды ұзақ сақтауға оң әсерін тигізеді. Өнімнің мол болуына жол ашады, – деді ол.
Бүгінде шаруалар күріш дақылын азайтып, әртараптандыру бағытында өздерін жан-жақты бақылап көруде. Рас, соңғы жылдары су тапшылығы кәдімгідей сезіледі. Сондықтан, шаруалардың жаңа технологияны пайдаланып, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруі – қалыпты жағдай.
ДИІРМЕН ӘКЕ АМАНАТЫНЫҢ АРҚАСЫНДА АЙНАЛЫП ТҰР
Қаратау қойнауында орналасқан су диірменінің жұмысы бізді таңғалдырды. Жергілікті өлкетанушы Үмбетәлі Әбибуллаев өткен ғасырдың отызыншы жылдарында тау ішіндегі Бесарық өзені бойында осындай 62 диірменнің болғаны жөнінде деректер келтірді.
– Біз айтқан 62 диірменнің 3-4-еуі 80-жылдарға дейін жұмыс істеді. Қазіргі таңда қалғаны – Орынбасардың диірмені. Мұның ұны өте таза, пайдалы. Кезінде Ысқақ, Айсын, Бегман есімді азаматтар иелік еткен мұндай орындар ұзақ жылдар бойы тау суының күшімен өнім шығарып келді, – дейді ол.
Бүгінде жергілікті кәсіпкер Марат Әбдікәрімов солардың бірінің жұмысын қайта жандандырып келеді.
– Бұл – осы төңіректе жұмыс істеп тұрған жалғыз диірмен. Басқа диірмендер жоқ, тек орындары ғана сақталған. Әкем аманат қылып «осы диірменнің жұмысын тоқтатпа, жұрт сұрамаса да істеп ғой» деп айтып еді. Диірменді айналдырып қойдым, қайта сұраныс артып кетті, – дейді «Нұр-Ерке» шаруа қожалығының төрағасы Марат Әбдікәрімов.
Осылайша, бір күнде бірнеше нысанға аялдап, ауданның жарқын жаңалықтарына куә болдық. Жақсы жаңалығы бар Жаңақорғанның бұл бірінші баспасөз туры емес. Бұған дейін де аудан әкімдігі атқарылған жұмыстарды жариялауда журналистерге төр беруді жалғастырып келеді.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!