Halyqline.kz Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы жүргізген зерттеулердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында «Британдық», «Оңтүстікафрикалық», «Бразилиялық» штаммға тән ықтимал мутация анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.
Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп COVID-19 штаммдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдісі енгізілді. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы барлық өңірлер бойынша КВИ анықталған науқастардан алынған зертханалық үлгілерді зерделеді.
«Зерттеу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысынан өзге өңірлерде «Британдық», «Оңтүстік Африкалық», «Бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталды. Алматы қаласында науқастардан алынған ДНҚ-ның секвенирлеу нәтижесі бойынша «Британдық» және «Оңтүстікафрикалық» штаммының айналымы белгіленген, олар жоғары контагиоздықпен ерекшеленеді, бұл инфекцияның кеңінен таралуына әсер етуі мүмкін», – деді А.Цой.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 30 наурыздағы деректері бойынша «Британдық штамм» SARS-CoV-2 125 елде, «Оңтүстікафрикалық» штамм 75 елде, ал «Бразилиялық» 41 елде анықталды. Коронавирустың жаңа штаммдары мен алғашқы штаммның белгілері бірдей – дене температурасы көтеріледі, жөтел болады және адамның дәм мен иіс сезу қабілеті жоғалады.
ДДСҰ мәліметтері бойынша вирустың ықтимал мутациясы адамдардың індетті жұқтыру жиілігіне қарай артады. Жаңа вирус көп тараған елдердің тәжірибесіне қарасақ, әлеуметтік ара қашықтық сақтау нәтижесінде және денсаулық сақтау ұйымдарында инфекцияның алдын-алу және бақылау шараларын қолдану арқылы COVID-19 ауруы төмендеген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!