Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ һәм ҚОҒАМДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

21.03.2024, 12:40 1281

Ұлттық  құрылтайдың үшінші отырысы да өтті. Бұған  дейінгілерін де жазғанбыз, жиында естір құлаққа есті сөз айтылды, тиісті тапсырмалар берілді. Ендігі кезек – жауаптылардың жүйелі жұмысында. Ең алғашқы Ұлттық құрылтай ұлт ұясы саналған Ұлытауда ұйымдастырылса, өткен жылы жақсы-жайсаңдар Түркістанның төріне жиналды. Ал, биылғы «Күлтөбе» Атыраудың атырабында өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты құрылтайдың үшінші отырысында көптеген мәселеге тоқталды. Шыны керек, президент соңғы кездері «адал» деген сөзге ерекше екпін беріп, өз сөзінде жиі айтып жүр.

«Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық  құрылтай  да әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әрине, Ұлттық құрылтайда айтылған жайттарды тізбелеп шығу мүмкін емес, сондықтан біз барынша маңыздыларына тоқталуға тырыстық.

ОРТАҚ  МАҚСАТҚА  ҰЙЫСҚАН ҰЛТ  ЕШҚАШАН  ҰТЫЛМАЙДЫ

Иә, мемлекет басшысы құрылтайдың ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын емес екенін, келешекте де ондай болмайтынын еске салды. Бұған дейінгі екі құрылтайда елді дамытуға қатыс­ты маңызды бастамалар көтері­ліп, оның біразы орындалғаны сөз болды. Яғни, президенттің өзі «бәрі 100 пайыз жақсы»  дегеннен  қашып  отыр.

– Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет, – деді  ол.

Руханият өкілдері мемлекет басшысының құрылтайда кітапхана ісі туралы айтқан ойын іліп әкетті. Көпшілік «кітап оқитын ұлт болу үшін бұл қадам­ның маңызы бар» деп есептейді. Әрі көптеген  мемлекетте  Ұлттық кітап күні  аталып  өтеді.

– Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуел­сіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары  жағдайды түзеу үшін әрекет жаса­лып  жатыр.

Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарау­ға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды іс-шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені  жалғастыруы  керек, – деді  президент.

ҚЫЗ  АЛЫП  ҚАШУ, КӨП  ӘЙЕЛ  АЛУ…

Тасын түртсең, тарихтан тамыр тартатын еліміздегі археология саласы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалмады. Ұлттық бірегейлік, ұлттық  құндылық та  айтылды.

– Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған  байланысты арнайы тұжырымдама қабыл­данды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ әз Наурыздың  мәртебесін  көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы  мәселеге  арнайы  тоқталдым, – деді  ол.

Шыны керек, қазір әлеуметтік желіде өзге ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерімізге таңғалғанын бейнелейтін видеолар өте көп. Тіпті, кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта  киіну  үрдісін  енгізуде.

«Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетін­дер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймай­тын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс» деген мемлекет басшысы дәстүрдің озығы бар, тозығы бар екенін еске салды.

«КӨК  ТУЫМЫЗДА  МІН  ЖОҚ, ЕЛТАҢБАМЫЗҒА  СЫН  БАР»

Құрылтайдан соң ең көп талқыланған тақырыптың  бірі – осы.

– …Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту   туралы пікір айтып  жатқанын біле­мін. Біздің  Көк туымызда мін жоқ. Онда  еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да  нағыз  ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың Ән­ұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында Әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айт­сақ,  Әнұранымыздың сөзі де, әуені де халық­тың жүрегіне  әбден  орныққан.

Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айты­лып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасы­ның  жобасын  жасауға  ашық  байқау  жария­ланады, – деді  президент.

Дәл осы пікірге келгенде қоғамның пікірі қақ жарылғаны жасырын емес. Кейбіреулер мұны бос  шығын  деп  бағалайды.

Құрылтай  барысында  көптеген мәселе ашық айтылды.  Соның бірі – есірткі пайдалану. Бұл індет жаппай белең алып бара жатқаны да  рас. Тек былтырдың  өзінде  есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынған. Балалар арасында нашақорлық  тез  таралып,  жастар  уланып  жатыр.

– Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын.

Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт  Тоқаев.

БУЛЛИНГ, АГРЕССИЯ  және  ВАНДАЛИЗМ…

Лудомания да бет қаратпай тұр. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Құзырлы органдар өткен жылы интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттаған. Осы секілді қоғамда өршіп тұрған індеттерді айта келе президент тұрмыс­тық зорлық-зомбылық фактілеріне және вандализмге  тоқталды.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық  дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіп­сіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениет­ті  ұрпақ  тәрбиелеуіміз  керек.

Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақ­тасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыз­дар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүниежүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда  жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі  болып  отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?, – деді  мемлекет  басшысы.

СУ – БОЛАШАҚТЫҢ  БАЙЛЫҒЫ

Мұнан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев ысырап­шылдық, әсіресе су мәселесіне ерекше тоқталды. Рас қазақстандықтар арасында суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Су – бола­шақтың байлығы. Бірақ, әлі күнге дейін суды үнемдеп  пайдалану мәдениеті қалыптаспай  отыр.

«Ұлттық құрылтайда біз мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдарын айқындаймыз. Осының бәрі ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды. Дегенмен, өзгерістердің басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондай-ақ әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау» деген ел президенті қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеуді, ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйені жаңғыртуды тапсырды. Сондай-ақ, баспана, жол салу және оны жөндеу жұмыстары, газ тартылған елді мекендердің санын  барынша  арттыру  мәселесі  сөз  болды.

– Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар. Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің таба­ны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Еуропа мен  Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнату­ға жол ашады. Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға  мүмкіндік беретін озық технология осы сала­ға енгізіліп  жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің  және шетелдің  білікті IT-маман­дары  жұмылдырылды, – деді  президент.

Тағы бір мәселе бюджет қаржысын үнемдеу­ге арналды. Бұл мәселені мемлекет басшысы Үкіметке тапсырды. «Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Қаражат ең қажет жобалар­ға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы  қажет»  деді ол.

«ОРЫНСЫЗ  БАЙБАЛАМ  САЛЫП, СЫНАП-МІНЕУДІ  ДОҒАРУ  КЕРЕК»

Саяси реформалар заңдарға түзету енгізу, институционалдық өзгеріс жасау арқылы жүзеге асырылмақ. Бірақ қоғамдық этиканың ақсап тұрғаны жасырын емес әрі ол үшін заңдарды өзгерту жеткіліксіз секілді. Мұны Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  өзі  айтып  отыр.

– Зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке айналдырды. Мұны доғару керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Үнемі артқа қарайлап, өткен күнге өкпе арта беру­ге болмайды. Әлем қауымдастығында лайық­ты орнын иелену­ді қалайтын ұлт өзін өзгелерден кем сезінуден және әлеуетін әлсірететін жалған түсініктерден арылып, болашаққа нық сеніммен қарауы  керек.

Мен барлық пікірді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталғым  келеді.

Бұл, ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлес­тіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта  түсеміз, – деді  ол.

Бүгінде  дамыған  елдердің  азаматтары да шетел асып, табыс табады. Әрі оған намыс­танып жатқан ешкім жоқ. Бұл өз кезегінде заманауи көшпенділікті көрсетсе керек. Мұны бүкіл әлемде болып  жатқан үрдіс деп қабылдаған  жөн.

– Соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетел­ге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады. Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал  жолмен  табыс табу, адал  азамат  болу, – деп  толықтырды  презид­ент.

КЕЛЕСІ  ҚҰРЫЛТАЙ  КӨКШЕТАУДА  ӨТЕДІ

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Президент осылай ойлайды. Яғни, балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша  көңіл  бөлінуі  керек.

– Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлты­мыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжау­сыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ  ғасырда  лайықты  орнын  табады.

Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көк­жиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді, – деді Қасым-­Жомарт  Тоқаев.

«Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан  мемлекеттігімізді  сақтап  қалу үшін талай  жорыққа  шыққан. Бұл аймақ төл  шежіремізде  айрықша орын алады. Сондықтан  Ұлттық  құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын» деген мемлекет басшысы жиыннан қорытынды шығарып, тапсырмалардың тиянақты орындалуын  жауаптыларға  жүктеді.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: