Көптің көңілін күпті еткен тағы бір саяси науқан артта қалды. Аудан әкімдерін сайлауды айтамыз. Бұған дейін ауыл әкімдерін сайлап, тәжірибе жинақтаған жоғарғы жақтағылар қанатқақты режим ретінде аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауды құп көрді. Жалпы, тағайындалған әкім мен сайланған әкімнің айырмасы бола ма? Сарапшылардың бірі бұрын тағайындалған әкімдер өзінен биік тұрған басшыға тәуелді болса, енді халықтың өзі сайлаған әкімдер бұқараға жақындайды дегенді алға тартады. Тіпті президенттің өзі де алдағы уақытта еліміздегі барлық аудан әкімдері сайланатынын, сөйтіп биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайтынын айтты. Өйткені, сайланған әкім мен тағайындалған әкімнің арасы жер мен көктей болатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сайланған әкім алдымен сайлаушылардың алдында жауап береді. Өркениетті елдерде солай. Мысалы, 38 миллион халқы бар Польшаның кәрі құрлықтың 27 елінің басын қосқан Еуропалық Одақтағы алтыншы экономикасы және әлем елдері арасында жиырмасыншы экономикасы болуына көбіне сәтті жүргізілген жергілікті өзін-өзі басқару реформаларының арқасында мүмкін болғанын сарапшылар да жоққа шығармайды. «Біз азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз» деп айтқан Президент те осы ойды меңзейді.
Алайда, өзге өңірді қайдам, Сыр еліндегі кешегі өткен сайлау «өз бидайын өзіне қуырып беріп», жұртты алдап қойғандай көрінді. Яғни, бұған дейін облыс әкімі тағайындап, іс жүзінде қызмет етіп жатқан, «Amanat» партиясынан ұсынылған әкімдер ат оздырып, «тонын айналдырып» шыға келді. Мұның өзі саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтың 2021 жылдың 28 мамырында inbusiness.kz сайтына ауыл әкімдерін сайлауға қатысты берген пікірінде айтқанындай, «Өздерін ұсынған азаматтардың әкім болып кетуі қиын. Аракідік бір демократиялық өзгерістер болып жатыр деп айту үшін мүмкін тәуелсіз кандидаттарды жіберетін шығар. Олар үшін ауыл аса үлкен саяси қауіп төндірмейді. Неге? Өйткені ауыл әкімінің саяси, ал ең бастысы, экономикалық тұрғыдан қолы байлаулы. Өзінің бюджеті жоқ. Халық әкімін сайлап алған күннің өзінде ол аудан әкіміне қарайды. Аудан әкімі облыс әкіміне бағынышты. Облыс әкімі Үкіметке есеп береді. Қарап тұрсақ, бұл – тікелей иерархия. Өзінің бюджеті болмай, сол бюджетті дұрыс игеру үшін өзі шешім қабылдай алмай, біздің әкімдер тәуелсіз саяси қызметкер бола алмайды». Ал, дербес бюджеті бар аудан әкімдерінің әуселесі басқаша болатын шығар, оны уақыт көрсетеді. Әйтсе де, тағайындалған әкімнің сайланған әкімге «айналуы» ел-жұрттың көңілінде күдік ұялатады.
Хош. Сонымен, 5 қарашада алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз» деген еді. Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке сүйенсек, облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекітті. 1553 сайлау комиссиясы: 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1491 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Сайлау балама негізде өтті. Сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізілді. Саяси бәсекеге қатысып, таңдауын жасағандар саны 62,79 пайызды құрады. Сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрайды.
Бұл пилоттық режимдегі сайлаудан сырбойылықтар да қалыс қалмады. Сырдария және Шиелі аудандарының әкімдері халық қалауымен таңдалды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, 2 ауданда 70 мыңнан аса азамат сайлаушылар тізіміне енгізілген. Дауыс беруге 53866 сайлаушы, оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша – 0, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 718 азамат қатысқан. Кандидаттардың жалпы саны – 6 адам. Нәтижесінде Сырдария ауданы бойынша Ерлан Бәкіровке сайлаушылардың 1319 дауысы берілсе, Бауыржан Қарсақбаевты 1176 сайлаушы таңдаған. Ал, Берік Сәрменбаев 13386 дауыс жинаған. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 12. Шиелі ауданына келсек, Нұржан Ахатов үшін сайлаушылардың 32637 дауысы берілсе, Алмасбек Есмахановты 3143 сайлаушы таңдап, Нұрғали Қордабаев 2083 дауыс алды. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 3. Сөйтіп, Сырдария ауданының әкімі болып Берік Сәрменбаев (1963 жылы туған, Сырдария ауданының әкімі, Сырдария ауданында тұрады), Шиелі ауданының әкімі болып Нұржан Ахатов (1978 жылы туған, Шиелі ауданының әкімі, Шиелі ауданында тұрады) сайланды.
Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында жаңадан сайланған аудан әкімдері таныстырылды.
– Ел жаңғыруының бастамасы ретінде Ата заңымызға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы, ҚР Парламенті Сенатының, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Осы саяси науқандарды Сыр жұртшылығы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, жоғары деңгейде өткізді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси жүйені жаңғырту бойынша қабылдаған шешімінің жалғасы ретінде күні кеше елімізде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Осы науқанда аудан тұрғындары белсенділік танытып, мызғымас бірлігін көрсетіп, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады, – деді аймақ басшысы.
Міне, өткен жексенбіде еліміз маңызды тағы бір саяси белесті бағындырды. Астана мұны биліктің бір орталыққа шоғырлануының алдын алатын шара деп есептейді: аймақтар күшейіп, халық әкімді өзі таңдайды. Шынымен, солай болды ма, жергілікті жұрттың қалауы орындалды ма? Шын жүйрікті шабанынан айырып, қадіріне жете алды ма? Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.
Н.АҚПАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!