Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік күнінің мәртебесі мен мәні өзгерді ме?

12.12.2024, 11:40 45

Қазақстанның Тәуелсіздік күні – мемлекеттігіміздің ең басты символы болуы тиіс. Алайда соңғы жылдары бұл күннің қоғамдық санадағы орны мен мерекелеу деңгейі әлсіреп бара жатқаны байқалады. 16 желтоқсанның тарихи мәні мен рухани салмағы туралы айтқанда, оның ресми күнтізбеде қалғанымен, ұлттық санадағы беделінің төмендеп бара жатқаны ойлантады. Республика күні мен Тәуелсіздік күнін салыстырғанда, қоғам мен мемлекеттің қайсысына басымдық бергенін талдау маңызды. 2022 жылы Республика күні қайтадан мемлекеттік мереке ретінде белгіленіп, оған ерекше мәртебе берілді. 25 қазан – қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған күн деп танылды. Бұл шешім Тәуелсіздік күнінің маңыздылығын төмендеткен жоқ па? Қарапайым халық арасында «Тәуелсіздік күні екінші орынға  ысырылып  қалды»  деген  пікірлер  жиі  айтылып  жүр.

ҚОС  МЕРЕКЕНІҢ  МӘНІ  НЕДЕ?

2023 жылы 17 желтоқсанның мерекелік күндер қатарынан алынып тасталуы да Желтоқсан оқиғасының тарихи рөлін жоққа шығару­ға бағытталған қадам ретінде сынға ұшырады. Мұндай өзгерістер мемлекет деңгейінде талқыланғанымен, оның қоғамдағы салдарына жеткілікті назар аударылмады. Бүгінгі күні 16 желтоқсан ресми іс-шаралар, салтанатты жиналыстар және құттықтаулармен шектеліп отыр. Бірақ бұл күн қарапайым халықтың санасында «қосымша демалыс күні» ретінде қалыптасып келеді. Сауда орталық­тарындағы жеңілдіктер мен мерекелік концерттер бұл күннің шынайы тарихи мағынасын көлеңкелеп тастағандай әсер қалдырады. Көптеген жас Желтоқсан оқиғасының мәнін түсінбей, 16 желтоқсанды жай ғана мереке ретінде қабылдайды. Осыдан Тәуелсіздік күнінің тәрбиелік, патриоттық мәні жоғалмаса да, әлсірей бастағаны  анық  байқалады.

Журналист Төлен Тілеубай бұған дейін де осы тақырыпты қаузап, Тәуелсіздік күні мен Республика күнін атап өтудің «әдебін» жазған еді. Онда ол «Тәуелсіздік күнін атап өту қазақтың бағына туған Әлихан Бөкейхан алғашқы ұлттық үкімет құрған 13 желтоқсаннан басталуы керек» деген пікірді алға тартқан. Сондай-ақ журналист сол жазбасында: «Бір өкініштісі, біздің Үкімет бүгінгі күнге дейін Тәуелсіздік күнін атап өтудің үлгісін, жүйесін, жолын нақтылайтын не бағдарлама, не тұжырымдама жасаған жоқ. Содан шығар, Тәуелсіз­дік күнінде қалалардағы ескерткішке барып, 10 минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қоюмен ғана шектеліп жүрміз. Бұл – ұлт тари­хына түкіру, ұлттық батырлардың аруағын қорлау»  деген  болатын.

ТӘУЕЛСІЗДІК  КҮНІН  ҚАЗАҚЫ  НАҚЫШТА   ТОЙЛАУЫМЫЗ  КЕРЕК

Саясаттанушы және тарихшы сарапшылар бұл мәселені бірнеше бағытта бағалайды. Біріншіден, мерекелердің көптігі мен басымдықтардың ауысуы қоғамда пікірталас тудырды. Республика күні мен Тәуелсіздік күні тарихи тұрғыда өзара байланысты, бірақ олардың функцияларын нақты бөліп көрсету қажет. Бұл күндер бір-біріне бәсекелес емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын мерекелер болуы тиіс. Екіншіден, тәуелсіздік күнін атап өтудің қазіргі форматы оның тарихи және рухани мәнін жеткізе алмай отырғанын байқаймыз. Олай деуімізге себеп көп. Мәселен, бұл күнді біреулер арқа-жарқа қарсы алуды ойласа, енді бірі алаңдарда пикет немесе митинг өткізуді жоспарлайтын көрінеді. Осыдан кеп, қоғамда Желтоқсан қаһармандарын еске алу және тәуел­сіздіктің құндылығын түсіндіру жұмыс­тары жеткіліксіз екенін еске аламыз. Үшіншіден, мемлекеттік саясаттың олқылықтары да байқалады. Тәуелсіздік күні тек ресми іс-шара емес, бүкіл халықтық мереке ретінде ұйымдас­тырылуы тиіс. Мектептер мен университеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында бұл күннің маңызын насихаттау жұмыстары әлсіз жүргізілуде. Тіпті, ол күннің «құрметін» Рес­публика күніне «өткізіп» жібергендей қабылданып қалған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атаулы күннің абыройын арттырып, «Бұл – ұлт мерейін өсіретін ұлық мейрам. Біз тарих тұр­ғысынан  алғанда  қысқа мерзім ішінде жаңа Қазақстанның  негізін  қаладық. Тұғыры  берік, экономикасы қуатты, беделі биік мемлекетке айналдық» деп атап өтті. Демек, Тәуелсіздік күнінің мәні мен маңызы жоғалған жоқ, ол – бір күнде атап өтілетін емес, бірнеше рет тойланатын деңгейдегі мереке. Сол үшін ол күнге деген басымдық басқа атаулы даталарға ауыспауы  міндет.

Қарапайым халық арасында бұл күнге қатысты түрлі пікір бар. Бірі Тәуелсіздік күнін жаңа деңгейге көтеру үшін түбегейлі өзгерістер қажет десе, енді бірі мерекелік күндердің санына емес, олардың мазмұнына мән беру керек деп санайды. Сарапшылар бұл мәселені шешу үшін  бірнеше  ұсыныс  айтады.

– Қазір көптеген мектепке Алаш арыс­тарының есімі берілді. Біз мұнымен ғана шектелмей, мектептің, университеттің оқу бағ­дарламасына «Алаш оқуларын» енгізуіміз керек. Тәуелсіздік күнінің қарсаңында қазақтың санасын отарсыздандыруға бағытталған іс-шараларды көптеп өткізейік. Мысалы, қалалардағы көше аттарын кеңестен қалған атау, таңбалардан тазалайық. Кеңестің өзінің  келмеске  кеткеніне 30 жылға жуық­таса да, Ленин, Ильич, Октябрь деген атаулары әлі бар. Бұл атаулар кімге керек? Қазақстанда Ленин атындағы 352 көше бар. Оны айтасыз, компартия, қызыл әскер құрметіне қойылған елді мекен атаулары әлі сол қалпында тұр, – деді  журналист  Т.Тілеубай.

ҰЛТТЫҚ  ТӘРБИЕГЕ  ҮН  ҚОСАТЫН  УАҚЫТ  КЕЛДІ

Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіздік үшін күрескен батырлардың ерлігі туралы деректерді мектеп бағдарламаларына қосу, көркем және деректі фильмдер түсіру, мерекелік шеру­лер, фестивальдер, ашық аспан астындағы тарихи қойылымдар арқылы мерекені бұқараға жақындату қажет екені жиі айтылуда. Сонымен қатар, бұл күн тек мемлекетке емес, әрбір азаматқа тиесілі құндылық екенін насихаттау  арқылы  оның  ұлттық  идеяға  айналуына  күш  салу  керек.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қарапаева Тәуелсіздік күнін тойлаудың концеп­циясын құруда ұлттық тәрбиеге мән беру  қажеттігін  айтады.

– Тәуелсіздік күніне ұлттық тәрбиеге байланысты батырларымызды көрсететін және мемлекеттік символдарды көбірек насихаттайтын осындай бір іс-шаралар болу керек деп есептеймін. Тәуелсіздік күнін қалай тойлап өтуіміз керек деген бағыты мен бағдарын арнайы комис­сия құрып па, соны тағы да бір зерделеу керек  секілді, – деді  ол.

Сонымен бірге, желтоқсан айының басында қалаларда жаңажылдық шыршаның Тәуелсіздік күнінен бұрын бой көтеруі де ел алдында сынға ұшырап жатады. Желтоқсан оқиғасына қатысушы, педагог Гүлайым Жанғали да мұның  дұрыс  еместігін  алға  тартты.

– Қазір Тәуелсіздік күні өтпей-ақ көшеде Жаңа жылға қатысты құттықтаулар тұрады. Бұл бізге өте ауыр. Қарның ашады. Жас мамандарға, артымнан ерген мұғалімдерге балаларды ұлттық рухта тәрбиелеу керек екенін жиі айтамын. Балаларға отаншылдықты, адамгершілік қасиетті сіңіруіміз керек. Ең бірінші тілді құрметтеуі тиіс. Себебі тіл жоғалған жерде ел де, мемлекет  те  жойылады, – деген  пікір  білдірді.

Шынында, Тәуелсіздік күні – еліміздің өткен тарихы мен болашаққа деген сенімінің символы. Бірақ бұл күнді құрметтеу үшін оның маңызын тек заңмен емес, жүрекпен түсінетін ұрпақты тәрбиелеу қажет. Қоғамдық санада Тәуелсіздік күні тек ресми дата емес, рухани  жаңғырудың  күні  болуы  тиіс. Бұл – тек мемлекетке жүктелген міндет емес, әрбір қазақстандықтың парызы. Егер біз Тәуелсіздік күнін лайықты дәрежеде атап өтуге күш салмасақ, оның маңызы ұрпақтан-ұрпаққа жетпей, жай ғана күнтізбедегі белгі болып қалуы мүмкін.

К.ҚҰРМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: