Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сындарлы сыртқы саясат

25.11.2021, 11:00 809

Ұлтымызда «бас болмақ оңай, баста­мақ қиын» деген сөз бар. Тәуел­сіздігімізге 30 жыл толып, жас мемлекеттің буыны қатайып келеді. Осы дербес мемлекет ретінде еліміз алғашқы қадамдарын сәтті бастады. Сыртқы саясатта да жарқын бас­тамалардың арқасында еліміз алдыңғы шептегі мемлекеттердің қатарында болатынына күн сайын сенімділік  арта  түсуде.

Егер, ұлттың жаратылысында қаһармандық қасиеттер болса ғана, найзағайдай жарқылдаған тұлғалар туғызады. Міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы сыртқы саясатының арқасында шекарамыз шегенделіп, тәуелсіздігіміз тұғырлы болуда. Сонымен, алыс-жақынмен қату емес, тату болуды қалайтын еліміздің сыртқы саясаттағы елеу­лі істерін еске алсақ. Біріншіден, ядролық қарудан бас тартқаны есімізге түседі. Семей полигонын жабу – Қазақ­станның әлемдік саясатт­ағы оң  қадамының  бірі.  Бұл  туралы:

– Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді. Біз Тәуелсіз ел болып, мемлекеттігімізді нығайттық және ядролық қарудан бас тарттық. Сол арқылы халық­аралық беделімізді арттырып, ядролық державалардан шабуыл жасамау кепіл­дігін  алдық. Осы ретте, Солтүстік Корея елінің  басшылығын  біздің жолы­мызбен жүруге шақырамыз, – деген еді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан  Назарбаев.

Бұдан бөлек, еліміз біршама ұйымға мүше болып, белсенді атсалысты. Атап айтсақ, 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), 1995 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ), 2001 жылы 14 маусымда Шанхай ынты­мақтастық ұйымы (ШЫҰ), 2015 жылы 25 шілдеде Дүниежүзілік сау­да ұйымына (ДСҰ) мүшелік етті. Және Елбасы 1992  жылғы 5 қазандағы БҰҰ бас ассамблеясының 47-ші сессиясында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру туралы идеяны ұсынды. Айта кетейік, 2002 жылы БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннанның Қазақстанға ресми іссапары Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың белесі болғанын  айта  кеткен  жөн.

Еліміз тек технология саласы, ядролық қаруды жою ғана емес, тағы да басқа мәселелерді көтерді. Мысалы, әлемді діни қайшылықтан ада қылу, рухани келісімді қамтамасыз ету жағынан да өте белсенді жұмыс­тарды атқарды. Бұл сөзімізге дәлел ретінде мына фактіні айтуға болады. Ол – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. Алғаш рет 2003 жылы 23-24 қыр­күйекте Нұр-Сұлтан (Астана) қаласында өткен  болатын. Жас мемлекеттің ел­ордасында мұндай деңгейдегі іс-шара­ның өтуі біз үшін үлкен мәртебе болды.

Елбасымыздың сындарлы сырт­қы саясатындағы ең басты бастама ретінде білім саласындағы елеулі өзгерістерді айтуға болады. Ол – ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген білікті тұлға, білімге ерекше көңіл бөлген жан. Себебі алдыңғы шепте тұрған әлемнің университеттерінен үкіметаралық грант негізінде білім алған қазақстандықтар елдің өсуіне ықпалын тигізетінін дұрыс жоспарлаған.

Біз жастардың қоғамның қоз­ғаушы күші ғана емес, елдің тірегі екенін білеміз. Сол келешек елдің ұрпағына Елбасымыз «Болашақ» халықаралық стипендиясын 1993 жылғы 5 қарашадағы Қаулысымен құрған болатын. Бұл ел экономикасының өрлеуіне, кадрлар даярлауға мол мүмкіндік алып келді. Осындай игі бастаманың дер кезінде қолға алынғаны қуантады. Алайда қағазбастылыққа толы бағдарламаның статусы төмендеп бара жатқан секілді. Бұрын шетелде білім алудың ең бірінші жолы «Болашақ» бағдар­ламасы болса, қазір жастардың оны ең соңғы нұсқа ретінде қарастыруына не себеп?

«Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Елбасы жаңа мемлекеттің өсіп-өркендеу жолын­да талай тауқыметті көрді. Қателік­терге жол беріп, сынға қалғаны да рас. Дегенмен сыртқы саясатта бірқатар өзекті мәселені шешу үшін тың идеялар ұсынып, нәтижелі жұмыс­тар атқарды. Елбасы жас мемлекеттің болашағына алаңдап, ең алдымен білім сапасын жоғарылату мақсатында «Болашақ» халықаралық стипендиясын ұсынды. Қазіргі таңда 14269 стипендия тағайындалып, оның 8199-ы еңбек өтілімі бойынша міндеттемесін орындаған түлектер болса, 3060-ы еңбекпен өтеу мониторингінде. Соңғы кездері статистика бойынша осы бағдарлама аясында шет мемлекетке білім алуға барып жатқан жастардың саны артқан. Алайда көпшілігіне өз мүлігін кепілге қою және иін тірескен талаптары көңілден шықпағаны рас. Кежегесі кейін тартқан жастарға қандай  талап  қойылуы  керек?

«Болашақ»  бағдарламасының  берер  мүмкіндігі  көп  болғаннан кейін талаптары да аз емес. Ең алдымын сіз өзіңіздің санатыңызды таңдап алуыңыз қажет. Әрі қарай бағдарламаның әлеуметтік желісіндегі толық мәліметті қарай отырып, керекті құжаттар тізімін дайындайсыз. Кейбір құжаттарға тоқталатын болсақ. Мысалы, жеке куәлік, бакалавр, магистр дипломдарынан бөлек, ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын сынама, яғни IELTS/TOEFL кіреді. Мемлекеттік тілді анықтайтын, психо­логиялық тесттерден мүдірмей өтсеңіз, грантты жеңіп алуға мүмкіндігіңіз жоғарылай түседі. Неге? Осы жетістік жетпей ме? Осыған ұқсас сауалдар туындауы мүмкін. Иә, осы жетістіктер жеткілікті. Бірақ, қазіргі таңда білімге деген жастардың құштарлығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Сол себепті бәсекелестік өте жоғары. Дегенмен сіздің бэкграундыңыз өзгелерден екі-үш есе артық болса, таныссыз-ақ шет мемлекетте білім алуға әлбетте мүмкіндігіңіз бар.

Сындарлы саясаттың жемісі ретінде осы бағдарламаны айта аламыз. Бүгінге дейін біршама отандасымыз әлемдік үздік оқу орындарда білімін кеңейтіп, елге үлесін қосуда. Соның нәтижесінде еліміздің бола­шағы бұлыңғыр болмайтынына сенім арта түседі. Елбасымыз­дың көрегенділігі осы оңтайлы шешімі арқылы байқалады. Бұдан бөлек сыртқы саясатта күнделікті қолданы­латын термин – «ұжымдық қауіп­сіздік». Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы мен геосаяси құрылымның – Версаль-Вашингтон халықаралық қауіпсіздік жүйесінің басталу тұсында халықаралық айналымға және дипломатия тіліне «ұжымдық қауіпсіздік» термині енген  еді. Қазіргі күні ең өзекті ұғымға айналып отыр. Елбасымыз сыртқы қатерлердің шешуші көздерін көрсеткен болатын. Өзара қарым-қатынасты тереңдету жолында жемісті нәтижеге  бастай  алды.

– Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті басқарған кезде өз елімен қатар бүкіл дүниедегі бейбітшілік пен тұрақты дамуды ілгерілетті. Әлемдегі ең ұлы көшбасшылар қатарына енгені анық. Аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік жөнінде және өзге де жаһандық мәселелер бойынша маған кеңес қажет болғанда, үнемі онымен ақылдасып жүретінмін, – депті БҰҰ экс-хатшысы  Пан  Ги  Мун.

Алпауыт елдердің көпшілігі Нұрсұл­тан Назарбаевтың сараб­дал саясатын мойындап, саяси тұл­ға ретінде таниды. Иә, Елбасы – әлемдік сая­сатта бір-біріне тіксінген елдер­дің арасындағы жібектен нәзік дос­тық жібін үздірмей, керісінше татуластыр­ған білікті бітімгер. Қазақ­стан көрші мемлекеттермен, жаһандық аренада топжарған елдермен байсалды қарым-қатынас орната  білді.

Сайып келгенде, осы мақтаудың барлығы – ел патшасының өрелі еңбегі­нің көрінісі. Елбасымыздың салған сара жолымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз деңгейін­де халық үшін еңбек етуде. Тәуелсіздігімізді алған тұстан бастап, еліміз әлемдік деңгейде көпвекторлы саясат жүргізді. Бұл туралы Президент өзінің кезекті сұхбатында айта кеткен  болатын.

– Көпвекторлы саясат Қазақ­станның  географиялық   орнала­суы­нан, геоэко­номикасынан туы­ндайды. Бұл – ұзақмерзімді стратегиялық бағыт. Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасы осы жолды ұстанды. Бұл стратегияның нәтижесінде мемле­кетаралық қақтығыстардан, аймақтық текетірестерден алыс болдық. Әлем бізді бітімгер мемлекет ретінде таныды. Бітімгерлік миссиясы бүгінде еліміздің сыртқы сая­сатының басымдығына айналды. Қазақстанды Азия­дағы бейбітшілік платформасы деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан өзінің  сыртқы  саясатында Ресей, Қытай, Еуропа, АҚШ, Орталық Азия, Ислам әлемі елдерімен ынтымақ­тастыққа баса мән береді. Оған қоса, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында біршама интеграция­лық үдерістерге бастамашы болды. Бұл бағытта дәстүр сабақтастығы сақталады, саясатымыз өзгермейді. Көпвекторлы стратегия алдағы уақытта да Қазақстан диплома­тиясының басым бағыты  болып  қала  береді,  –  деді ҚР Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Расында да, ұлтымыздың сырт­қы саясатында көптеген жетістіктер бар. Атап айтсақ, сыртқы сая­саттың сындар­лығының айғағы ретінде 2010-2011 жылдардағы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы, 2011 жылғы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы төрағалығы аса үлкен табыспен өткені белгілі. Түркі еліне деген құрмет кезінде Мұстафа Шоқайдың еңбектерінен бастау алды десек те болады. Ол «Түркі елі» идеясын берік ұстанып, бүкіл түркі халқы бір шаңырақ астында болғанын қалады. Бұл туралы шоқайтанушы ғалым К.Есмағамбетов: «М.Шоқай – туған халқының ғана емес, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, әзірбайжан, грузин және басқа да бодан халықтардың бос­тандығы үшін күрескен тұлға», – деді. Қазіргі күні сол идеяға өмірін арна­ған ұлы күрескердің арманы орындалуда. Қазақстанның сыртқы саясатында түркі әлемі халықтарының рухани мұрасын біріктіру мен қайта құру мәселесіне елеулі мән берілуде. 2009 жылы қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан) қол қойылған түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы бас­тама көтергеннің бірі де Қазақстан болды. Одан бөлек, шығыстағы ұлы көршіміз – Қытай Халық Республикасымен барлық бағытты қамтитын стратегиялық ынтымақтастық қатынастарды нығайтып, Еуропа, АҚШ мемлекеттерімен де сыртқы саяси қарым-қатынасты орнаттық. Мұның бәрі ел басында отырған білікті маман­дардың  жеңісі.

Жақында ғана Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Анадолы қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитіне қатысты. Мұхтар Әуезов айтпақшы: «Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар» деп түркі елдерінің бас қосып жатқаны ауызбіршілігімізді нығайта түсетіні сөзсіз. Саммит барысында Қасым-Жомарт То­қаев ағайынды елдер құрылымының ықпалы мен беделі жыл өткен са­йын артып келе жатқанын атап өтті. «Біздің құрылымға халықаралық қауым­дастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл бәріміз үшін маңызды», – деді. Бола­шақта бауырлас елдердің қа­тары толықпақ. Ұйымға бақылаушы  мемлекет  ретінде Түрікменстан қосылды. Алда­ғы уақытта қатарға серіктес ретінде бірқатар ел қосылады. Бұл Түркі әлемін дамытуға тың серпін берері анық. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақта жақсы сөз бар. Саммитте тұтас түркі жұртын   тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіріп, экономикалық, гуманитарлық, экологиялық мәселелерге баса мән беріліп, жаңа бас­тамалар қолға алыну жоспар­лануда.

Осы жылдың 17 тамыз күні Сеул­де Оңтүстік Корея мен Қазақстан президенттері кездесті. Мун Чжэ Ин мен Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіп, елдер арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге уәде берді.  Қазіргі уақытта Қазақстан Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда  серіктесі  болып табылады.  Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 1,5 миллиард доллардан 2019 жылы 4,2 миллиард долларға дейін үш есеге жуық өсті.  Пандемия салдарынан бұл көрсеткіш өткен жылы 3,08 миллиард долларға дейін төмендеген.  «Корея елдегі ең ірі 10 ин­вестордың қатарына кіреді», – деді Қ.Тоқаев.  Оның айтуынша, соңғы 15 жылда Корея Қазақстан экономикасына 6 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Оңтүстік Корея мемлекетімен «Самал жел» жаңарған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының өзі де бір төбе. Айта кетейік, сол кездесуде Сеул қала­сында Абай бюсті ашылды. «Сеулде қазақ халқының біртуар ұлы Абай Құнанбайұлының бюстінің ашылуы – кәріс бауырларымыздың қазақ халқына деген құрметінің белгісі», – деп Қ.Тоқаев ризашылығын білдірді.  Ескерткіштің жобасы Қазақста­нда әзірленіп, мүсін корей жерінде қоладан құйылғанын айта кеткен жөн.

Ұлы Абай «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық» деп атап көрсетті. Осы үш қасиеттен бізге құтылу қажет. «Алма піс, аузыма түс» деп отыр­ғанда қолы­мызды кеш сермеп қал­майық. Еліміздің берер мүмкіндігі көп. Тек соны дұрыс қолдана білу керек. Қазақ­станның сыртқы саясатында маңызды перспек­тивалық бағыты – мызғымас дос­тық орнату. Еліміз  Тәуелсіздігін  алғалы  бері сыртқы саясатта  аса  бір  қатты фиас­коға  ұшырамады. Оған бас­ты себеп – екі бірдей дүр тұлғаның сараб­дал сыртқы саясатының жемісі. Жалпы, еліміз сырт­қы байланыс пен саясатта табыс­ты жұмыстар атқарып, ауқымды істердің нәтижесін көрсетіп келеді. Ел Презид­ентінің халық үшін істеген жұмыстарын құнттамау мүмкін емес. Еліміздің болашағы жарқын  болатынына  кәміл  сенеміз.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: