Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шар айнасы бес қабат ШЫҰ-ның шындығы

10.07.2024, 11:00 720

Әміржан  Қосан,

арнайы   «Халық»  газеті  үшін

Жақында Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті халықаралық өмірдің  елеулі  оқиғасы болғанын мойын­дауымыз  керек.

Десек те, осы форумға қатысты екі түрлі пікір айтылып жатқаны рас. Бірі саммитті жер мен көкке сыйғызбай мақтайды, соның ішінде Қазақстанның ролін ерекше атайды. Екіншісі бұл жиынды жоққа шығарып, түкке тұрмайды деп  санайды.

Өз басым  бірі-біріне кереғар бағаның екеуі­мен  де  келіспеймін.

Оның үш себебі бар.

Біріншіден, шынымен де, әлемдік архитектура түбегейлі өзгеріп жатқан қазіргі аса қиын, екіұдай әрі дүдәмал геосаяси жағдайда мұндай саммиттердің ролі артатыны рас. Жер шарының осынау ірі аумағын мекендеген мемлекеттерді біріктіретін ұйымға басқа әлем, соның ішінде ықпалды саналып келген орталықтар мен державалар көз тігетіні түсінікті. Сол себеп­ті бұл форумның маңызын ешкім де жоққа  шығара  алмайды.

ШЫҰ құрамында басты рольді Қытай мен Ресей атқаратынын ескерсек, осы екі елмен түсінбестіктері бар ұжымдық Батыс секілді алпауыт­тардың да қызығушылығы мен өзіндік қарсылығы болатыны түсінікті (оны батыстық БАҚ комментарийлерінен айқын сезінуге бола­ды). «Қытай мен Ресейге тәуелді елдердің басын қосқан ұйым», «сателиттер саммиті» деп біржақты баға беріліп жатқаны да сол себепті. Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресейдің бұл ұйымда жетекші роль атқаруы ШЫҰ мен басқа әлем арасындағы қарым-қатынасқа жаңаша реңк беріп, халықаралық саясатта соны инт­рига  туғызып  жатқаны  да  рас.

Сонымен бірге, ШЫҰ-да орнын ойып алған Қытай мен Ресейдің Орталық Азия аймағындағы ықпалды күшейтудегі бәсекесін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бұл екі ел де бір-біріне  тәуелді, сол себепті олардың арасын­дағы талас  тым  ушығып  кетеді  деп  ойламаймын.

Айтпақшы, Батыс, Қытай, Ресей арасында Орталық Азия аймағындағы ықпал үшін талас боп жатқан сияқты. Батыс пен Ресейдің бір-бірімен тайталас пен ішкі проблемаларынан қолы тимей жатқан кезде, Қытай жалпылама сөзге салынбай, нақты экономикалық жобалар ұсынып, өз қаржысын жұмсап, жүзеге асырып жатыр. Қытай басшысының Астанадан соң Орталық Азия елдеріне турне жасауының бір себебі де сол: ол басқа алпауыттарға өзінің осы аймақтағы ролінің арта түсетінін ашықтан-ашық  жеткізгісі  келетіндей.

Саммитке Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуында да өзіндік мән бар: БҰҰ ШЫҰ сияқты өңірлік ұйымдармен санаса бастаған сықылды, мұны дұрыс  тенденция  деп  бағалайық.

Екіншіден, Қазақстанның ротациялық негіз­де (яғни, мерзім сайын ауысып отыратын) төрағалығынан аса қатты пиар жасаудың да кере­гі жоқ шығар. Бүгін мұндай саммит Астанада өтсе, ертең басқа қалада өтеді, ол да ротациялық принципке негізделген. Десек те, бір ел екінші елдің жерін басып алып жатқан қазіргі қилы кезеңде осындай халықаралық ұйымның мүшесі боп, болашақта оның ұжымдық қолдауына ие болу да қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ШЫҰ-да белсенді мүше болып, оның мінбесін өзінің геосаяси басым­дықтарын нақтылап, әлемге жеткізу үшін пайдаланғаны жөн деп санаймын. Сонымен бірге, ШЫҰ-ға  мүше елдермен экономикалық  қатынастарды  жандандыра түсу де маңызды, олармен  арақашықтық  та  алыс емес, соны­мен бірге, олардың біразы біздің мұнай мен газым­ызға,  металдарымызға  зәру.

Үшіншіден, шетелдік және ресейлік БАҚ-қа салсақ, саяси пиар жағынан ШЫҰ саммитінің бар қызығын көрген бір саясаткер болса, ол – Ресей президенті Владимир Путин. Украинаға қарсы ашқан соғысына байланыс­ты ұжымдық Батыстың санкцияларына ұшырап, өркениетті әлем тарапынан аласталған ол «бізді де қол­дайтын әріптестер бар» деп, ШЫҰ мен БРИКС-ті  мысалға келтіруде. Ол да – Кремль үшін аса маңызды  имидждік мүм­кін­дік. Қалай ма оны, қаламай ма, ШЫҰ мүшелері  осы  рольды  атқарып  отыр.

Жаһанда  жападан-жалғыз  қалған Ресей осы екі ұйым арқылы ұжымдық Батысқа балама жаңа орталық ашқысы келетіні көзге ұрып тұр және де ол туралы ресейлік пропаганда ашық айтып келеді. Өз басым әлем ондай ғалам­дық  текетіреске барады деп ойламаймын. Бәрі  ниет  білдіру  құжаттарынан  аспаса  керек.

ШЫҰ құрамына Ресейдің ең жақын әріптесі Беларусьтің қабылдануын Мәскеудің осы ұйымдағы өз ролін арттыра түсу пиғылының бір  көрінісі  деп  бағалаймын.

Сөз соңында айтарым мынау: ШЫҰ, БРИКС секілді ұйымдардың осындай саммиттер өткізуі, декларациядар қабылдауы әр елдің өзінің ұлттық, басқалардан өзгеше мүдде-мақсат­тарына  түбегейлі  әсер  ете  алмайды.

Ұйымдар келеді, кетеді,  ал  әр елдің  өз  мүддесі  қалады.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: