Республика күні – бұл жыл сайын 25 қазанда тойланатын еліміздің тарихындағы аса маңызды дата. Бұл күн Қазақстанның ұлттық бірегейлігіне қол жеткізгенінің және мемлекеттік тәуелсіздігінің нығая бастағанының символы болып табылады.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің егемендік жолындағы алғашқы заңдық тұрғыдағы қадамы болды. Құжатта тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және татулығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді.
МЕРЕКЕНІҢ САЯСИ және ТАРИХИ МАҢЫЗЫ
Республика күнінің тарихына үңілетін болсақ, еліміз толық тәуелсіздікке бірден қол жеткізбегенін көреміз. Әлбетте, егемендікке бастайтын жолға түскенде әрбір қадамымызды аңдап, өлшеп бастық. Өйткен себебі, сол қадамдардың саяси және тарихи жағынан маңызы зор болатын. Мысалы, сонау 1990 жылы егемендігін жариялаған Қазақстан өзінің басқару жүйесін нөлден бастап құрды. Ұлттық заңнама мен заң шығарушы институттар да жаңадан жасақталды.
Бұл күн елімізде саяси реформалардың бастауы болғанымен де қастерлі және маңызды дер едік. Өйткені, ұзақ жылдар бойы Кеңес билігінің құрамында болған мемлекеттің коммунистік жүйеден демократиялық жүйеге ауысуының өзі оңайға түскен жоқ. Демократиялық институттар дамыған кезеңде мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігін нығайту мәселесі бірінші орынға шықты. Егемендік туралы декларацияда қазақстандық заңдардың бұрынғы одақтық заңдардан басым болатыны тайға таңба басқандай етіп жазылды. Осылайша, тарихи акті республиканың дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Қазақстан саяси және экономикалық құрылымының бірегей моделін іздеп, сол мақсатына аз уақытта қол жеткізді. Жоғарыдағы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
МЕРЕКЕНІҢ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ
2022 жылы 13 жыл бойы күнтізбемізден мемлекеттік я болмаса ұлттық мереке ретінде сызылып қалған Республика күні қайтып оралды. Өйткені, 2009 жылдан бастап бұл тарихи күн жұрттың жадынан өшіріле бастады. Кейбір саясаткерлер оны ескінің белгісі деп санады. Бұл тарихымызға ғана емес, елдігімізге жасалған зор қиянат болатын.
Алайда, 2022 жылы еліміздің Ата заңының 25 жылдығының қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы мерекемізді күнтізбемізге қайтарды. Президенттің мұндай шешімі тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп қана қоймай, тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа дәуірі 25 қазаннан бастау алғанын нақтылап берді.
Екі жыл бұрын Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деп мәлімдеді.
2022 жылғы 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді. Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болғаны мәлім. Бірақ 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен сол тізімнен алынып тасталған еді.
Мемлекет басшысы Республика күніне «ұлттық мереке» деген мәртебе берді. Бұған дейін екі мәрте ұзақ жылдар атаусыз қалған мерейлі мерекені еліміз дүркіретіп тойлады. «Енді бұл мейрамды жыл сайын күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтеміз. Қайта жаңғырған Республика күні, бұл – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам» деді Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында. Расында да ұлттық мерекенің қайтып оралуы барша қазақстандықтың тарапынан қолдау тапты. Яғни, мұндай тарихи шешімді қабылдау ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда және еліміздің даму басымдықтарын анықтауда өте маңызды рөл ойнайтынына көзіміз жетті.
РЕСПУБЛИКА КҮНІН ҚАЛАЙ ТОЙЛАЙМЫЗ?
Менің ойымша, Республика күнінің мәні, маңызы, құндылығы бірінші кезекте тұруы тиіс. Ол үшін Үкімет Республика күнін ұлттық мереке ретінде тойлаудың жүйелі тұжырымдамасын жасауы керек. Ондай тұжырымдаманы былтыр да көрмедік, биыл да жоқ. Мерекеге бір апта уақыт қалғанда: «Әлеуметтік желілер мен БАҚ-тарда насихатын күшейтіңдер» деген жергілікті атқарушы органдарға пәрмен берумен шектелу – Президенттің тарихи шешіміне құлақ аспау деген сөз. Науқаншылдық дерті мерекенің маңызын арттырудың орнына, жағымсыз жағынан әсер етеді. Керісінше, бұл жалпыұлттық бірлік, татулық, тұрақтылық, елге деген мақтаныш тұрғысынан тойланатын ең үлкен, шынайы мерекеге айналуы қажет.
Әр адам ұлттық мерекені нақты сезінуі үшін, сол мерекені тойлайтын халыққа мемлекеттің шынайы құрметі болуы керек. Меніңше, Республика күніне орай 3-5 күн демалыс беріліп, ел аумағында жаппай салтанатты шерулер (қолымызға ту ұстап, алаңға шығып, әнұранымызды ел болып шырқасақ, несі айып), ауқымы зор мәдени-рухани іс-шаралар (әсіресе ұлттық спорттық, интеллектуалдық ойындарды өткізсек құба-құп) өткізілсе, әрі мерекеге 2 ай бұрын дайындалсақ, балалардың өзі оны асыға күтеді. Мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелер ғана емес, барлық үлкенді-кішілі ұжымдар Республика күніне салтанатты жиын өткізіп, мемлекеттік награда беріп, ұжымдағы үздік қызметкерлерді рухани, материалдық жағынан көтермелесе, нұр үстіне нұр болар еді. Республика күнінде еліміздің саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми, спорттық өміріндегі айтулы жетістіктер «бар қазаққа ортақ жетістік, ортақ мақтаныш» ретінде айшықталса құба-құп.
Мысалы, бір ғана көк байрағымызбен, я болмаса мерекелік отшашумен Республика күнінің идеологиялық маңызын халықтың жүрегіне орнықтыруға болады. Мысалы, көк туымыз – егемендік, тұтастық, елсүйермендіктің бірінші атрибуты. Республика күнінде елорданың төрінде алып көк байрағымыз желбіреп тұрса, әр адам қолына бір күн бойы ту ұстап, әскери немесе мерекелік шеруде жүрсе, жанындағы балалары да нағыз халықтық мерекенің мәнін ұғынар еді. Астананың аспанына ұшып шыққан әскери ұшақтар Қазақ Елінің көкпеңбек байрағын әуеден бейнелесе қандай ғажап! Негізі, бұл күні Қазақстан бойынша жаппай көк байрағымызды жарқыратып, желбіретіп іліп қойғанымыз дұрыс.
Әлемнің көптеген елінде Республика күні мерекелік отшашуды халықты біріктіруші құрал ретінде пайдаланады. Отшашу дегеннің өзі – адамның көңіл күйін көтеретін, зор қуаныш сыйлайтын мерекелік көрініс. Технологиялық төңкеріс заманында отшашулар шоуын өткізудің неше түрлі формасын ойлап табуға болады. Ұлттық мереке екені сезілсін десек, ол қала көшелерінен, алаңдарынан мерекелік рәуіш, сән-салтанат менмұндалап тұрғаны абзал. Ұлттық мерекенің басты эпицентрі – Қазақ Елі монументінің алаңында болып, Мемлекет басшысының құттықтау тілегін отандық телеарналар тікелей эфирде жарыса көрсетіп, кең-байтақ Қазақстанның барлық түкпіріне жеткізсе. Халықтық ән-күй, би фестивальдері, ойын-сауық іс-шаралары түннің бір уағына дейін жалғасып, мерекелік көңіл күй ғажайып отшашулармен аяқталса, бұл ел-жұрт кәдімгідей шын қуанып тойлайтын мерекеге айналады.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
журналист-публицист, Қазақстан Республикасы Президентінің
2024 жылғы БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты.
Коллаж halyq-uni.kz сайтынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!