Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қуаңшылық құрсауы қысып барады

24.06.2021, 13:00 505

Бүрсігүні облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет басқарма басшыларын қатыстыра отырып, БАҚ өкілдерімен кездесті. Қазіргі күні Сыр бойын жағалай қоныстанған халықтың ауыл шаруашылығы саласындағы ахуалы мәз емес. Жер дауынан бастап, егіннің бітік шықпауы, су тапшылығы, құрғақшылық, малдың жұтап, жем-шөпке жарымай жаппай қырылуы шаруалар мен мал бағып күнелтіп отырған ағайынның алаңдаушылығын туғызып отыр. Одан бөлек азық-түлік, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия, көлдер жүйесі мен Сырдария өзенінің деңгейін көтеру мәселелері төртінші билік өкілдерінің назарынан тыс қалмады. Әсіресе Арал ауданындағы ахуалға ешкім бейжай қарай алмады. Жиында су тапшылығы мәселесінен бастап өзге де қордаланып қалған мәселелердің басын ширатып алу үшін журналистер жауапты сала басшыларымен еркін форматта сұрақ-жауап алмасты.

– Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары Сырдария өзенінде су тапшылығы сезілуде. Бұл Арал аймағындағы мал өлімі, егістікке судың жетіспеуі, қыс мезгіліне мал азығына қажетті жем-шөп әзірлеу мен ауыл шаруашылығын субсидиялауда кездесіп жатқан күрделі мәселелерге кедергісін келтіріп тұр. Жылдан-жылға судың азаю қаупін сезінгендіктен әртараптандыруға басымдық бердік, – деді Серік Ахмет.

ЖЕМ-ШӨПКЕ  АҚША  БӨЛІНДІ  МЕ?

«Ә» дегеннен таяқтың бір ұшына ілігіп тұрған ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы баяндама жасады.

– Ағымдағы жылы облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланса, оның ішінде күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,1 мың гектарға қысқартылып, 84,4 мың гектарға егу межеленді. Облыс бойынша 187,6 мың га ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 мың гектарға артық егілді. Жалпыға мәлім, биылғы жылғы өңірдегі су тапшылығы мәселесі салдарынан күріш егісінің межеленген 84,4 мың гектар көлемі 1,5 мың гектарға дейін қысқартылып, 82,9 мың гектарға орналастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдан 6,6 мың гектарға азайды. Сондай-ақ, мал шаруашылығы бағытына биылғы жылы 2,6 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Осы бағытта жүргізілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мүйізді ірі қара – 12,4%, қой – 6%, сатып алынған асыл тұқымды мүйізді ірі қара – 14,5 %, асыл тұқымды жылқы саны 1,1%-ға ұлғайды, – деді Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев.

Баяндамадан соң журналистер бас агрономды сұрақтың астына алды. Әсіресе, мал басын көбейту үшін субсидияға қол жеткізе алмай отырған шаруалардың жайын ортаға салды.

– Субсидиялауда кездесетін мәселенің бары рас. Бүгінде жоңышқа 600-1200 теңге аралығында сатылуда. 2021 жылы жем-шөпке ақша бөлінбеген. Қазіргі күні жем-шөпке 3 млрд 700 млн теңге қаржы жетіспейді. Оның ішіне Арал ауданы да кіреді, – деді Т.Тұрсынұлы.

ӨЛГЕН, САТЫЛҒАН  МАЛДЫҢ  НАҚТЫ  ЕСЕБІ  НЕГЕ  ШЫҚПАДЫ?

Қазақ «Жұт – жетеу, содырмен – сегіз, салақпен – тоғыз, олақпен – он» деген. Табиғи апаттың зардабы адам өміріне, тұрмыс-тіршілігіне қауіп төндірген жағдайда жұтқа әкеп соғуы мүмкін екенін айтқан. Арал ауданында бірнеше аптадан бері айқын көрініс тапқан қуаңшылық – жұттың бір ағайыны. Бұл мәселе кеше, бүгін ғана қылаң беріп, лезде халықты әуре-сарсаңға салған жоқ. Сырдария өзенінде су тапшылығының сезілгеніне де төрт жылға жуық уақыт болды. Халықтың ашынатындай күйі бар. Себебі, жағдайдың алдын алып емес, жайылымдық жерлерге шөп шықпай, мал қырылып, ішерге су, күйсеуге шөп таппағанда «қылышын қиға шапқаннан» кімге не пайда? Салдарынан Арал ауданы халқы енесінен ажыраған  құлындарды  арзан  бағамен  сатуға мәжбүр  болды.

– Бұл мәселелерден хабарым бар. Бүгінде ресми мәлімет бойынша 490 бас мал шығыны болды. Айта кетейік, бұл – базада тіркелген, сырғаланған малдардың саны. Ал тіркеуде жоғының қаншасы өлгенін анықтау үшін айғақ жоқ. Мал басын сатып жатқанын да білеміз. Тіпті Түркістан өңіріне де жөнелтілуде. Кейбірі шыдамай, жолда өліп жатыр. Сатушылар жеке тұлғалар болғандықтан қаншасының сыртқа кетіп жатқанын да анықтай алмай жатырмыз, – деді Т.Дүйсебаев.

АРАЛ  АУДАНЫНДА  ТӨТЕНШЕ  ЖАҒДАЙ  ЖАРИЯЛАНДЫ

Жаз мезгілінің басталғаны енді болса да Сыр бойы халқының тіршілік етіп отырған саласының бірі мал шаруашылығынан маза кеткенінен ел үкіметі де хабардар. Маусымның екінші онкүндігінде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың тапсырмасына сәйкес Арал ауданында төтенше жағдай жариялауға байланысты құжаттар әзірленіп жатқаны айтылды. Жиында бұл мәселе де ұмыт қалмады.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес топырақ құнарын зерттеу жұмыстары аяқталды. Бүгін, ең ұзақ дегенде ертең (ертең – 2021 жылдың 23 маусымы – ред.) Арал ауданында төтенше жағдай жарияланады. Тиісті құжаттар рәсімделуде, – деп мәлімдеді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы М.Усаин.

СУДЫҢ   КӨЛЕМІ   АЗ

Бірнеше жылдан бері суару науқанында болатын су тапшылығы биыл дарияның ұлтанын ерте көрсетті. Жыл сайын кезектесіп суарып жүрген шарулардың жағдайы тіпті қиындады. Оған себеп – су тапшылығы.

 – Сырдария өзеніндегі соңғы жылдардағы су тапшылығы негізінен вегетациялық кезеңге байланысты азайып отыр. Қазіргі уақытта Сырдария өзеніне келіп жатқан судың көлемі шекарадан 65-70 текше метр шамасында. «Шардара» мен «Көксарайды» қосқанда 3,9-4 млрд текше метрге жуық су бар. Болжам бойынша, «Шардарадан» шамамен – 250, «Көксарайдан» – 300, барлығы 535-540 текше метр су келуде. Өткен жылдармен салыстырғанда аз. Бүгінде егін егу маусымы бітті, күріш суға бастырылды. Маусым айының аяғына дейін осы су деңгейі қалыпты сақталса, шілде айынан бастап тиісті шаралар енгізіледі. Қиын болса да, вегетациялық кезеңнен шығамыз деген үміт бар, – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

БАҚ өкілдерінің басын қосқан жиында бүгінгі күннің өзекті мәселелері қамтылды. Оның ішінде мал миграциясы, метеорологиялық болжам, картоп, сәбіз секілді көкөніске субсидия беру мәселесі де бар. Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесін қалпына келтіру үшін шаралар қолдану, өзен арнасын тазалау жұмыстарын жүргізу мәселелеріне де жауап алынды.

Басқосуда БАҚ өкілдері ойларын ортаға салып, келелі ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары шараны қорытындылай келе, ақпарат кеңістігінің аясын кеңейтіп, ауқымды шараларды бірге атқаруға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар тұрғындарға вакцина алудың маңыздылығын насихаттап, алдағы ауыл әкімдерінің сайлауы мен халық санағы науқанына жұмыла кірісуді сұрады.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: