Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанның отыз жылдағы жеңісі – аймақтық мүддесінің орнауы

04.01.2021, 11:15 615

HALYQLINE.KZ

Осы күндері солтүстік көршінің жер мәселесінде арагідік болса да шәуілдеген үндері шыға бастағанына, отандық саясаткерлер тұрмақ қарапайым ауылдың баласы да қанық болып алды. Ең қызығы, «бірден реакция неге бермеді?» деп, бір апта қоғам шулағаннан кейін барып, біздің ресми министрліктер жауап қатып, қарсы саяси хатын жолдады.

Әрине, маман ретінде толық осы ресми органдардың әрекеттерін ақтап алуға болады. Біріншіден, министрліктер – саяси тағайындалмалы лауазымдар, екіншіден, кәсіби әккі дипломаттар ретінде барынша жеті рет өлшеп бір рет кесетін мемлекеттік шешімде асығыстық таныту үлкен саяси қателіктерді тудыратынын бізден жақсы біледі. Хош, бұл ресейлік саясатындағы шала тарихи сауатты саясаткерсымақтарға бүкіл ел болып қайткенмен жауабын қайтардық деп түсінейік. Бірақ сигнал, былайша айтқанда, өте-мөте байсалды әңгіме болып, алдағы жылдарға қалып отыр.

Осы кезде «екінші алпауыт аспанасты Қытай елі не істеп жатыр екен?» деген ой туады. Осыдан үш жыл бұрын Қытайға Шанхай Ынтымақтастық ұйымының шеңберінде Жазғы лагеріне барған кезімізде, Ресейден гөрі осы Қытаймен жақын болуымыз керектігіне сеніп қайттым.

Бұл қалай дейсіздер ғой, себебі Қытай ең басты экономикалық әріптесіміз ретінде мемлекетке тікелей 20 млрд АҚШ долларын салып үлгірген. Бұл – басқа елдерден анағұрлым көп қаржы. Естеріңізде болса, тоқсаныншы жылдары орысша жақсы білетін Цзян Цзэминмен жеке достық қарым-қатынаста болған Елбасының тікелей қатысуымен қазақтың жеріне қатысты нақты шешімдер қабылдатқан. Әсіресе 1996-2002 жылдары Қазақстан жағына 53 пайыз, Қытай жағына 47 пайыз сағызша созылған даулы жер аумақтарының мәселелері шешілген. Соңғы қол қоюда қазіргі Президентіміз, сол кезде Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қазақ-қытай шекаралық сызықтарының демаркациялары туралы Хаттамасы бекітілген. Бұл былайша айтқанда ғасыр жетістігі болатын. Егер Қытаймен сол жылдары шешілмесе, жер дауы, қазір Ресейдің Жапониямен ғасырлап шешімін таппаған Куриль аралдары сияқты халықаралық дауға айналар ма еді?!

Сонымен Шанхайдағы сапардан түйген ойларыма оралсақ, Қытай тарабы жалпы алдағы ғасырларға жоспары егер американдық сарапшылардың еңбектерін оқысақ, Орталық Азияны толық шикізат қоры аймағына айналдыру жоспары бар. Әлбетте, 1,4 млрд халқы бар елдің ішкі азық-түліктік хәм энергетикалық қорымен қамтамасыз ету үшін осындай қадамдарды бағдарлайды. Бірақ бұл жоспарда Қазақстан қандай орын алады?

Егер кәсіпкерлік көзқараспен қарасақ, бұл жоспардан құр қалмай, біз де дамуымыз керек. Қытайдың Ұлы Жібек жолы – экономикалық белдеуінде еліміз осы белдеудің 78 пайызына дейін логистикалық-көлік жолы, тасымалдау жолдарын қамти алады. Бұл – әлемдік практика, қазіргі Еуропалық Одақтағы Бельгияның рөлімен байланыстырсақ болады. Барлық белдеулердің транзиттік маршруттарының бел ортасында отырған Брюссель саясаты осыны тиімді пайдаланып отыр. Бельгия бір ғана транзиттік түрлі тасымалдау жолдарын Еуропаның төрінде отырып жүргізіп, қыруар табыс тауып отыр. Міне, осы бағытта Қазақстан да қалыс қалмай қимылдауда. Бұл да ел басшыларының сарабдал саясаты екенін мойындауымыз керек.

Айтпақшы, бұдан бөлек еліміз химиялық, көлік құрылысы, энергетикалық, металлургиялық бағыттағы Қытаймен қарым-қатынастарын жүргізіп отыруы сенімді экономикалық серіктестігі ретінде өзін көрсетеді. Осы ретте, Қытайға көрші елдің ішкі немесе халықаралық саясатындағы тыныштығы болғаны толғандырмай қоймайды емес. Сондықтан да Абылай заманынан бері келе жатқан көпвекторлы еліміздің саясаты тек қана сенімді экономикалық серіктестікті ғана орнатып қоймай, саяси тұрақты достық қарым-қатынасындағы көршілерді орната беруі – ауадай қажетті мәселе.

Сол себепті аймақтық ұйымдардың, әсіресе Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қарым-қатынастық функцияларын тереңдете беру абзал. Яғни, кезіндегі Елбасының Үлкен ашық Еуразиялық интеграциялық идеяларын күшейте беруді жалғастыру қажет.

Үшінші бағыт, әрине Орталық Азиядағы түбі бір туыс түркі жұртымен байланысты жандандыра беруді де жоққа шығармаған дұрыс. Ресейдің ойлағаны Түркия жүрген жерде, оның артында тұрған Еуропалық мүдделермен байланысты геосаяси аймақтық мүдделері болуы мүмкін. Дегенмен, Қазақстан да геосаяси мүдделерінде Қытаймен де, Орталық Азия елдерімен де аймақтық тұтастық мүдделерін берік жүргізе береді.

Кезінде бір данышпан айтпақшы, «сенің еркіндігің аяқталған жерде менің еркіндігім басталады» деп, біз ұлттық мүддедегі саясатымызға, Ресейдің не басқаның саясатын алдын алу, болжау, қатерлерді анықтау тетіктерінде қырағылықты танытуда осалдық танытпай қимылдау келешектегі дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ететіндігіне сенеміз. Өйткені осы бағытта отыз жылдық тәуелсіздігін сақтап келген Қазақстанның да аймақтық мүддесінің жарқын болуына септігін тигізе білді.

Сондықтан, кейде достықта және көрші болуда сыртқы аймақтық саясатта нақты мүдде болу шарт екені даусыз. Сол Қытаймен – экономикалық мүдде, Ресеймен – экономикалық мүдде, Орталық Азия елдерімен рухани-экономикалық құндылықтық мүдде сияқты. Ағылшын түлкісі атанып, қарымды саясатта талай рет жеңімпаз болып шыққан Уинстон Черчильдің өзі де осыны айтпады ма, Англияда достар емес, оның тек өзінің мүддесі ғана бар дегені, әлі де өзекті…

Мақсат  ЖАҚАУ,

аймақтанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: