1. Әлем. Әлем қайда бара жатыр, біздің алатын орнымыз қандай? Әлем астан-кестен, ертең не болары белгісіз, дағдарыс жалғасуда. Оған қосымша климаттың жылынуы, миграция, аймақтық соғыс, киберқауіпсіздік, т.б. келеңсіздіктер қара бұлттай үйірілуде. Неге мен деген G7, G20, дамыған мемлекеттер, Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) мұндайға дәрменсіз болып тұр? Сонда мұның түп тамыры неде деген сұраққа жауап берсек. Қазіргі өркениет қоғамының, экономиканың, табиғаттың даму заңдылықтары бұзылып, руханиятсызданып, деградацияға түсуінде. Екінші жағынан капиталистік дамыған мемлекеттер азуын айға білеген АҚШ-қа қарсы аузын аша алмай, соның тек үстемдік етіп баю саясатының жетегінде кетуде. Уақытында генийлер шыққан Еуропа цивилизациясының да қоғамды жаңғыртуға, дағдарыстан шығуға ғылыми дәйекті тұжырымдамасы болмай тұр.
Мұндайда әлемде қоғам дамуының парадигмасы өзгеру керек деген ой келеді. Оны аймақтық, әлемдік соғысқа жеткізбей, эволюциялық жолмен әлі де жасауға болады. Жалпы қоғам дамуының жаңа концепциясы керек.
Алдымызда капитализм мен социализмнің орнына келетін жаңа цивилизация, кезекті 7-ші формация, сана ғасыры тұр. Егер әлемдік соғыс болмаса, қоғам мен мәдениетке енді келетін басты құрылым – ол «ИНТЕГРАЛДЫ ҚОҒАМ, КОНВЕРГЕНТТІ ЖОЛ» (интегральное общество, конвергентный путь развития). Жаңа «интегралды қоғамды» жетінші формациялық қоғам, жетінші уклад деп атауға болады. Әлеуметтік-мәдени интегралды құрылымында білім мен ғылым, гуманитарлық этика, жоғары мәдениет және осылардың бірлігі гуманитарлық өркениеттің дамуына тікелей әсер етеді деген пікірді білдіремін. Менің ойымша, жаңа интегралды қоғам осы уақытқа дейінгі цивилизациялық дамудың ең жақсы құндылықтарын ескеріп, әсіресе капитализм мен социализмнің жақсы тәжірибесін алып, алдағы жаңа технология, жасанды интеллект, роботтандыру, адам геномы, т.б. жаңа туатын әлемнің жаңалықтарын пайдалану керек.
Екі концептуалды бағытты: біріншісі көнеден келе жатқан тарихи, рухани-адами құндылықтар мен екіншісі ХХ-ХХІ ғасырдың жаңа үрдістерін бірге електен өткізіп, адамзат пайдасына қолданған жағдайда қоғам жаңғырады, гуманистік идеология туады. Ары қарай қоғамдық және өндіріс қатынастарын, адам теңдігін, әділеттілікті, келісімділікті, мегодипломатияны, шығыс философиясын, батыс демократиясын, ізгілік тәрбиесін қамтитын жаңа жүйені қажет етеді.
Алда келе жатқан ғылыми революцияны ХХІ ғасырдың Самұрық құсы десек, сол құстың екі қанатының біреуі рухани-мәдени дамуға серпіліс беру болса, ал екіншісі – жаңа технологиялық серпіліс беру. Интегралды қоғамның іске асыру тетігі де осында жатқан сияқты.
Біз де осы идеяға аса мән беруіміз керек. Бұл ой Қазақстанның болашағына және жаңа идеология жасауға мүмкіндік береді. Әр елдің, әр мемлекеттің өз даму жолы, өз саясаты болуы мүмкін, ол заңдылық та, ал бірақ дүниежүзінің галактикалық дамуына келгенде мемлекеттердің өзара қарым-қатынас, келісім арқылы бір ұстанымға келгені жөн.
Осы орайда БҰҰ, G7, G20 мемлекеттеріне жіберген ұсыныстарымның бірін айтсам. Әлемде болып жатқан нәубеттерді, келеңсіздіктерді шешуге септігін тигізетін жолдың бірі БҰҰ-ын трансформациялап, статусын көтеріп, басқа құрлыққа (Азия) көшіру керек. Тек халықаралық және ғарыштық, планетааралық проблемаларды заңмен шешетін «Әлемдік парламент» құру керек, т.б. Бұл құрылымдар алдағы келетін гуманитарлық ноосфералық өркениет заманына қызмет ететін болады. Түбінде бір кездерде әлемдік азаматтық қоғам болуы мүмкін.
2. Қазақстанның жағдайы. Бізде идеология бар ма? Қазақстан өтпелі кезеңде тұр. Қазақстан егеменді ел болғалы 32 жыл. «Ә» дегенде үміт күшті еді. Біз халық депутаттары сол кездегі Жоғарғы Кеңесте тұңғыш Тәуелсіздік декларациясын қабылдағанда көзімізден жас шығып, ата-бабамыздың аңсаған арманына жеттік деп алғашқы заңдарды қабылдадық. Өкініштісі сол, шаш етектен байлығымызды ел ырысына пайдалана алмай, реформаны дұрыс жүргізбей, біз бюрократиялық, олигархиялық, спекулятивті капитализм құрсауында қалдық. Қанша айтсақ та экономикамызды әртараптандырмай мәнді тек мұнай-газ, қазба байлыққа бергендіктен, қазір жағдайымыз қиын, шикізат елі болдық.
Осы жылдары жіберген биліктің әлеуметтік-саяси қателіктері жеткілікті. Сөз, ақпарат бостандығы, жерге иелік ету мен тіл бостандығы, адам құқығын сақтау жолында ат төбеліндей халық талай боздақтарынан айырылды, талайы түрмеде жатыр, шетелде де жүр, т.б. Халық оны ұмытпайды.
Елімізде сыбайлас жемқорлықтың шарықтағаны соншалықты, оның ішінде бұрынғы Премьер-министрінен бастап биліктің барлық сатысының өкілдері бар. Осының бәрі сол кездегі Қазақстан Республикасының бірінші Президентінің мемлекетімізді басқарудағы көп жылдар бойы жіберген кешірілмейтін күрделі қателіктері. Оның Конституцияға көптеген өзгеріс жасатып, өз мүддесіне, тек айналасына жаратқандығы.
«Сонда БІЗДІ 30 жыл кім басқарды?» деген сұраққа тоқталайын.
Ар жағын қойғанда Абай мен Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсыновтан бастап, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, т.б. қазақ үшін бейбітшіліктің құрбаны болған небір арыстарымыз, қазақ зиялылары, халық білсе егер МЫНА СҰМДЫҚТЫ.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған, риясыз күрескен ҚР Тәуелсіздігін алғалы 30 жыл бойы бізді қандай білімі де, моралі де төмен, Абай айтпақшы қазақты сылап-сипап, ізгілікті өмірге баулып емес, бір жағынан қазақты төпелеп, езіп отырып, бас көтергендерді қағып тастап, ал екінші жағынан (коррупциямен) паралап отырып, айналасына ат төбеліндей жағымпаздарын жинап алып, диктаторлық режиммен басқарған адамды сол ұлыларымыз есітсе, мұны қазаққа жасаған кешірілмейтін қиянат, қылмыс, тарихи қате дер еді.
Мұның ақыры қаралы Қаңтар оқиғасына келіп тірелді. Қазіргі халықтың күннен-күнге күнкөрісінің төмендеп бара жатқаны, қымбатшылық соңы үлкен наразылыққа алып баруы мүмкін. Қоғамда билікке сенім кетіп барады, елді бір дәрменсіздік билеп тұр. Бізде 10% ең кедей мен бай арасы 6-7 есенің орнына 30 еседен асып кетті. Егер біз ел ішін кернеген теріс күштерге даяр болмасақ, онда қоғам ыдырайды. Қазір біздің қоғамда моральды тозу (износ) дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр.
Қазіргі билік жоғарыда айтылған кемшіліктерді сезіп, әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін біраз реформалық қадам жасауда (Конституцияға өзгерістер, халықтық референдум, Президенттік, Парламенттік сайлау, т.б. заңдарға өзгерістер). Бірақ бұл күрделі өзгерістер қаншалықты 30 жыл бойы қордаланған дағдарыстан алып шыға алады? Оны уақыт көрсетер.
Қазір ауыл тозды, ал жоғарғы білімді тауарға айналдырып жібердік, басым көпшілігі сапасыз, ақылы. Біздің мектеп жасындағы балаларымызды Ресей талай жыл бойы жеңілдікпен алуда. Біз жастарымыздан айырыла бастадық. Бір өте тәжірибелі профессор айтты, қазір бастапқы курс студенттері менің сабағымда ашық айтады дейді, шетелге кетсек екен, мұнда білім де, перспектива да жоқ деп. Бұл 11 жыл оқып мектеп бітірген балаларда өте ауыр сигнал, санада дәрменсіздік, алдағы бұл жердегі өмірге сенімсіздік тұр. Олар – кеше ғана мектеп бітіргендер. Сонда мұғалімдер кімді тәрбиелеп отыр, отансүйгіштік, патриотизм қайда? Мектептің халі анау, бір Талдықорған өңірінің білім саласы басшылары миллиондап жеген. Ал тексеріп жіберсе, бүкіл Қазақстанда ондай жерлер жетіп артылады. Жалпы мұғалімдердің сапасы, кәсіби біліктілігі төмен.
Елімізде жоғарғы білімнің деңгейі құлдырап кетті. Бітірген студенттердің 50%-дан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Университеттер қандай да бір мамандық иесі болса да, басып шығара беретін «конвейер» сияқты. Себебі біздің студенттеріміз шынайы өмірден алшақ, абстрактілі білім алуда. Бұған елімізде дұрыс жүргізілмеген мемлекеттік білім саясаты, екінші кезекте сапасыз маман дайындаған жоғары оқу орындары, үшінші ықыласы болмаған түлек те кінәлі.
Маман тәрбиелеудің сапасы нашар болса, ал адамның рухани жан дүниесінің тәрбиесіне көңіл бөлу жағы тіпті сын көтермейді. Бұл жүйе болып, қанға сіңіп кеткен сыбайластық қой. Осыны кім ойлап жатыр, ойласа да тек формальды түрде. Себебі жоғарыда бастаған өздері отыр.
Ата-анаға да үй тәрбиесіне қоятын талап жеткілікті. Бәрін ұстаздарға, мектепке асып қоюды қою керек. Көше атмосферасы, тәрбиесі – өзінше бір проблема. Анығын айтар болсақ, дипломы көп білімсіз қоғамға айналып бара жатырмыз. Білімсіз қоғам – «сусыз диірмен».
Мен экономист болсам да тек идеологияға байланысты мысалдар келтірдім. Елдегі қордаланып қалған келеңсіздіктердің қайсы бірін айтасың? Осылай кете берсек, біз 21-ғасырдағы өркениет пойызының соңғы вагонына білімсіз міне алмай, мәңгілік шикізат елі болып қалуымыз немесе алпауыт елдерге жұтылып кетуіміз мүмкін. Қазақстанда білімді қоғам құрмай демократия болмайды, жаңа өркениетке ене алмаймыз.
3. НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Басты мақсат – Қазақстан халқының ынтымағын, бірлігін, тұтастығын сақтау арқылы экономиканы тұрақты дамытып, демократиялық өркениетті елдер қатарына қосылу. Бұл ой дұрыс-ақ дейік, ал енді осыған мына түрімізбен қалай жетеміз? Бізге 70 жыл бойы Кеңестер одағынан келе жатқан, егеменді ел болғалы 30 жылда түсіп кеткен рухани дағдарыстан шығу керек. Біз өте ауыр тағдырдың ағысында, рухани өткелде тұрмыз.
Менің ойымша бізге рухани серпіліс өте қажет, ал ол болса жаңа білім арқылы келеді. Білім бұлағы жүйесінің балабақшадан бастап барлық деңгейіне, іргелі ғылыммен қосып өте күрделі өзгерістер қажет.
ЖАҢА ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТҮП ТАМЫРЫ – БІЛІМДІ ҚОҒАМ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНҒА РУХАНИ СЕРПІЛІС ЖАСАУДА!
(Новая идеология Казахстана должна основываться на новые знания и духовного обновления общества). Осы идеяны іске асыру үшін, тіпті бүкіл Қазақстанға рухани-әлеуметтік жобалардың конкурсын жасайық, гранттар берейік, бүкіл Қазақстан халқын жұмылдырайық.
Мүмкін төменнен бастап әр оқу орындарында адам тәрбиесі туралы Абайдың «Толық адам ілімі» жөнінде оқу пәнін енгізу керек болар? Бізде жақсы мұғалім, дәрігер, сәулетші, экономист, заңгер мамандар жоқ емес, бар. Бірақ өкініштісі қазір мамандардың Абайдың «толық адам» концепциясына сай, біліктілігімен қатар, адами қасиеті мен рухани толымдылығы сай болмай жатады. Себебі ұстаз бойындағы білім мен біліктілігін үнемі дамыту hәм ізденіс үстінде болуы керек.
Ең басты мәселе – білім мен тәрбие арқылы адамның жоғары санасын қалыптастыру, оның зиялылық әлеуетін көтеру. Сонда ғана адам өзінің бар мүмкіндігін іске асырады. Әр нәрсенің де көпшілік көре бермейтін қыр-сырын, артық қасиеті-нұрын тану, көру, білу – тек білімді адамда ғана болатын қасиет. Егер өркениет көшіне ілескіміз келсе, біз осыған талпынуымыз қажет. Білімнің жоғарғы мақсаты – білім беріп қана қоймай, рухани адам тәрбиелеуді көздеу.
Білім мен ғылымның барлық деңгейінде тегін оқыту керек. Олар ертең еселеп пайдасын береді. Үздіксіз білім берудің фундаменталдылығын, гуманитарлығын, қазіргі заманға сай креативтілігін тез саралап, бұрынғы әлем мойындаған Кеңестер одағының білім мен тәрбие берудің өзіндік, қазақстандық ұлттық үлгісіне көшуіміз керек. Мектептерде тиімді оқыту әдістемелерін, материалды-техникалық базаларын және оқыту сапасын көтермей Қазақстан басқа елдермен бәсекелес бола алмайды. Келешекті жасау үшін жастарға интегралды білім беру қажет. Бұл – білім берудің жаңа сатысы.
Бұл жерде бізге көмек беретін ата-бабамыздың, түркі тегінің ғасырлар бойы жинап келе жатқан рухани-мәдени, тарихи құндылықтары, иммунитетін қалыптастыратын тегінің генетикалық күштері. Ұлы Абайдың, әл Фарабидің, т.б. жалпы шығыс философиясы ілімі көмекке келеді, егер толыққанды айналыссақ. Міне, біз осы тегіміздің әлеуметтік салаларын сүттің қаймағындай бетке шығарып, үлкен басымдық беріп, инвестиция салып дамытуымыз керек.
Батыс өркениеті тек байлықты ойлап төмен кетіп, әлемдік даму процесі енді оңтүстік шығысқа, Тынық мұхит аймағына бет бұрды. Батыста «психодуховный кризис» жүруде. Ал бізге керегі шығыстың мораль философиясын пайдаланып, Лао-Цзы, Будда, Конфуций, Әл-Фараби, Ибн Сина, Баласағұни, Яссауи, Қашқари, Науаи, Дулати, Абай, т.б. арқылы рухани серпіліс алу.
Интегралды қоғам арқылы іске асатын мұндай идеология әлі еш жерде қабылданған жоқ. Мұндайда қоғам дамуының жаңа парадигмасы, рухани климаты өзгереді деуге болады. Қазақстанның жаңа идеологиясының атын «Білімді қоғам мен рухани даму – Қазақстанның бүгіні мен ертеңі» деп атауға болар еді. Тек білімді қоғам, білімді ел кез келген қиындықтан шыға алады. Бүкіл халық болып білімді қоғам мен рухани-адами дамуға ат салысайық, жобалар жасап, инвестиция салып, іске асырайық.
Қазақстанның үдемелі дамуы үшін жаңа идеологияға 2 түбегейлі мәселені қосып бірге шешу керек. Біріншісі – экономиканы үдемелі дамыту, екіншісі – ауыл-аймақты жаңғырту.
1. Әр 5 жыл сайын іске асатын ұзақ жылдарға арналған «Қазақстан экономикасының үдемелі дамуының жаңа моделін» жасау керек. Оның негізгі бағыттары: экономиканы әртараптандыру арқылы инновациялық даму, өнеркәсіп құрылымын өзгертуге технологиялық пәрмен беру, аймақтарды специализацияға көшіру, кіші кәсіпке жаңа импульс беру, әлеуметтік инновацияға көшу, т.б.
Мемлекетті 5-тік спиральмен жаңаша басқару жобасы жасалған. Мұндай жоба әлемде бірінші рет ұсынылып отыр. Олар мемлекет, бизнес, ғылым, қоғам және адам қажеттілігі, ақпараттық жүйе сынды мемлекетті тиімді басқарудың 5 базалық элементінен тұрады. Әр блок бойынша жобалар мен тетіктері дайындалды. Бұл жобаның нұсқасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жіберілген.
2. Ауыл-аймақты жаңаша дамытудың алты тұғырын ұсынамын. Ол үшін аймақтарда мынадай өсу нүктелерін белгілеп, барлық ресурстармен қамтамасыз етілген мегажобаларды іске асыру қажет.
1-ші мегаполис, Оңтүстік өңірі. Түркістанды рухани жаңғырту, Ұлы Жібек жолын жандандыру арқылы «РУХАНИ АСТАНАҒА» айналдыру. Мұның Түркі өркениетін интеграциялауда халықаралық маңызы жоғары. (2012 жылы құны 8,5 млрд АҚШ доллары тұратын бұл жоба ҚР бірінші Президентіне жіберілген болатын). Іс-шаралар жүргізілуде.
2-ші мегаполис. Астана қаласына «Сарыарқа» атын беріп, оны мемлекетіміздің басқару, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар орталығы, әкімшілік-ұйымдастырушы, мегадипломатиялық отанымыздың бас қаласы ретінде дамыту.
3-ші мегаполис. Алматы еліміздің зияткерлік (интеллектуалды), халықаралық деңгейдегі мәдени, ғылыми, бизнес, туризм, қаржы орталығы болуы керек. Алматының 21-ғасырда цифрлы экономика негізінде «инновациялық қала» атағына ие болуын іске асыру керек.
4-ші мегаполис. Алаш Орда зиялылары шыққан Семей өңірін, миссиясы Ұлы Абайдың рухани мұрасын (Конфуций сияқты) бүкіл елімізге, шетелге де таратып іске асыратын киелі орталық ету.
5-ші мегаполис. Батыс Қазақстан өңірлері мұнай мен газды, шикізат, тағы басқа табиғи ресурстарды жаңа технологиямен қайта өңдеу өндірісін дамыту арқылы еліміздің бай орталығы болуы керек.
6-шы мегаполис. Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстанды басқа өңірлермен қоса индустрия мен ауыл шаруашылығын кешенді дамыту мақсатында «Қазақстанды азық-түлік державасына» айналдыру. Осылай Қазақстан әлемнің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізіп, жаңа өркениетке қызмет ететін бірден-бір елге айналады.
Жаhандану заманында еліміздің дамуына жаңаша көзқараспен, жаңа идеяларды, инновациялық жобаларды іске асырғанда ғана біз әлемдік өркениеттің көшіне ілесе аламыз. Түркістан мен Семей сынды «текті» қалаларға қазақтың рухани дамуының негізі ретінде қарап, өте үлкен мән беріп, дамуымыздың бірінші басымдығын беру қажет.
ХХІ ғасырда, жаһандану заманында алдағы өркениеттік сұраныстарға жауап беретін Семей қаласында «Абай атындағы халықаралық рухани Академия» құрудың маңызы зор. Бұл академияда Абайдың мұрасын, шығыс философиясын зерттейтін, пәнаралық ғылыми ізденістер жасайтын, Еуразия кеңістігіне ғылыми кадрлар дайындайтын орталықтар қызмет етсе, өркениеттің дамуына үлкен септігін тигізер еді.
Осы стратегиялық маңызы бар жобаларға (Мемлекет және жеке бизнес иелері) инвестиция құйып және 32 жыл бойы заңды белшесінен басып, есепсіз байығандардың миллиардтаған қаражатын, меншіктерін тәркілеп, халықтың игілігіне жарату керек.
Әр адамның еркін дамуына жағдай жасау – идеологияның басты шарттарының бірі. Абайдың сөзімен аяқтағым келеді. Абай айтады: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз». Қаншалықты дамысақ та, ғарышты игерсек те, түбі бір ауылға оралатыныңды ұмытпа!
Оразалы СӘБДЕН,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик
Өте жақсы айтылған, мен өзімнің мектебіме қандай идеологиялық сөз жазсам болады екен? Сол маған уайым болуда, поштама жіберсеңіздер болады