Бұған дейін белгілі болғандай, «Қызылорда қаласының әкімі» деген лауазымға бірқатар басшылық қызметтерді атқарған Ғанибек Қазантаев келіп отырған еді. Жаңа әкімнің жұмыс аптасы басталғанына да бір жеті өтіпті. Уақытында шаһарды 8 жыл басқарған Нұрлыбек Нәлібаев туралы ел-жұрт жақсы пікір білдірді. Әрине, осыншама уақыт басшылық қызметте болып, қаланың отымен кіріп, күлімен шығу да оңай шаруа емес шығар. Десе де, ауыс-түйістердің, өзгеріс-толықтырулардың болып тұрғаны дұрыс. Өйткені, ауа тазарады, жаңа көзқарас туады.
Біздің бүгінгі сауалымыз «Қазантаевтан қандай өзгеріс күтесіз?» деген тақырыпқа арналды. «Сіз не дейсіз?» айдарында журналист Жолдасбек Ақсақалов пен саяси ғылымдарының кандидаты Мұрат Насимов өз пікірін білдірді.
Сіз не дейсіз?
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
журналист:
ӘКІМ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЦИФРДЫ ЖӨНДЕУІ ТИІС
– Көпшілік экс-әкім Нұрлыбек Нәлібаевты «қаланы таза етті» деп жатыр. Мейлі ғой енді, бірақ әкім басқа немен айналысады? Ол онсызда жұмысы емес пе? Қала әкімі экономикамен айналысуы керек. Бірақ, ол – жекенің қолында. Біз нарық экономикасын құрдық, оған 30 жыл болды. Десе де, әлі ескі түсінікпен жұмыс істеп жатырмыз. Экономика жеке адамдарға жұмыс істеп жатыр дедік ғой, осыған әкімнің қандай ықпалы бар? Мүмкін, кіші және орта бизнеске ықпалы бар шығар, шыны керек, одан өзгеге ықпалы бар деп айта алмаймын. Міне, мәселе! Біз Қазантаевтан осыны күтеміз.
Ғанибек Қазантаев әкімдікте отырып тәртіп сақтай ма, тазалық сақтай ма деген секілділер – үшінші не төртінші қатардағы мәселе. Ең бірінші, экономика болуы керек! Бүкіл Қазақстанның экономикасы бір мұнайға тәуелді болып отыр.
Ең ауыр мәселе, Қызылорда қаласында сырттан алатын ақша өте көп. Әрбір 100 теңгенің 80 теңгесі сырттан келеді. Өзіміздің табатынымыз 20 теңге ғана. 20 теңгені Қазантаев 30, 40 теңгеге көтере ала ма? Бизнестің жаңа көзін аша ала ма? Экономиканың табыс келтіретін жаңа тетігін таба ала ма? Әңгіме соған байланысты. Заманауи әкімнің жұмысы осындай болуы керек. Біз осыдан 20-30 жыл бұрынғы таптаурын болған жолмен жүрмеуіміз керек. Тағы да айтайын, қаланың тазалығы үшінші не төртінші қатардағы мәселеге айналуы керек. Бірінші мәселе болып экономика тұруы шарт. Сонда ғана әкімнің дұрыс жұмыс істегені болып саналады.
Біз баяғы ескі түсінікпен «Ой, әкім деген керемет болды, пәленбай жыл жұмыс істеді» деп жүрміз. Бізде 16 аймақ бар. Сонда Қызылорда қаласы ең соңғы қатарға жайғасқан. Ондай цифрды мен ондап, жиырмалап келтіріп бере аламын. Қызылорда қаласын облыс орталықтарының ішінде 14, 15-орыннан 10-орынға сүйрей алса, сол – әкімнің жетістігі. Бұл экономикалық табыс жөнінен. Өйткені, біздегі цифрдың бәрі – нашар. Әсіресе, экономикадағы цифр өте нашар.
Білімге білім саласы жауап береді, әкімнің оған онша қатысы жоқ. Құрылысқа да тиісті адамдар бар дегендей. Әкім экономикалық цифрды жөндеуі тиіс. Әкімнің еңбегі 2-3 жылдан кейін табыстың көзін қаншалықты молайтқанына байланысты бағалануы қажет. Бізге ақшаның бәрі сырттан келеді. Соның үлесін барынша азайтуымыз керек.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор:
ҚАЛА ӘКІМІНЕ МЫҚТЫ САЯСИ ТЕХНОЛОГТАР ҚАЖЕТ
– Әр елде әртүрлі әлеуметтік желі жоғары деңгейде қолданыста екені анық. Меніңше, ең біріншіден, әкімдер әлеуметтік желілерді, оның ішінде жергілікті халық жақсы қолданатын желілерді қарап, сараптап, лайықты сыннан қорытынды шығарып отыруы керек.
Екіншіден, қалада қалыптасқан қоғамдық пікірлер ескерілуі керек. Жаңа әкім ел арасында әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастыруды қолға алады деп сенемін. Бұл қандай индикаторлармен жұмыс істеу маңызды екенін сараптау үшін қажет болады. Сауалнамада барлық мәселелер қамтылса, сол арқылы басты проблемалар көрінеді. Қазіргі таңда сауалнама жүргізу көп қаражатты талап етпейді. Белсенді азаматтар жоғарыда айтылған әлеуметтік желіде отыр немесе әлеуметтік желілер арқылы ойын білдірмейтін азаматтармен мессенджерлер арқылы байланысуға болады. Электрондық пошталарға жіберіп те пікірлерді анықтауға болады. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келетін қадам деп ойлаймын. Неғұрлым ашық жүргізілген сауалнама өз нәтижесін береді. Негізі мұндай қадам Қырымбек Елеуұлы облысқа басшы болып келгенде жүзеге асты да, кейіннен тоқтап қалды. Өйткені, қоғамдық пікірді сұраған әлеуметтік сұраулар кейін болмады. Әлеуметтік топтарды анықтауда қала әкімі белсенділік танытуы тиіс. Мұндай топтар ел арасында өте көп. Жалпы айтқанда, халықпен ашық байланыс орнату керек. Қазіргі карантин жағдайында бұл тек әлеуметтік желі арқылы мүмкін болып тұр. Үшіншіден, қаламызды бұрын басқарған әкімдер тәжірибесіне мән берген дұрыс деп ойлаймын. Бұл тұста стратегиялық жоспарлаудың әдісі болып табылатын SWOT-талдау жүргізген дұрыс сияқты.
Әлеуметтік желілерден жиі байқаймыз, жұртшылықтың басты мәселесі – жол, су, жарық, қоғамдық көлік, интернет байланысы, азық-түлік пен коммуналдық төлемдердің көтерілуі және т.б. Осы мәселелер бұған дейін де өз шешімін тауып жатыр, десе де бұлар әлі де маңызды және жақын арада маңызын жоймайды. Қала әкіміне мықты саяси технологтар қажет. Бірақ, олар PR жағына көп мән бермеуі қажет. Көп жағдайда біз PR арқылы жұмыс істейміз. Шынында жұмыс жүріп жатыр ма, жоқ па, белгісіз. «Басшылар PR жасауға қалай уақыт табады?» деп те ойланасың кейде. Халық нәтижеге мән береді және нәтижелерді қолдайды. Қалаға түрлі-түрлі саяси маркетингтік қадамдар жасап көруге болады. Шет аймақтардың мәселесі өз алдына бір төбе. Жалпы, кез келген жерде мәселе бар. Соны шешудің тиімді жолдарын табу әкімнің жұмысын көрсетеді.
Пікірлерді жинақтаған
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!