Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы – жан рақаты

03.06.2021, 12:00 639

Арал мен Қазалының арасы бар болғаны бір сағатты құрайды. Аралдан шыққанда ыстық күннің керімсалы әлі тарқамаған еді. Көліктің әйнегімен шағылысып, тізгіндегі жүргізушіге де, оның қасындағы маған да, қалам ұстаған үзеңгілес серіктеріме де ыстық күн шапағын шашып тұр. Бәлкім, бұл – тірліктің соңынан кеткен қалалықтың мойнына салған көзге көрінбейтін арқанның босатылғаны шығар. Не де болса, арқаны кеңге салып, жайбарақат күйде келеміз. Сапарлатып алыс-жақын елдің жағдайын біліп отыру дұрыс-ақ, бірақ бұл журналистердің «жортуы» бекер емес. Ауыл халқының жағ­дайын біліп, атқарылып жатқан жұмыстармен  танысу…

Қазалыға жеткен соң, алдымен аудан әкімдігіне жол тарттық. Себебі, онда жаңа баспасөз орталығы ашылған екен. Ең алғашқы брифингті Қазалы ауданының сол кездегі әкімі Мұрат Ергешбаевтың өзі бер­мекші. Біз ауданға кешкілік жеткенімізге қарам­ай брифинг өтетінін айтты. Ертесіне бола­тын ауыс-түйістерді сезіп, бұл орталықтың тікелей өз ықпалымен ашылғанын көрсеткісі келсе керек. «Жоқ» демедік, бір ауыздан келісіп, жаңа баспасөз орталығымен танысуға  аттандық.

– Бүгін өздеріңізбен еңселі ғимаратта ашылған «Баспасөз орталығында» алғаш рет кездесіп отырмыз. Алдағы уақытта нақ осы жерден қасиетті Қазалы ауданындағы жақсы істер мен қуанышты жаңалықтарды жеткізіп отыратын боламыз. Аудан экономикасы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2020 жылы  аудан бюджеті 26,4 млрд теңгеден асты. Ал 2021 жылдың бюджетін 21,2 млрд теңгеге бекіттік. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасымен ұсынылған бірқатар ұсыныстарымыз қолдау тапты. Нәтижесінде Әйтеке би кентін­дегі №226 мектеп-гимназия жанынан спорт зал құрылысы салынып жатыр. Ол үшін бюджеттен 128 млн теңге қаржы бөлінді. Одан бөлек, 217 млн  теңгеге Әйтеке би кентіндегі Әбілқайыр хан және С.Мұқанов көшелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз таныс болғандай, Қазалы ауданында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, – деді Қазалы ауданының экс-әкімі  Мұрат  Ергешбаев.

БАСПАНА   ҚҰРЫЛЫСЫ  ҚАРҚЫНДЫ

Әкімнің берген брифингінен кейін ауданды аралауды жөн көрдік. Қазалының ақжағалылары айтқан жүзіктің көзіндей сұлу сөздерді өз көзімізбен көргіміз келді. Әйтеуір көзбен көргенде иығымен дем алған шенділердің жілігі шағылмаса болғаны деп келеміз… Өңірімізде баспана бағы бұйырмай жүрген жандар өте көп. Қазалыда үй кезегінде 1500-ге жуық тұрғын бар. Оның арасында көпбалалы аз қамтылған отбасылар да жетерлік. Қазіргі таңда ауданда бұл мәселе өз шешімін тауып жатқан көрінеді. Одан бөлек, тек отбасылы жандарға арналған тұрғын үйлер де салынып жатыр  екен. Бірақ, ол үйлерді алуға тұрғындар асығар  емес. Оның өз себебі де бар.

– Әйтеке би кентінде 4 пәтерлі 10 тұрғын үй құрылысы өткен жылы басталған болатын. Қазіргі таңда аталған тұрғын үйлерге инфра­құрылымдық жүйелерді кіргізу толығымен аяқталды. Енді алдағы уақытта осы тұрғын үй аумағын абаттандырып, спорт алаңдары салына­тын болады. Құрылыс аяқталған соң тұрғын үйлерді кезекте тұрған отбасыларға «Отбасы банк» арқылы табыстаймыз. Бұл үйлер­ді банкке алғашқы салымын салып, үй кезегін­де болса ғана ала алады. Одан бөлек, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін 35 үй алуға респуб­ликалық бюджеттен 296 миллион теңге бөлініп тұр. Бұл үйлердің құрылыс жұмыстары бас­талып жатыр. Жеке тұрғын үй болып салынады. Бұл тұрғындарға арендалық жолмен берілмек, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Жомарт  Әділбекұлы.

Жоғарыда айтқандай, «Отбасы банк» арқылы берілетін несиелі үйлерге сұраныс аз. Себебі, баспана бағасы тым жоғары. Жоспар бойынша, баспанамен қоса үй жанындағы аула да қосылып беріледі. Бірақ, сатып алушылардан әлі де қызығушылық жоқ. Жақын арада бұл мәселе де өз шешімін тауып, баспана бағасы қолжетімді болады дегенге сенеміз. Бірақ, құрылыс заттарының бағасы одан әрі шарықтап бара жатқанын да ескерген жөн.

ЕКПЕ  ЕГУДІҢ  ЕКПІНІ

Сыр елінің солтүстік аудандарында да ауа температурасы тым жоғары. Шіліңгір шілде басталмай-ақ,  күн райының қатты ыстық болатынын күн шықпай аңғарасың. Таң атысымен аудандағы вакцинация жұмыс­тарын көріп қайтуды шештік. Халық арасында екпенің зияны жайлы түрлі қаңқу әңгімелер өріп жүргені жасырын емес. Десе де, еліміздің басым бөлігі вакцинациялаудан өтпейінше коронавирустан құтылмайтынымыз анық. Бірақ, ауданда өз қалауымен келіп, екпе ектіріп  жатқан  жандардың  қарасы  көп.

– Вакцинаның бірінші компонентін қабылдап қойғанмын. Енді бүгін екіншісін салдыруға келіп отырмын. Екпе келді дегеннен бастап, еш уайымсыз, тез салдыруға тырыстым. Алдын ала тексерістен өткізді, енді кезегімді күтіп отырмын. Айта кетейін, мені ешкім мәжбүрлеп не қинап әкелген жоқ. Елімізде вакцина салу, салмауың – өз еркіңде. Екпенің зияны жайлы ел арасында бастапқыда әңгімелер шыққаны рас. Десе де, олардың ешқайсысына сенбедім, себе­бі вирусты тек вакцина арқылы ғана жеңе ала­тынымызды  білемін, – деді аудан тұрғыны Садуа­қас  Орынтай.

Садуақас апаның жасы биыл 56-ға толған. Вирустың қарт кісілерге өте ауыр әсер ететінін естіген соң  екпе салдыруға асықтым дейді ол. Жалпы, вакцинаға сұраныс жоғары. Шалғай ауылдарға да вакцина тарату басталып кетіпті. Оларға аудан орталығына келуі қиындық тудырғандықтан, 1 компонеттен тұратын «Hayat-Vax» вакцинасын арнайы сол ауылдарға  жөнелтуде  екен.

– Қазалы ауданы бойынша коронавирусқа қарсы егу жұмыстары белсенді түрде өтуде. Аудан­ға 5800 вакцина келсе, соның 5013-і тұрғындарға егілді. Екінші компоненттен 1703-і егіліп болды. Бастапқы уақытта халық арасында түсінбестік болды. Бірақ, кейіннен екпенің зиянсыз екеніне көз жеткізген соң ғана жаппай ағылып, екпе салдырып жатыр. Аудан халқын түгелдей вакцина қабылдауға шақырамын. Бізде Ресейдің «Спутник V» вакцинасы мен арабтардың «Hayat Vax»-сы бар. Тұрғындар тек ресми ақпаратқа сенсе деймін, – деді Қазалы ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің бастапқы медицина-санитариялық көмек жөніндегі орынбасары Күншығар Әбілов.

ПАНДЕМИЯНЫҢ   ПАЙДАСЫ

Елді егу жұмыстары осы қарқынын бәсеңдетпесе жоспарға сай, көп ұзатпай-ақ, аудан халқын толық қамтымақ. Ия, шынында өткен жылғы үйқамаққа алған карантиндік шектеулер  халықтың ығырын шығарған еді. Әсіресе, кәсіпкерлердің  қалтасы  қағылып, мейрам­хана қаңырап бос тұрды. Осы орайда ауданда бір­неше мейрамхана  бағытын өзгертіп, саудаға бет бұрған. Соның бірі «Ай-Ғасыр» тойханасы «Алғыс» киім-кешек сату дүкені болып өзгерген. Мұндағы тауар бағасы нарық бағасынан төмен. Кәсіпкер Асылгүл Аманжолова зәулім ғимараттар бос тұрмасын деп, оны ел игілігіне айналдыру мақсатында аудан тұрғындары  үшін  өз  тауарын тиімді бағада сатып отыр. Ол мейрамхананы жалға алып, өз жұмысын бастап кеткен. Бір қызығы, кәсіпкер осы үшін арнайы Павлодар қаласынан келген екен.

– Бұл мейрамхана жұмысын бір жыл бұрын тоқтатқан. Пандемияға байланысты кең ғима­рат қаңырап бос қалды. Сол үшін де осы ғимаратты жалға алуды жөн көрдік. Осылайша, бұрынғы мейрамхананы әлеуметтік дүкен қылып қайта жаңғырттық. Қазір бізде 12 қыз­меткер жұмыс істейді. Киімдер жаңа туған нәрестеден бастап ересек адамдардың бәріне табылады. Қиын-қыстау кезеңде халық игілігі үшін бағаны барынша төмендетіп қойдық. Ғимар­аттың қос қабаты киімге толы. Ашылғанымызға 1 ай болды. Аллаға шүкір, келушілердің қарасы көп. Тұтынушыларымызға алғыс ретінде дүкен атауын «Алғыс» деп қойдық. Бізге де алғыс айтып келіп жатқандар өте көп, – деді кәсіпкер  Асылгүл  Төлегенқызы.

Қазалыда жүріп байқағанымыз, аудандағы кәсіпкерлер заман талабына сай тез түрленіп, өзгере алады екен. Бағытын өзгерткен мейрамханалардан бөлек, шаруашылықпен айналысатын «РЗА» АҚ-да су үнемдеу технологиясы арқылы малазықтық дақылдар өсіруді бастап кеткен. Сырдария тартылып, өңіріміз судан тапшылық көріп отырғаны бәрімізге белгілі. Бұл – бүкіл елді алаңдатып отырған  мәселе. Су үнемдеудің тиімді жолдарын тап­пасақ, мүлдем сусыз  қалатын  түріміз  бар.  «РЗА»  АҚ бұл түйткілдің тиімді жолын тауып­ты. Шаруашылықта су үнемдеу технологиясы арқылы жаңбырлатып суару тәсілімен мала­зықтық дақылдар өсіріп отыр. Жоба құны – 600 млн теңге. Германиядан құны 41,3 млн теңге тұратын дренажды құбырлар мен 25,7 млн теңгеге арнайы соқа, испандық «RAESA» компаниясының құны 206,3 млн теңгені құрайтын жаңбырлатып суару қондырғысын алған. Қазіргі таңда шаруашылықта жер­асты дренажды жүйесін жүргізу, қашыртқылар қазу, мелиоративтік жұмыстар, тегістеу, топы­рақ өңдеу, минералдық және органикалық тыңайтқыштар беру, қоршау және насос қондырғылары  орнатылған.

АУЫЛДА  ДА  ТІРЛІК  БАР

Жалпы, аудан орталығында жұмыс қайнап жатыр. Аудан халқы жарғақ құлақтары жастыққа тимей жұмыс істеуде. Қай сала болса да дамып, әр жерде құрылыс һәм жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын көру қиын емес. Біз осындай қым-қуыт ойлардың құшағында отырғанда аудан орталығының сыртынан шығып кеткенімізді байқамай да қалыппыз. Келесі бағыт – елді мекендердің жағдайымен танысу. Көп ұзамай ауданға қа­рас­ты Бекарыстан би елді мекеніне келіп тұрақтадық. Бұған дейін мұнда тұрғын үй­лерге сервистік ауызсу желісі жүргізілген екен. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылған жоба құны –159 664 теңге. Бұл бастаманың арқасында елді мекен­дегі барлық 464 тұрғын үй және әлеуметтік-мәдени нысандар ауызсумен қамтылды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкердің есебінен бала­бақша  салынып  жатыр. Ауылда  бұған дейін  балабақша  болмаған,  тек мектеп  жаны­нан  ашылған топтар жұмыс істеген. Ал енді балалар 100 орындық балабақшада тәр­биеленеді. Жоба құны 75 млн теңге болса, кәсіпкер оның 50 млн теңгесін «Қарапайым заттар экономикасы»  арқылы несиемен алған.

– Кәсіпкер – осы ауылдың тумасы. Туған жеріне тарту ретінде арнайы балабақша салуды шешті.  Балабақша құрылысы басталып та кетті. Бұны өз ауылына деген құрметі деп түсіндік. Елді мекен жылдан-жылға көркейіп келе жатыр. Құрылыс жұмыстарын бастауға мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор болды. Жоспар бойынша, биыл қыркүйек айында балаларды қабылдауды бастаймыз. Қазір құрылыста оннан  астам  жергілікті  аудан тұрғындары жұмыс істеуде. Керек құрылыс материа­лдарының барлығы бар. Ауыл халқының өсіміне қарасақ, біз балабақшаға мұқтаж бо­латынбыз, – деді ауыл тұрғыны  Болатбек  Сансыз­баев.

Елді мекенде 3-6 жастағы балалар саны 140-қа жуық. Балабақшаның бітуін ауыл халқы асыға күтіп отыр дейді жауаптылар. Шалғай ауылдарда өзекті мәселелер өте көп. Соның бірі – электр желілері. Өңірімізде ескірген электр желілері өте көп. Әсіресе, шеткі аумақта тұратындар күн райының қабағымен санасып жүреді. Себебі, сәл жел тұрса, жарық өшіп қалады. Дәл осы мәселемен жылдар бойы күресіп келе жатқан Майдакөл ауылының тұрғындары биыл арқаны кеңге салса болады. Себебі, онда электр желілерін жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Жоба бойынша 194 темір-бетон бағана, 7,8 шақырым электр желісі және 3 трансформатор қондырғысы ауыстырылып, 96 дана жарықшам қойылады.

– Майдакөл ауылында 9 көшенің жарық желілеріне жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, ауылдың құрылғанына 50-60 жыл  болса, жарық жүйесі содан бері жаңартылмаған. Әбден ескіріп, тозып, жергілікті тұрғындарға біршама қиындықтар келтіріп отыратын. Сол үшін биыл осы жұмыстарға 45 млн теңге бөлініп, жұмыс басталып кетті. Бүгінде 3 көшенің жұмыс­тары аяқталып қалды. Жарық желісінен бөлек, түнгі жарық шамдарын да орнатып жатырмыз. Шілде-тамыз айларында бітеді деп жоспарлаудамыз. Тұрғындар дән риза. Жалпы, ауылда 11 көше болса, барлығы жарыққа қосы­лып, түнгі жарықтармен қамтылады, – деді Ақжона  ауылдық округінің әкімі Нұркен Жарболұлы.

Аудан орталығынан 67 шақырым қа­шық­тықта орналасқан ауылда 1065 тұрғын тұрады. Алдағы уақытта Кәукей ауылына Тасарық елді мекені арқылы тікелей электр желісін тарту жұмыстары жүреді. Құрылыс материалдарына облыстық бюджеттен 82 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл жұмыстар «КРЭК» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайту есебінен жүргізіледі. Бұрындары шалғайда жатқан ауылдардағы тұрмыс-тіршілік қиын еді. Қазіргі таңда бұл мәселелер біртіндеп шешіліп келе жатқаны қуантады. Мемлекет басшысының тапсырмалары жүйелі орындалып жатқанына куә болдық. Сыр даласының бойында осыншама игі бастамалар жүріп жатқаны түн түне­гін түре қуған тоқсан бірдегі Тәуелсіздіктің арқасы деп білеміз…

Екі күнге созылған қос ауданға сапарымыз осымен аяқталды. Көзбен көріп, көңілге түйгенімізден жақсы әсер алдық. Бұл жақтың күні ерекше батады. Төңірекке назар салсаң, белестер, одан арыға көз жүгіртсең, көк пен жер шектесіп жатқан көкжиек. Табиғатқа тамсанып тұрғанымда күн батып, шам жағар уақыт болған екен. Алдымызда қара жол көрініп тұрғанда қалаға жетудің жағдайын жасадық. Бұл дарқан далада әлі талай тарихи оқиғалар болып, жергілікті халықтың көсегесі көгеретініне сенеміз… Күн айналасы қызарып барады екен. Көп созбай қоштасып, жолға шықтық. Көз ұшында қыраттар қарайып барып жоғалды…

Бекзат  АМАНОВ,

Қызылорда – Арал – Қазалы – Қызылорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: