Облыс орталығында өткен жылы атқарылған жұмыс көп. Бүкіл әлемді алқымынан алған пандемияға қарамастан шаһарымызда экономикалық тұрақтылық орнап, бірнеше сала бойынша жоспар артығымен орындалды. Қала орталығына ғана емес шеткі аудандарға да көңіл бөлініп, тұрғындардың әлеуметтік қажеттілігі біраз оңалып қалды. Алайда әлі де алда атқарылатын шаруа шат етектен. Қиын уақытта қапыда қалмау үшін нәтижені одан әрі жақсартуымыз қажет. Осы тұрғыда, апта басында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде екі мәселе қаралып, шаһар басшысы «қол астындағыларға» тұрғындар жағдайын жақсарту үшін бірнеше тапсырмалар берді.
Мәжілісте күн тәртібіндегі қос мәселе қаралмас бұрын, 1994-2007 жылдар аралығында 1-ші, 2-ші, 3-ші шақырылымдағы қалалық мәслихат хатшысы, 2010-2016 жылдар аралығында қала әкімінің аппарат жетекшісі, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы лауазымында болып, басқа да абыройлы қызметтерде жұмыс істеп, бүгінде зейнет жасына жеткен Қожахмет Ілиясовты құрметті еңбек демалысына шығуымен құттықтап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси өмірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Құрмет» грамотасын табыстады. Өз кезегінде Қожахмет Әбдіқайырұлы көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе қаланың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттерін талқылау болды. Бұл мәселе жайында толығырақ қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов баяндады.
– Жалпы, экономикалық тұрғыда қалада тұрақты жағдай қалыптасуда. Өткен жылды табысты аяқтадық. Алайда мұнай өнімдерін өндіруді азайтуға байланысты өндіріс саласы сәл баяулап қалып, жоспарды толық орындай алмадық. Қазіргі таңда қаламыздағы шағын және орта кәсіптердің саны 26 мыңнан асады. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандарының саны 22 мыңнан астам. Индустриалды-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада өңірлік кәсіпкерлікті қолдау үшін жалпы құны 67 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Жоба толықтай іске қосылғанда 1225 адам қосымша жұмысқа қабылданатын болады. Ендігі кезекте көрсеткіштердің орындалу тұрақтылығын ұстап тұру және қай салада болмасын 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу міндеті тұр, – деді қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы.
Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, қала бойынша өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бір қызметкердің орташа жалақысы 182 мың 840 теңге болыпты. Бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 113%-ға өскен. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің көлемі 9,4 млрд теңгені құрап, негізгі капиталға 152 млрд теңге инвестиция тартылған екен. Ал ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарға кезек берсек, «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары бойынша қалада тұрғын үй құрылысын салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуге басымдық берілмек. Оған қоса, «Жол картасы» аясында 500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Хабарламаны тыңдаған шаһар басшысы жұмыс тиімділігін одан әрі арттырып, ай сайын әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуына алдын ала талдау жасау керектігін айтты. Өз кезегінде қала әкімі жоспарлау жұмыстарын жүйелеуді тапсырды. Оның айтуынша, кейбір ауылдар жоспарды өздерінің әлеуетінен төмен етіп бекітеді. Сөйтіп жыл соңында жұмысты жоспардан асырып бітіргенін айтады екен. Сол үшін бұған жол бермеу керектігін ескертті. Сондай-ақ, керісінше көтере алмайтын шоқпарды белге байламау керектігін де еске салды. Қала көрсеткіштерінің оң баға алуы үшін қазірден бастап жоспарлау жұмыстарын жүйелеу маңыздылығын ескеруді талап етті.
Күн тәртібінде тұрған кезекті мәселе – 2021 жылы халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бойынша атқарылатын жұмыстар. Бұл мәселе төңірегінде сөз тарқату үшін мінберге қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова шықты.
– Бүгінде ағымдағы жылдың 1 ақпанында алынған көрсеткіштерге сәйкес, қаламызда 5 мыңнан аса жұмыссыз жан тіркеліп отыр. Бұл 130 мыңға жуық белсенді халықтың 4,2 пайызын құрайды. Биыл жұмыспен қамтудың өткен жылмен салыстырғанда біршама ерекшеліктері бар. Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту баса назарға алынатын болады. 2020 жылы 28 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылған болатын. Биылғы жылдан бастап, мекемелерде 2-4 пайыз аралығында мүгедектер жұмысқа орналастырылуы тиіс. Яғни, 50-100 жұмысшылары бар мекемеде 1 мүгедек азамат қабылдануы керек. Сонымен қатар, бас бостандығынан айырылған азаматтарды да жұмыспен қамту жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – деді бөлім басшысы Индира Сансызбайқызы.
Бөлім басшысының айтуынша, қаламызда құрылысқа жұмысшылар қажет. Өкінішке қарай, қаламыздағы құрылыс орындарының басым бөлігінде осы уақытқа дейін өзге елдің өкілдері жұмыс істеп келген. Карантин уақытында шекара жабылып, құрылыс біршама тоқтап қалғанын айтады. Бұл сөзді шаһар басшысы да растап отыр. Оның айтуынша, тұрғындар қара жұмыс істегісі келмейді екен.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Индира Сансызбайқызына жұмыспен қамтудағы межені толық орындап, апта сайын қала әкімдігіне есеп беруді тапсырды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасауды жүктеді. Әкімнің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпшілігі арнайы порталмен жұмыс істей алмайды екен. Соның әсерінен өздеріне қажетті қызметті ала алмай отырған көрінеді. Осыған байланысты бұл жұмысты оңтайландырудың шешімін табу да маңызды екенін айтып өтті.
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!