Қазақстанның бірқатар өңірінде бейбіт шерумен басталып, бүлікшілікке жалғасқан наразылық ел есінде мәңгі сақталмақ. «Қасіретті қаңтар» деген атпен елдің ертеңіне енетін оқиға – Қазақстан тарихындағы ең қайғылы кезеңнің бірі. Қымбатшылықтан қажып, бейбіт түрде биліктен талап еткісі келген ел-жұртты бүлікшілер өз тарапына пайдаланды. «Жаңаөзенді қолдаймыз» деген ұранмен алаңға шыққандар осылай арандап қалды. Бақылаусыз қалған қаладағы сауда орындарына, әртүрлі дүкендерге, т.с.с ғимараттарға қарақшылар, ұрлықшылар, бұзақылар бұзып кіріп, ойына келгенін істеді. Әскерилер мен полиция қызметкерлері тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қара басын қатерге тікті. Керісінше «оқ атуға рұқсат берді» деп оңды-солды атып, жазықсыздарды жер жастандырғандары да болды. Тәуелсіз БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде жақынын жоғалтқан және жоқтаған адам көп.
Президент үндеуінде «Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен» деген еді. Сондықтан, құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін, қылмыскерлермен, қанішерлермен ешқандай келіссөздің болмайтынын айтқан-ды.
Әуелде Қазақстан билігі тәртіпсіздіктен қаза болғандар санын жариялауға асықпады. Ал, халықаралық құқық қорғау ұйымдары шынайы ақпарат ала алмай, оқиғаны тәуелсіз түрде зерттеуге, зерделеуге шақырды, бейбіт митингіге шыққан азаматтарды қудаламай, босатуға үндеді.
Бас прокуратура 15 қаңтарда ғана Қазақстандағы оқиғаның салдарынан 225 адамның қаза болғанын хабарлады. Арасында бейбіт тұрғындар да бар екенін айтты.
– Қазақстан бойынша 4578 жәбірленуші бар, 4353-і жараланған. 3393-і – құқық қорғау орган қызметкері. Төтенше жағдай кезінде (5-14 қаңтар аралығында – БП) мәйітханаларға 225 адам жеткізілді. Бір бөлігі – терактіге қатысқан қару ұстаған қарақшылар. 19-ы – құқық қорғау орган қызметкері. Өкінішке қарай, терроризм актісінен бейбіт тұрғындар да қаза болды, – деді Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі Серік Шалабаев.
Бас прокуратураның хабарлауынша, 6 қаңтарға дейін полиция атыс қаруын қолданбаған.
«6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция жүргізілетіні жарияланды. Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады» деп толықтырды ол.
11 қаңтарда ІІМ жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп он мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлаған еді.
18 қаңтарда бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Серғазин Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздікке байланысты 695 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
– Ауыр және аса ауыр қылмыс бойынша 695 іске сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған: 44-і – терроризм, 15-і – адам өлтіру, 6-ауы – үгіт-насихат және билікті басып алуға шақыру фактісі. Күдікті ретінде 780 адам ұсталған, 695-ін қамауға сот санкция берген. Бұл істер ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жататынына тағы да назар аударғым келеді. Барлық прокурор азаматтардың құқығын сақтауды қамтамасыз етеді, қылмыстық іс бойынша барлық айыпталушыға, соның ішінде ұсталғандарға уақытылы заң көмегі көрсетіледі, – деді ол.
Төтенше жағдайға, коменданттық сағатқа байланысты Қызылорда облысында да бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Облыс бойынша төтенше жағдай режимін бұзудың (ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы) 244 құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Сот шешімімен 21 құқық бұзушыға ескерту берілсе, 44-іне айыппұл салынды, 159-ы әкімшілік қамаққа алынды, 20 әкімшілік іс сотта қаралуда. Ал, Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзудың (ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы) 127 дерегі анықталып, 13 құқық бұзушыға ескерту, 11-іне айыппұл, 92-сіне әкімшілік қамаққа алу түріндегі тәртіптік шаралары көрілді, 11 әкімшілік іс сотта қаралуда.
Арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, бүлікке қатысқан 96 азаматтың үстінен 53 қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер УҰИ-ға қамауға алынған.
Қаза болған, із-түзсіз жоғалған немесе ұсталғандар арасында қылмысқа мүлдем қатысы жоқ бейбіт азаматтар бар. Мұны бас прокуратура да растаған еді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар биліктен бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айтқан азаматтарды босатуды және қудаламауды, сотқа тартпауды сұрайды. Ал, әлеуметтік желілерде «қудалау тоқтатылсын» деп талап етіп жатқандар бар. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та twitter-де мәлімдеме жасап, бас прокуратураға жағдайды ауырлататын мән-жай болмаса, ұсталғандардың жазасын жеңілдетуді тапсырған болатын.
Бас прокуратура «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты статистикалық мәліметтердің толықтырылып, өзгеруі мүмкін екенін айтты. Демек, қаралы қаңтарда қазылған қабірдің саны әлі де артуы мүмкін.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!