Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ПАРТИЯНЫҢ «НҰРЫ» ТАЙСА ДА, СЫРЫ ҚАЛАДЫ

03.03.2022, 11:20 608

Өзгерісті осыдан бастағысы келді ме, әлде ел назарын аударудың бір тәсілі деді ме, әйтеуір билік  елдің бас партиясын «нұрдан» ажыратыпты. Халыққа һәм бұқараға ұнамды әрекет деп бағаласа керек. Аты өзгерген партияның заты сол күйі қалса, «Nur Otan»-ның «Аманатқа» қалғанын анық аңғаруға болады. Бірақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл атау жай емес, нағыз халыққа сай атау екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, «Аманат» сөзінің мағынасы терең, еліміздің тарихы мен мәдениетінде айрықша символдық мәні бар, бұл өз кезегінде өшпейтін тәуелсіздіктің идеалдарын, қуатты мемлекеттілік пен ортақ ұлттық бірлік құндылықтарын білдіреді.

Бұл – билік партиясының кезектен тыс съезінде қабылданған саяси шешім. Және бұл атау бүгін қабылдана салған жоқ. Жыл басынан бері мемлекет басшысының және осы саяси партияға қаты­сы бар жауапты тұлғалардың алдынан мың мәрте өтіп, бүгін ғана ел құлағына тиіп отырған мәселе. Жә, атау­ға  қатысты  айтыла берсе, ақыл көп. Трансформация әлде де ел арасында қызу талқыға салынатыны белгілі болып тұр және айтылып жатыр да. Әлеуметтік желілер қазір әр азаматтың еркін ой-пікірін айтатын ресми де бейресми айтыс алаңына айналды. Пар­тияға қатысты пікірлер де толастар емес. Кезінде Қ.Тоқаевпен бірге Президенттікке үміткер болған саясаткер Әміржан  Қосанов та өз көзқарасын білдірген  екен.

– «Нұр  Отан»  –  «Аманат»: Ребрендинг – жауапкершіліктен қашу болмасын!

«Нұр Отан» партиясы «Аманат» болып­ты. Солай болсын, ол партияның өз еркі. Бірақ, партия басындағылар бір нәрсені түсіну керек: ребрендинг жасап алып, 30 жыл елді басыбайлы басқарып келген партия өзі ізбасар боп отырған «Нұр Отанның» осы уақыттағы қызме­тіне, соның  ішінде, экономиканың  ат  төбелін­дей  бір  топтың  қолында кетке­ніне, елдің  кедейленуіне, саяси оппозицияның  қудалануына, Жаңаөзен мен Қаңтар қанды қырғынына жауапкершіліктен құтыламыз  деу – саяси  қателік!

Жаңа Қазақстан құрғысы келетін партия ескі күнәлары мен кінәларынан арылсын! Сол кезең үшін елден кешірім сұрасын! Өйткені, сол партия басында отырғандардың бәрі дерлік сол қиянаттарға моральдық тұрғыдан қатысы бар кешегі «Нұр Отанның» атқамінерлері! Ескі қателіктерден арылмай, Жаңа Қазақ­стан  құру  мүмкін  емес!  –  дейді  ол.

Сонымен, аты өзгерген партияның затында һәм мәні мен мазмұнында нендей өзгерістер болуы мүмкін? Елдің күткені – осы. Президент Қ.Тоқаев «Nur Otan»-ның кезіндегі қитұрқы кемшіліктерді қолмен қойғандай етіп атап берді. Партия аппаратының жұмысындағы бюрократтық, құр қағаз жүзіндегі есеп беру мен кесімі жоқ кездесулердің көбейіп кеткенін де сынға алды. Енді осы нюанстар назарға алынбақ. Партия пәрмен беруді ғана емес, мәселеге нақты бара білуді және оның шешімін дереу қолға алуда мазмұнды жоспар құра білу керек.

– Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізді одан әрі жаңғырту үшін партияластарынан тың ұсыныстар күтетінін атап өтті. Сондықтан жалпыұлттық өзекті мәселелер күн тәртібін әзірлеу үшін Қазақстанның әрбір азаматынан тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөнінде республикалық акция ұйымдастырған жөн. Мемлекет басшысы партияластардың ішінен сенімді адамдарды іріктеп, оларды ілгерілету ісін жалғастырған дұрыс деп санайды. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін бойдағы күш-қуатын аямайтынын да баса айта кетті. Жұрт құрғақ уәдеге тойған, тек нақты нәтижелерді ғана күтіп отыр. Көрші елдер арасындағы соғыс та экономикамызға едәуір салқынын әкелуі әбден мүмкін. Дағдарысқа дайын болу қажеттігі де Президент назарынан тыс емес екен. Экономикамыз дағдарыс жағдайында үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін санкциялық сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болу керектігі де айтылды.

– Ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету тұрғысында болуы тиіс. 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өзінде қабылдаған ел ретінде біз еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы ұстанымын қолдаймыз. Бұл жайында мен 10 ақпандағы Мәскеуге сапарым барысында да айттым. Тұтастық ұстанымы және қауіпсіздіктің ортақтығы өзара сенім негізіндегі өзара түсіністікті білдіреді. Өкінішке қарай, мұндай жағдай орын алған жоқ. Минск келісімі қағаз күйінде қалып қойды. Бұл Украина аумағындағы әскери іс-қимылға алып келді. Геосаяси ахуал теңдессіз түрде шиеленісті, – деді  мемлекет  басшысы  Қ.Тоқаев.

Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығысқа Президент бейтарап пікір білдіріп отыр. Мәселенің мәмілемен шешілгенін дұрыс санайды, алайда «азулы аю» алақанын ысқылап отырғанына қарағанда әзір бейбіт келісім болмайтын секілді.

Қазір халықты қысып тұрған қымбатшылық. Ресей мен Украина арасындағы жағдай экономиканы одан әрі құлдыратпақ. Мұны ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтып қалды.

– Қазір бізде инфляция дәлізі 5-7 пайыздың шамасында болса, тағы 1-2 пайызға көтерілетін шығар. Біз айтып отырған негативті сценарий бойынша одан да үлкен болуы мүмкін. Қазір нақты бірдеңе айтуға ерте. Өйткені жағдай не күрт нашарлауы мүмкін, не күрт жақсаруы мүмкін. Бұл қазір екі ел арасында өтіп жатқан келіссөздерге байланысты. Украина-Ресей айналасындағы жағдай қаншалық ұзаққа созылса, экономикаға әсері де соншалық күшті болады. Яғни, проблема неғұрлым тез шешілсе, өңірдегі елдер де соғұрлым аз зардап шеккелі тұр, – деді  ол.

ТҮЙІН. Бұл съезд бұрынғыдан өзгерек болды деп дөп баса айту қиын. Акценттің бәрі атауға ауысып кеткендей болды. Сонда да съездегі бастамаларды атап өткен жөн. Партия толықтай модернизацияланады. Сайлауда берген уәделер ретімен орындалады, құрғақ сөз қабылданбайды. Депутаттардың жұмысында жаңа мазмұн мен стиль пайда болмақ, яғни есептерге емес нақты істерге жұмыс істейді. Партияның жаңа тұғырнамасы бекітілмек. Және ең бастысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын жариялайды. Жалпы, Жаңа Қазақстан құрудағы жоспар жобасы осындай. «Нұры» тайған партияның сыры сол күйі қалмаса дейміз де…

Ә.НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: