Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мемлекеттің мүддесін бәрінен жоғары қоямын»

03.02.2022, 12:00 308

Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ:

Өткен аптада Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» телеарнасына сұхбат берді. «Бұл ән басқа әннен өзгерек» дегендей, сұхбат толық орыс тілінде өтті. Бұл туралы қазақстандықтардың ойы сан-саққа кетті. Тіпті, мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан құрамын» деген идеясы осы жерден бітті» дегендер де табылды. Бірақ, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Президент неге мемлекеттік емес, орыс тілінде сұхбат берді» деген сауалға жауап берді.

«…Аталған сұхбат әлемдік аудиторияға арналған. Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға әлемдік қоғамдастық қызығушылық тудырып отыр. Сондықтан тақырыптың өзектілігін ескере отырып, сұхбаттың мейлінше кең таралуын көздедік. Қаңтар айында шетелдік (Ресей, Еуропа, АҚШ) ірі бұқаралық ақпарат құралдарынан Мемлекет басшысының атына сұхбат беру жөнінде көп өтініш түсті. Алайда Президенттің жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты біз тек «Хабар24» телеарнасымен ғана шектелуді жөн көрдік. Отандық БАҚ-қа берілетін келесі көлемді сұхбат міндетті түрде қазақ тілінде болады» делінген жазбада.

Осыдан соң кейбіреулер президентпен сұхбаттасуға лайық қазақтілді журналистерді де түгендеп кетті. Енді бірі «сұхбат әлемдік аудиторияға арналса, неге ағылшын тілінде алынбады?» деп жауапсыз сұрақ қоюда. Мемлекет басшысымен сұхбатты өзінің айтуынша «Ақордаға сирек кіретін, арнайы пулдың құрамына кірмейтін журналист» Вера Захарчук жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі «Қаңтар қасі­реті»  туралы  сұраққа  жауап  берді.

– Бұл – алдын ала жоспарланған қастандық  әрекет. Наразылықтар бейбіт митингілерден басталып, соңы бұзақылыққа, тонаушылыққа ұлас­ты. Осы оқиғалар – кәсіби адамдардың ойлас­тырған  және солардың жүзеге асырған жымысқы операциясы.

…Тергеу барысында лаңкестердің қарулы қақтығыс кезінде есірткі тұтынғаны анықталып жатыр. Қақтығыстардың соңына қарай күштік құрылымдар қару қолданып, содырлардың аяғынан атқан. Сол кезде олар жараланып құласа да, ауырсыну­ды білмеген, тіпті сезбеген. Міне, бұл да олардың өте мұқият дайындалып келгенін көрсетеді, – деді  ол.

Президентке «Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің артында кім тұр деп ойлайсыз?» деген сұрақ қойылды.

– Оны тергеу анықтайды. Алдын ала ештеңе айтқым келмейді және оным дұрыс болмайды. Әлі атқаратын жұмыс көп. Бір айта кетерлігі, содыр­лар мен олардың командирлерінің көпшілігі Алматы­дан кетіп үлгерген. Бірі ауыл-аймаққа, енді бірі шекарадан  өтіп  көрші  елдерге  қашты, – деп  жауап  берді  Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осы күні қазір құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне қатысты көп сын айтылып жатыр. Әлеуметтік желілерде бейбіт тұрғындарды ұрып-соғып, азаптайды деген жазбалар да жетерлік. Сұхбатта бұл мәселе де сөз болды.

– Ондай арыз-шағымдарда асыра сілтеп жібергендер де бар. Әрине, Алматыда болған оқиғаға байланысты алаңдаушылықтарды түсінуге болады. Сондықтан Бас прокуратураға әрбір жағдай бойынша мұқият тексеру жұмыстарын  жүргізуді  тапсырдым.

…Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың құқықтарының бұзылмауына мүдделімін. Әрбір жағдай жіті тексерілуге тиіс екенін тағы да  қайталап  айтамын, – деді  президент.

Ел арасында «Жиырма мың террорист болды» деген  дерекке  қатысты  сұрақ өте көп. Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбат барысында бұл мәселеге де, өзінің ескертусіз оқ атуға бұйрық бергеніне де тоқталып өтті. Тіпті, құқық қорғау органдарының басшыларының өздеріне жауапкер­шілік алуға жүрексінгенін айтып, мысал  келтірді.

«Мен оларға: «Егер маршал Рокоссовский мен маршал Жуков Сталиннен әрбір іс-қимылы туралы күнде келіп, рұқсат сұрай берсе, соғыс­та жеңер ме еді?» – дедім. Бұл – нағыз соғыс. Жауап­кершілікті мойынға алу керек еді. Осыған орай ашық мәлімдеме жасағанға дейін қарулы содырларға қарсы оқ атуға тиіспіз деп айтқан бола­тынмын. Мен жауапкершілікті өз мойныма алдым. Ал өз мәлімдемемде мұны қайталадым. Өйткені жауапты адамдар жүрексінді. Дәл осындай жағдайда Мемлекет басшысы жауапкершілікті өзіне алуға тиіс деп ойлаймын. Мен кәсіби дип­ломатпын. Мұның салдары қандай болатынын білдім. Бірақ мен үшін мемлекеттің мүддесі, азаматтарымыздың қауіпсіздігі бәрінен де маңызды еді. Мен ол кезде Батыстың не дейтіні туралы емес, елімізде тәртіп орнатуды ғана ойладым».

«Жағдайдың шиеленіскені соншалық, Сіз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік күштерін шақырдыңыз. ҰҚШҰ-ның бітімгерлік операциясы сәтті жүзеге асырылғаннан кейін «Владимир Путинге «қарыздар» болып қалды, енді бірқатар мәселе бойынша оның талаптарына келісуге мәжбүр болады» деген пікірдің бар екені жасырын емес. Мұндай пікірлер Ресейде де, Батыста да айтылып жатыр» деп сұрақ қойды журналист Вера Захарчук.

– Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт  ұйымы –  біздің  ортақ  ұйымымыз.  Қазақстан – осы ұйымға мүше. 1992 жылы оны құруға атсалыстық. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тиісті бастама көтерді. Сондықтан мен бөтен адамдардан емес, ҰҚШҰ-ны көмекке шақыр­дым.  Демек мен өзіме, яғни одақтастарымызға жүгін­дім.

Екіншіден, ҰҚШҰ бітімгерлік күштерін тарту ісі осы ұйымның келісілген құжатына сәйкес орындалды. Сондықтан бұл заңды деп санаймын.

Үшіншіден, Қазақстанға келген ҰҚШҰ бітім­герлік контингенті бірде-бір оқ атқан жоқ. Бітім­герлік күштер стратегиялық нысандарды ғана күзете­ді, қалған мәселені өзіміз шешеміз. Бізге тыл керек деп ең басында келісілген болатын.

Төртіншіден, Қазақстанға бітімгерлік күш­тердің келгені туралы ақпарат психологиялық тұрғыдан  маңызды  рөл  атқарғанын, бұзақы­лардың зәре-құтын  қашырғанын  түсінген жөн. Мұның үлкен күш екені түсінікті. Айтпақшы, бұл – біріккен бітімгерлік  контингент.  Оның  құрамында Ресейден бөлек Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінің әскери бөлімдері де болды.

Ал енді «қарыздар» және тағы да басқа қауесет­терге келер болсақ, бұған қатысты Владимир Путинмен ешқандай әңгіме болмағанын ашық айтамын. Кремль тарапынан да алдын ала ешқандай шарт айтылған жоқ.

Түптеп келгенде, Қазақстан үшін Ресей одақтас мемлекет. 2013 жылы Екатеринбургте тиісті шартқа қол қойылды. Айтпақшы, мен ол кезде Женевада едім. Сондықтан бұл шартты әзірлеуге қатысқаным жоқ. Онда Қазақстан мен Ресейдің одақтастық қатынастары туралы айтылған. Біздің елдеріміз арасындағы байланыстар Алматыдағы оқиғаларға дейін де әрдайым тығыз, сындарлы әрі шын мәнінде серіктестік сипатта болды  және  жалғаса  береді.

Мен ақпан айының ортасына қарай Ресей Президенті­нің шақыруымен Мәскеуге сапармен барамын. Сонда елдеріміз арасындағы ұзақмерзімді ынтымақ­тастыққа қатысты аса маңызды келі­сімге  қол  қоямыз»  деді  мемлекет   басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаңтар қасіретінде» еліміздің ақпараттық тұрғыдан жеңілгенін мойын­дады. Кадрлардың бәрін ауыстыруға қарсы екенін айта келе, «Жұрттың талабы осы екен деп Үкіметті жүз пайыз өзгертіп, «Міне, мен келдім, мен – революционермін» деу – менің тәсілім емес»  деген  ойын  ортаға  салды.

– Екіншіден,  кадр  да  көп емес. Осы орайда мынадай бір әзіл-әңгіме бар, бәлкім бұл рас болуы да мүмкін. Бірде Берия Сталинге келіп, «Жазушыларға шара қолдану керек. Фадеев ішеді, Шолохов ішеді, Вишневский ішеді, Симонов ішеді, Алексей Толстой да бұдан кет әрі емес», – дейді. Сталин оған: «Менің басқа жазушыларым жоқ», – деген екен» деп  сөзін  жалғады.

– Шын мәнінде, қазіргі уақытта халық сізден зор үміт күтеді. Елімізде өзгеріс жасай алатын Президент бар деп түсінеміз. Бұрын мұндайды сезінбейтін  едік…

Бұл – Вера Захарчуктың кезекті сұрағы. Прези­дент бұл сұраққа да пайыммен жауап берді.

– Бұрынғының бәрін сынай бермейік. Қалай болғанда да, бұл – біздің тарихымыз. Бірақ менің Президент ретіндегі басты міндетім – бүкіл қоғамды және барлық саяси жүйені, соның ішінде экономиканы трансформациялаудың оң нәтижесіне қол жеткізу. Қазақстан халқына арнаған ең алғашқы Жолдауымда саясат пен экономика қатар жүретінін айтқан едім. Қазіргі тарихи жағдайда бүгін экономикамен айналысамыз, ал саясат күте тұрады  деп  айта  алмаймыз, – деді  ол.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет мүддесін жеке қарым-қатынасынан жоғары қояды. Оған мына сөзі мысал бола алатын секілді.

«Осы соңғы оқиғалар мемлекеттің мүддесін бәрінен жоғары қоятынымды көрсетті деп ойлай­мын. «Платон менің досым, бірақ ақиқат қымбат» деген сөзді көпшілікке ұнау үшін айт­қан жоқпын. Бұл бос сөз емес. Шын мәнінде, Президент үшін мемлекеттің мүддесі қашанда бәрінен жоғары тұруы керек деп есептеймін. Менімен жақсы қарым-қатынастағы адамдардың да құлағына алтын сырға. Егер таразы басында мемлекет­тің мүддесі тұрса, онда мен бұл қатынас­тан бас тартуға тиіспін».

«Мен мақтау, мадақтау сөздері мүлде жоқ орта­да өстім. Мен мұндай жағдайларды қолдамаймын. Мақтау сөздерге табиғи иммунитетім бар дей аламын» дейді Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында.

Шыны керек, жұртшылықтың басым көпшілігі еліміздегі тәртіпсіздіктер мен іске аспаған төңкеріс кезінде мемлекет басшысының шешімін қолдады. Ауыс-түйіс, тағайындау мен лауазымнан босатулар тіпті көпшіліктің көңілінен шыққандай. Бірақ, біздің президент мақтау-мадақтауды жақсы көрмейді.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: