Осыдан бес жыл бұрын әлемде үздіксіз басқару құқығына ие болған 55 диктатор болған. Қазір олардың кейбірі өмірден озды, кейбірі өз өкілеттігін тоқтатты. Мұны неге айтып отырмыз? Апта басында ғана президенттік сайлауда алтыншы мәрте жеңіске жеткен Белоруссияның алғашқы президенті Александр Лукашенко «Еуропаның соңғы диктаторы» деген ілеспе атаққа ие болды. Беларусь Республикасын 26 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Лукашенко бұған дейін 1994 (80,3%), 2001 (75,6%), 2006 (83%), 2010 (79,6%), 2015 (83,5%) жылдары сайлаушылардың басым даусымен президенттік мандатын жалғастырып келген. Ал осы жылғы сайлауда жеңіске жетуіне және жеткеніне қарсы тараптар өз уәждерін көшеге шығып білдіруде. Сондықтан оның диктаторлық режимінің дәуірі аяқталуға таяу қалды деп болжауда саясаттанушылар. Дегенмен, одан сескеніп тұрған ешкім жоқ.
БЕС КАНДИДАТ. АЛТЫНШЫ САЙЛАУ
1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген Белоруссия президенттігінің кезекті сынына бұл жолы 5 кандидат тіркелді. Олар – оппозициялық блогер Сергей Тихановскийдің әйелі Светлана Тихановская, экс-депутат Анна Канопатская, «Ақиқатты айт» науқанының жетекшісі Андрей Дмитриев, Белоруссия социал-демократиялық Храмада партиясының жетекшісі Сергей Черечень және президент Александр Лукашенко.
Бір елді бір орында, бір жүйеде, бір ықпалда, бірсарынды басқару мәселесі – беларусь халқы үшін өте маңызды мәселе. Тіпті халқының басым бөлігі бұған дейінгі сайлау қорытындыларына да сенбеген. Сондықтан 2020 жылы 9 тамызда мерзімінен бұрын дауыс берілген сайлауға наразылық білдірген топ көше шеруіне шыққан. Сайлаудың алғашқы күнінде жарияланған экзит-пол мәліметтерінен кейін республиканың бірнеше қаласында оппозиция тарапынан азаматтар митингтерге шыға бастаған. Кейбір деректерге сүйенсек, Лукашенко жеңісін мойындамайтындардың митингісіне ұзын-ырғасы 100 мыңға жуық адам жиылған. «NEXTA Live» деректеріне қарағанда, Немигте тұтқындарды тасымалдайтын үлкен көлік наразы топты қаққан. Зардап шеккендер бар, қайтыс болғандар да болуы мүмкін. Әуелде наразы топ Жеңіс паркіндегі «Минск-город-герой» тастұғырының алдына жиналған. Кейін күштік құрылымдар жиналғандарды шетке ығыстырып шығарған соң арнайы операцияға Ішкі істер сарбаздары мен ОМОН жасақтары жұмылдырылған. Наразы топты тарқату үшін көз жасаурататын газ бен су шашқан. Екі тараптың қақтығысынан зардап шеккендер бар делінген ресми ақпаратта. Ал күштік құрылымдар тарапынан саяси науқан басталғанша 80-ге жуық адамның тұтқындалғанын мәлімдеген. Сарапшылар, мұны Лукашенко билігі тұсындағы ең ірі наразылық жиындары деп бағалаған. Дегенмен, одан еш өзгеріс не нәтиже болған жоқ.
БҰЛ САЙЛАУ – СОҢҒЫ «ДӘУІР»
Әдеттегідей белгіленген уақытта президенттік сайлау өтті. Нәтижесінде сайлаушылардың 80,23 пайыз қолдауына ие болған алғашқы президент кезекті жеңісіне жетті. Беларусь Орталық сайлау комитетінің мәліметінше, оған 4 миллион 650 мыңнан астам халық дауыс берген.
Айта кетейік, бұл жолғы сайлауда Лукашенконың басты қарсыласы – Светлана Тихановская. Жалпы дауыс берушілердің 10 пайызының сенімінен шықты делінген ресми мәліметке сенгендер қатары сирек. Үміткердің өзі де солардың қатарынан, орталық сайлау комиссиясының қорытындысымен келіспейді. Өзін сайлау жеңімпазы ретінде санайды. Тихановская штаб-пәтеріне тиесілі 6000-ға жуық сайлау учаскесінің 250-ге жуығы дауыс беру нәтижелері туралы жеке мәліметтерге ие. Штабтың мәліметінше, Светлана елдің әртүрлі аймақтарында 70-90%-ға дейін дауыс жинаған.
Сайлау науқаны аяқталған соң журналистер басты жеңімпазды сұрақтың астына алды. «Қазіргі сайлауды ең қиын деп санайсыз ба?» деген сауалға: «Мен үшін ең қиын деп айтпас едім, бірақ, ең күрделісі» деп жауап берді. «Лукашенконың билік етуінің алтыншы мерзімі шынымен де оның соңғы «дәуірі» болуы мүмкін» деп жазады германиялық «Reutlinger General-Anzeiger» газеті.
2025 ЖЫЛЫ ПРЕЗИДЕНТТІККЕ
ҮМІТКЕР БОЛА МА?
Елдегі басты саяси науқан басталмас бұрын президент мемлекеттік шекара комитетінің есебін тыңдаған. Кейбір мәліметтерге сенсек, сайлау науқанына қатысты бүлік шығару үшін өзге елдерден жалдамалы адамдар жіберілген. Тексеру барысында жасанды визамен елге кірмек болған 170 азамат шекарадан кері қайтарылған. Тіпті кейбір адамдар елден шығарылған. Сондықтан шекарадағы бақылауды қадағалау маңызды деп санаған.
– Жағдайды елемеуге болмайды, бірақ ел ертеңнен бастап хаосқа түседі немесе қандай да бір қақтығыс, көтеріліс немесе азаматтық соғыс болады деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Мен оған кепілдік беремін, – деді А.Лукашенко.
Белоруссия – Еуразиялық Одаққа мүше елдердің бірі. Сондықтан болар кейбір шетелдік басылымдар «Лукашенко Кремль үшін идеалды нұсқа ма?» деген тақырыпты қаузауда. Еуразиялық Одақтағы басымдықты иеленіп отырған Ресей бұл жолы да қолын сермеп қалғысы келетінін шетелдік сарапшылар жасырмай отыр.
Алдын ала белгілі болған сайлау қорытындысын естіген Әзірбайжан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Эквадор, Қырғызстан, Түркия және ТМД құрамындағы өзге ел басшылары Лукашенконы кезекті жеңісімен құттықтады. Өз кезегінде Елбасы Н.Назарбаев «Беларусь халқы Сіздің кандидатураңызға дауыс бере отырып, экономикалық реформалар саясатын жалғастыруды, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруды және Беларусь Республикасының халықаралық беделінің нығая түсуін қолдайтынын тағы бір мәрте растады.
Достық пен өзара құрмет дәстүрлеріне негізделген Қазақстан-Беларусь стратегиялық серіктестігін дамытуға қосқан Сіздің жеке үлесіңізді ерекше атап өткім келеді. Бұл ретте Қазақстан Беларусьпен екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да байланыстарды кеңейту және тереңдету ісін жалғастыруды көздеп отыр.
Мен сенімге және өзара түсіністікке негізделген достығымызды қадірлеймін әрі оны жоғары бағалаймын. Біздің өткен жылдардағы бірлескен жемісті жұмысымыз әрі қарай да екі ел халықтарының игілігі жолында көптарапты ынтымақтастықты дамыту үшін берік негіз бола алатынына сенімдімін» делінген жеделхат жолдады. Ал Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында: «Саяси жағдайдың күрделі болғанына қарамастан сайлаудың қорытындысы халық сіздің Беларусь мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға негізделген стратегиялық бағытыңызды қолдайтынын көрсетті» делінген.
Бүкіл әлем назарын өзіне аударған Белоруссиядағы президент сайлауының болжамды нәтижесі жарияланды. Онда еңбек кітапшасында 1994 жылдан бастап Беларусь Республикасының президенті деп жазылған Александр Лукашенко 80,23%, Светлана Тихановская 9,90%, Анна Канопатская 1,68%, Андрей Дмитриев 1,04%, Сергей Черечень 1,13% дауыс жинаған. Сайлауға қатысушылардың 6,02 пайызы барлығына қарсы дауыс берген. Беларусь ОСК саяси науқанға 5 млн 790 мың адам қатысқан деген дерекпен бөлісіп отыр. Бұл деректерге сенбеген жұрт сайлаудан соң да бірқатар қалаларда митинг ұйымдастырды. Ал президенттің басты қарсыласы болған Тихановская орталық сайлау комиссиясына дауысты қайта санауға өтініш беріп, өзі Литваға бас сауғалап кетті. Бүрсігүні Украина радасының депутаттары Лукашенконың жеңісін мойындамау туралы бастама көтерді. Бастысы, сайлаудың ресми қорытындысы 14 тамызда белгілі болады. Ал келесі президенттік сайлау 2025 жылға белгіленіп отыр. Алайда оған А.Лукашенко ел басқару үшін кандидат бола ма, әлде бас тарта ма, ол жағы әзірге белгісіз.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!