Қаңтардағы қарулы қақтығыстардан кейін ел Үкіметке қарап елеңдеп отыр. Бар қазақтың ойында «құрылғалы жатқан «жаңа Қазақстанның» жағдайы оңала қояр ма екен?» деген сұңғыла сауал бар. Бүлікшілердің басқыншылық әрекеттеріне төтеп беруге мемлекет басшысының ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанында келген Ресей әскерінен халық іштей кіпі алып қалған. Сонда «еліміздің солтүстік аймақтарындағы орыстармен шекаралас Петропавл, Павлодар қалаларына көзін сүзе ме?» деген ой желідегі жазбаларда желдей есіп еді. Дегенмен дипломатиялық қарым-қатынастарына 30 жыл толып отырған қос мемлекеттің арасында келісімсіз қақтығыстардың болуы мүмкін емес. Екі ел басшысының да екі шұқып, бір қарайтын қырағылығы мен саясаттағы сақтығы жағынан тәжірибесі мол. Әсіресе, көршіміздің көксегені басымдау секілді, ҚР Президентімен қыруар жоспарды жүзеге асыруға ниетті екен.
Былтыр пандемияға қарамастан Ресей-Қазақстан арасындағы тауар айналымы 21 миллиард доллардан асқан. Саудадан қос ел де ұтылып отырмаған сыңайлы. Қазірдің өзінде өндіріс кооперациясын кеңейту бағытында 13 ірі жоба іске асырылған. Бүгінде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек инвестициялық құны шамамен 1,5 миллиард доллар болатын тағы 11 жоба әзірленуде. Қос елдің келіссөзінде бұдан бөлек саяси, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге бағытталатын жоспарлар айтылды. Мәскеу төріне шақырғаны үшін Қазақстан президенті Қ.Тоқаев В.Путинге аса зор алғысын айтып, кешегі «қаңтар қақтығысынан» бергі іссапардың алғашқысы екенін тілге тиек етіпті.
– Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Шын мәнінде, бұл – Жаңа жылдан кейінгі, өкінішке қарай, елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейінгі алғашқы сапарым. Бұл еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен Қазақстанға шабуыл жасаған халықаралық лаңкестер мен бұзақылардың мұқият дайындаған операциясы болды. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де бар. Өкінішке қарай, құрбан болғандардың саны өте көп. Бұл менің де жаныма батады. Қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айттым. Әрбір жағдай жіті тексеріледі. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының бұл алғысөзі мәселені нақты баяндау емес, есепке көбірек ұқсап кеткен сияқты көрінді. Бұған қоса, Ресейге қосымша әскер жіберіп, дер кезінде көмек бергені үшін алғысын айтты. Әріптестік байланыстың нық екенін баса айтып, екі елді «құдай қосқан көрші» деп, көркем сөздің кескінін келістірді. Және осы айнымас достықтың одан әрі жылдар бойы жалғасын тауып, ынтымақтастық арта түсетініне сенімі мол екендігін тілге тиек етті. В.Путин де осы уағдаластыққа көп иек артатынын және экономикалық қарым-қатынасты барынша, терең нығайтқысы келетіндігін жасырған жоқ. Әсіресе ғарыш, энергетика саласында ойға алып жүрген жоспарларын төтесінен қойды.
– Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі екеніне қуаныштымын. Халықаралық алаңдарда да тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз, бұрынғы Кеңестік кеңістіктен тыс ірі халықаралық ұйымдарда да ықпалдастығымыз бар. Биыл дипломатиялық қатынастарды орнатқанымызға – 30 жыл. Бірқатар көлемді іс-шара өткізу көзделіп отыр. Олар біздің іскерлік, гуманитарлық байланыстарымызға пайдалы болатынына сенімдімін. Ғарыш, энергетика, машина жасау салаларындағы ірі жобалар бойынша бірлесіп атқаратын жұмыс көп, – деді В.Путин.
Келіссөз барысында Қазақстанда Ресейдің жоғары білім беретін оқу орындарының филиалдары ашылатындығы да айтылған. Баяғы кеңестің «көзін көргендер» Ресей біртіндеп Қазақстанда «орыстандыру» саясаты басталғалы жатыр дегенді айтып жатыр. Бұның қаншалықты рас-өтірігін ешкім білмейді. Біз бұны құдай қосқан көршілердің бір-біріне деген аса жоғары қамқорлығынан туындап жатқан жүйелі жұмыстар деп есептеп отырмыз. Мәскеу инженерлік-физикалық институты, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті, Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті филиалдарында қазақтың қыз-жігіттері алыстан арбаламай-ақ білім ала беруіне болады.
– Келіссөздер барысында Владимир Владимировичке Ресей Федерациясының ең танымал университеттерінің, әсіресе техникалық университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға келісім бергені үшін алғысымды білдірдім. Олар Қазақстандағы білім беру саласына үлкен үлес қосады деп ойлаймын, – деді Қ.Тоқаев.
Оның айтуынша, елдегі инженерлік-техникалық маман иелерінің аздығы осындай жауапты жұмыстардың туындауына әкеліп отыр. Желілерде желдей ескен Ресей университеттерінің филиалдарын ашуға қатысты қоғамда қате көзқарас қалыптастыратын деструктивті сипаттағы біржақты пікірлерге ҚР Білім және ғылым вице-министрі былай деп жауап қатты.
– Инженерлік дамудың қалыптасу кезеңінде Ресей әлемдегі жетекші инженерлік державалардың үштігіне кірді. Барлығымыз тарихтан ұзақ уақыт бойы Кеңес Одағының, содан кейін Ресейдің аэроғарыш, зымыран, ядролық физика және инженерия саласындағы көшбасшы болғанынына куә болдық. Тіпті, бүкіл дүниежүзі үшін спутник адамзаттың жаңа әрі ғарышты жаулап алу дәуірінің айқын бейнесі болды. Бүгінгі таңда ресейлік мамандардың технологиялық жетістіктері артып келеді. Тиісінше, ресейлік оқу орындарында кадрлар даярлау батыстық білім деңгейінен еш кем түспейді деп білемін. Ресей университеттерінде алған білім шетелде жоғары бағаланады. Өз тәжірибемнен айтар болсам, АҚШ-та оқып жүргенімде, мен іргелі білімнің арқасында магистратура және PhD бағдарламалары бойынша оқуын сәтті жалғастырып жүрген көптеген ресейлік түлектерді кездестірдім. Батыс университеттері ресейлік студенттердің негізгі білімін бағалайтынына бірнеше рет назар аудардым, яғни бұл – алған білімнің бәсекеге қабілеттілігінің тағы бір дәлелі. Сондай-ақ, Ресей университеттерінің дипломдары әлемнің көптеген елінде растауды қажет етпейді. Жалпы, ресейлік университеттердің филиалдарын ашу білім беру нарығына да, отандық университеттердің дамуына да жаңа серпін әкелері сөзсіз. Жергілікті университеттер білім беру сапасын жақсартуға ұмтыла отырып, бәсекелестікті күшейтіп, халықаралық университеттерден қалыс қалмай, инфрақұрылымды дамытуға инвестиция құяды, – деп жазды вице-министр.
ТҮЙІН. «Ақ патша» деп әдіптеген басшының бағытын дұрыс деп бағалау керек-ақ. Халық хан жарлығына көнеді-ау, бірақ көнбістіктің де кебінін киіп ұшпаққа шығып кеткен жоқпыз. Кешегі «қаңтар көтерілісі» – соның ап-айқын дәлелі. Көңілі тоқ болса, халық қисынсыздыққа бармас та еді. Патшаның көршілермен қол алысып, қол беріскен дипломатиялық байланыстары берекелі болсын дейміз де.
Кенже ҚЫСТАУБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!