Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келелі кездесу

30.12.2021, 12:30 284

Бүрсігүні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі бейресми кездесуіне қатысу үшін Санкт-Петербургке барды. Жаңа жыл қарсаңында өткізетін осындай форматтағы кездесу дәстүрге айналғандай. Естеріңізде болса, алғашқы сапары да Ресей мемлекетінен бастау алған еді. Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәскеуге ресми сапармен келуді ұсынып, өзара қарым-қатынасты қалыптастыруға ниет білдірген болатын. Сол кездесуде «Елбасы салған сара жолмен жүріп, екі ел арасындағы  достықты нығайтып қана қоймай, келелі істерді жалғастырамын» деп Президентіміз атап өткен болатын. Тәуелсіздік таңы атқан кезеңнен бері Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы сыртқы саясатының тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаев алды. Сол уақыттан бері қаншама жүйелі жұмысы тарихты түзе­ді, жаңа  заманды  алға  жетеледі.

– Кездесу барысында ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары достастық аясында атқарылған бірлескен жұмыстардың қорытындыларын, көпжақты ықпалдас­тықты дамытудың және Ұйым қызметінің тиімділігін арттырудың перспективаларын талқылайды. Сондай-ақ, халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді  қарастыру  жоспарланып отыр, – деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақ­шасында.

Айта кетейік, Ресей президентінің шақыртуын қабыл алып, жылжабар отырыс өткізгендер сол – Қазақстан, Қырғыз­стан, Әзербайжан, Беларусь, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Ресей  президенттері.

Жиын барысында ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2021 жылғы ық­палдастықты қорытындылапты. «Жағаңа дұшпан қолы тимеске – артыңда туысқанның көбі игі» демекші, көрші мемлекет­термен татулықты күшейту еліміздің дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Мысалы, жаһандық университеттердің біршамасы мынадай стратегияны жадында ұстанады. Егер шет мемлекеттердің студенттеріне грант беріп, олардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасайтын болсақ, біздің деңгейіміз жоғарылайтыны белгілі. Міне, мемлекеттер арасындағы бірлікті нығайту елдің үздіктердің қатарында болуына бір қадам  болса да, алға ілгерілеуіне көмек болатыны  даусыз.

Тәжірибеге сәйкес жыл сайын ТМД мемлекеті басшыларының 1 ресми және 2 бейресми отырысы өтеді. Кеңес Одағының кезінде бірге болған мемлекеттер тиімді ұйым құрып, нарықтық негізде ортақ әлеуметтік-экономикалық, көлік және әскери-стратегиялық кеңістікті сақтау және дамыту мақсаты көзделген еді. 1994 жылдың 15 сәуір күні ТМД-ға қатысушы барлық елдер Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойып, жаңа мүмкіндіктерге  жол  ашты. Дегенмен де, еркін   сауда аймағын құру процесі тақтайдай тегіс, түзу болмады. Жоспарлағаннан да күрделі болды. Соған қарамастан «ауыр жүктің салмағын тұлпар білер» дегендей, қиындықтарды бірігіп еңсерді. Міне, осы ұйымдағы елдердің еңбектері елеулі. Биылғы қазан айындағы мәлімет бойынша достастық елдері арасындағы сауда айна­лымы 90 млрд доллардан асқан екен.

Дәстүрлі жиында ұйымның бүгіні айты­лып, келешегі айқындалыпты. Мемлекеттер басшылары өзара сауда-саттықты жандандыру шараларын қарастырып, халық­аралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, сондай-ақ пандемияның салдарын еңсеру және биологиялық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлес­кен  іс-қимылдарды  талқылады.

– Қазақстанға  қиын  кезеңде  қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білді­ремін. Ортақ  уағдаластықты  орындау  мақсатымен Қарағандыда  ресейлік  Спутник  V технологиясы негізіндегі бірлескен өндірісті жолға қоя алдық. Спутник V вакцинасы COVID-19 індетінің таралуына тосқауыл қою ісінде шешуші рөл атқарды деп айтуға болады, – деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде көмек көрсеткені үшін Ресей Президенті Владимир  Путинге  алғысын  білдірді.

Ал Владимир Путин келер жылы Тоқаев­ты Ресейге арнайы іссапармен келу­ге шақырған көрінеді. «Егер келер жылдың басында келіп-кетуге уақыт тап­саңыз жақсы болар еді», – депті теріскей көршінің  «көсемі».

Айтпақшы, ТМД басшыларының басқосуына экс-президент Нұрсұлтан Назар­баевтың жұрттан бұрын барғаны белгілі. Ресей президентімен бетпе-бет кездескенін баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Үкібай жазған еді. Сол кездесуде Путин Назарбаевқа ЕАЭО үшін алғыс айтыпты.

«Сізді Ресейде көргенімізге қуаныштымыз. Келгеніңіз үшін рақмет. Біз әріптестерімізбен әр жолы кездескен сайын, ЕАЭО-ны дамытудың кез келген мәселесін сөз еткенде одақты құру идеясы сізге тиесілі екенін еске алып отырамыз. Біз осы одақты құруға бастамашы болғаныңыз үшін алғыс айтамыз», – депті Ресей президенті.

Ал Назарбаев өз кезегінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас өзгел­ерге  үлгі  екенін  атап  айтқан.

«Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс өзгелерге үлгі боларлықтай. Біз сіздермен ерекше байланыс орнаттық. Бұл байланыс жаңа президенттің кезінде солай жалғасады деп ойлаймын. Өйткені біз Құдай қосқан көршіміз. Бұдан алшақтауға болмайды. Бұған екі тарап та мүдделі», – депті Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елдер арасындағы байланыстың атмосферасы бір бөлек. Бұл кездесудің өзі де ерекше. Себебі жібектен нәзік достық жібін үзіп алмай, ауызбіршілігіміз артып келе жатқанына бір марқайып қаламыз. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, отыз жылдықта бауырлас мемлекеттермен бас қосқан жиын қай жағынан болсын тарихи маңызға ие. Елдер арасындағы страте­гиялық әріптестіктің одан әрі ны­ғайып, ТМД мемлекеттерінің дамуына бұл кеңестің  ықпалы  зор.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: