Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ісімізбен із қалдырайық!

20.07.2026, 19:29 125

(Қызмет адамды емес, адам қызметті биіктету керек)

Қазақта «жақсы орынға, қызметке барыпты» деген сөз бар. Айтылуы жеңіл, мағынасы ауыр. Себебі ол сөздің астарында адамның өзі емес, отырған орны бағаланады. Бұл біздің санамыздағы ең байқалмайтын, бірақ ең қауіпті зиянды ауру.

Ұрпақ алмасып, заман өзгерді. Бірақ бір нәрсе, адамды орнына қарап бағалау әдеті өзгермей-ақ қойды. Біз орынды биіктетуді үйрендік, ал адамды биіктетуді ұмыттық.

Қазақ даналығында «Аттың күші — жорғасында, адамның күші — ісінде» деген. Лауазым — адамға күш береді, бірақ сол күшті қалай қолдануды адамның өзі анықтайды. Биік орынға шыққанда өзгермейтін, ұстанымынан таймайтын, жауапкершілікті мансаптан жоғары қоятын азамат, орынды биіктетеді. Ал орынды трамплин ретінде пайдаланатын адам сол орынды да, оған деген сенімді де жоғалтады.

Алаш туын көтерген аталарымыз, «Біз билік үшін күрестік, бірақ билік өзі мақсат емес, халыққа қызмет ету құралы» деген екен. Әлихан Бөкейхан да «Әр ұрпақ өзіне жүктелген жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс» депті. Бұл сөздің астарында лауазым емес, іс маңызды деген ұғым жатыр.

Бүгінгі қоғамда сөз бен іс арасындағы алшақтық барған сайын кеңеюде. Аузын ашса, жүйені өзгертемін, халыққа қызмет етемін дейтіндер жетерлік. Олардың пиар машинасы жылдам, образы жылтыр, риторикасы сенімді. Бірақ сол сөздің артына үңілсең нақты ізі жоқ. Іс жоқ, тек дауыс бар.

Тағы бір тип бар, бой тасалап өтетін. Басқаның маңдай терімен жасалған нәтиженің жанына табылып, сол жетістікті өзінікіндей ұсынатын. Бұлар қауіптірек, себебі олар ашық өтірік айтпайды, жай ғана шындықтың тасасына жасырынады. Бірақ, біреудің жаққан шырағымен өз үйіңді мәңгі жарық қыла алмайсың ғой. Олар заңды түрде әрекет етеді, бірақ моральдық тұрғыдан қатты қателеседі.

Ал нағыз мықты үнсіз жүреді. Дәлелдеуге тырыспайды, мақтауға зәру емес, насихатқа уақытын жоймайды. Оның ізін іс қалдырады. Мұндай адамды кездестіргенде бірден сезесің, лауазымдық орын оны биіктеткен жоқ, ол орынды биіктетіп тұр.

Қазақ атамыз данышпан ғой, «Адам өлсе ізі қалады, ат өлсе терісі қалады». Із дегеніміз уақытпен өлшенген нәтиже. Лауазым сәттік дүние, ал «із» үздіксіз. Адам өлгеннен кейін ізі қалады, лауазым жойылады.
Сондықтан адамды бағалағанда орнына емес, ізіне қара. Лауазымы жоқ болса да ізі бар адам — толық адам. Лауазымы биік, ізі жоқ адам, ұмытылған адам. Осыны ұғайық.

Жалпы жастарға құлаққағыс, өзіңді лауазыммен емес, ісіңмен анықта. «Мен кіммін?» деген сұраққа лауазыммен жауап берме. Сенің ісің — сенің жүзің. Із қалдыруды мұрат қыл. Жұрт сені лауазымыңмен емес, ісіңмен мақтасын.

Ісімізбен із қалдыра жүрейік!

Нұрбек Дәуренбеков,

«Әділет» партиясының Саяси кеңес мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: