Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еуразиялық экономикалық одақ аясында мүддеміз тапталып жатыр

10.01.2025, 7:00 67

HALYQLINE.KZ

Үкіметтің биылғы жоспарларының орындалмай қалуына жылдың орта шенінде қабылданған мемлекеттік сатып алу жүйесіне енген өзгерістер және Еуразиялық Экономикалық одақ аясында енгізілген талаптар да өз әсерін берген.

Биыл «Мемлекеттік сатып алулар туралы» жаңа заң қабылданды. Сол заңға сәйкес енді тендер жүргізгенде үш бірдей платформа емес, бірыңғай платформа жүйесіне көшеміз. Ол бірыңғай платформа арқылы келер жылдан бастап Ресей мен Беларусь бизнесі де қазақстандық мемлекеттік сатып алуларға еш бөгетсіз қатыса бастайды. Енді біздің жергілікті өндірушілер тендерде Еуразиялық Экономикалық Одақтың алпауыты Ресеймен және серіктесі Беларусьпен ашық бәсекелестікке түседі. Ал мұндайда біз отандық бизнесті қорғай аламыз ба? Мысалы, қазір үкімет Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында қойылатын талаптардан отандық бизнесті қорғай алмай отыр. Бұл одақтың талабына сәйкес биылдан бастап тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді. Енді Қазақстанның аумағына енетін дәрі-дәрмек, сүт және сүт өнімдері, аяқкиімдер арнайы цифрлық таңбалаудан өтіп, техникалық регламентке сай болуы керек. Жыл басында Қазақстан Мәскеуден сүт өнімдеріне арналған техникалық регламент бойынша өтпелі кезеңді 2027 жылға дейін ұзартуды сұрады. Бірақ Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанның тиісті ұсыныстарын қабыл ала қоймады. «Стресс-тестер» біздегі сүт зауыттарының халықтан, шаруа қожалықтарынан жинайтын шикізатының 50 пайызы ЕАЭО техрегламент нормаларына сәйкес келмейтінін көрсеткен. Егер 1 қаңтардан кейін одақтың жаңа техрегламенті күшіне енсе, елдегі сүт өңдеуші зауыттар ауылдықтар мен фермерлердің өндірген сүтін қабылдай алмай қалады. Осындай ЕАЭО талабының салдарынан Қазақстанда тұтас бірнеше сала тұралайын деп тұр. Енді осының салдарынан елде сүттің және сүт өнімдерінің жаппай қымбаттауы, отандық нарықты ресейлік және беларусьтің сүт өнімдерінің басып қалуы белең алады. Біздегі қымбатшылықтың дендеуіне ЕАЭО-ның талаптары да қатты әсер етіп жатыр. Үкімет осыған қарамастан, «биыл инфляцияны 6 пайызға төмендетеміз» деген жоспарлар құрды. Дәрі-дәрмектен бастап, аяқкиім, сүт және сүт өнімдері барлығы ЕЭАО-ның регламентіне сай болуы керек болса, бұдан инфляция төмендеп, отандық бизнес өркендемейді. Бұл бастама кәсіпкерлер үшін ауыр. Қосымша қаражаты жоқ бизнес өкілдері техникалық регламентке шығын шығарғаны үшін сөзсіз өнімін қымбаттата бастайды. Үкімет болашақта таңбасы жоқ тауар шығарған қазақстандық кәсіпорынды жауып тастауы да мүмкін. Ал таңбаламай сатса, ол көлеңкелі экономика заңсыздық саналады, жауапқа тартылады. Міне, биыл үкімет осындай талаптардың сеңін бұзып, одақ аясында Қазақстанға тиімді тәсілді таңдауға күш салуы керек еді. Өкінішке қарай, оған қол жеткізе алмадық. Енді келер жылы үкіметтің осы енжарлығы жемісін бере бастайды. Қымбатшылық одан әрі күш алып, ЕАЭО талабына шыдас бермегендер нарықтан шыға бастайды. Бұдан экономика өсе ме?!

Марал  ТӨРТЕНОВА,

экономист.

«Жас Алаш» газетінен (26.12.2024ж)

Фото: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: