Тоғыз жастағы Жетес тоқсандағы Төле биге сәлем бере барыпты. Сонда Төле би былай деген екен:
– Бата – басқа, қына – тасқа, ақыл – жасқа, не қалайсың, балам? – депті. Сонда Жетес бала:
– О, қасиетті баба! Ат берсеңіз, өліп қалады, тон берсеңіз, тозып қалады. Ат, тонға бергісіз, өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін бір өсиет айтсаңыз соған ризамын, – депті.
– Онда қолыңды жай, балам, – деп Төле би:
– Бір үйдің баласы болма, көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма, бар елдің данасы бол!..
…Өз-өзіңе кәміл бол, халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол! Досыңа адал бол! – деп бата беріпті.
Сәрсенбінің сәтінде 200 жылдан астам тарихы бар киелі өңірдің тізгінін 8 жылдан бері ұстап келе жатқан Нұрлыбек Нәлібаев ел алдындағы кезекті есебін өткізді. Шара эпидемиологиялық ахуалға байланысты қаланың әр аймақ тұрғындарының межелі орында жиналуы форматында ұйымдастырылды.
Сырдың бас шаһары соңғы жылдары өндірістік бағытқа бет бұрды. Қызылорда қаласының экономикасы тамақ өнеркәсібі, мұнай өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, химия және жеңіл өнеркәсіп есебінен қарышты дамып келеді. 2020 жылдың аяғына дейін 480 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі орындалып, негізгі капиталға салынған инвестиция 105 пайызға орындалған. Сондай-ақ, облысқа тартылған инвестицияның 52 пайызы қаланың үлесіне тиесілі.
– Өткен жылы әлемді әбігерге салған пандемия салдарына қарамастан қаламызда экономикалық тұрақты жағдай қалыптасты. Барлық салада жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. «Еңбек ерлікке, ерлік елдікке жеткізеді» деген дана халқымыз. Іргелі еліміздің, әсем қаламыздың көркеюіне әрбір тұрғынның қосқан үлесі зор. Халқымызда «тірлік басқа болса да, тілек бір, бармақ басқа болса да, білек бір» деген дана сөз бар. Қашанда ішкі ынтымағы жарасқан елдің көптен көші озып, болашаққа басқан қадамы нық болады, – деп бастады сөзінің басын қала басшысы.
БЮДЖЕТ «ҚОРЖЫНЫ» ҚАМПАЙДЫ
Экономикалық ахуалдың жақсы қалыпта, тұрақты шамада сақталуына бюджеттің кіріс-шығыс тенденциясы ықпал ететіні анық. Өңірді өркендету бағытындағы бастамалар мен ауқымды жобалар жүзеге асуының нәтижесінде қала бюджеті жыл сайын ұлғайып келеді. Оған дәлел 2020 жылдың басында 69 млрд теңгемен бекітілген бюджет қоржыны жыл аяқталамын дегенше 94 млрд теңгеге жеткен. Қала әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 9,4 млрд теңгені құраса, облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48 пайызы қаланың үлесіне тиесілі.
«Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде қалада жалпы құны 67 млрд 600 млн теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. «Бизнестің жол картасы» негізінде жалпы құны 6 млрд 500 млн теңгені құрайтын 161 жоба, «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бойынша құны 968 млн теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылған.
– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағытына облыстық бюджеттен бөлінген 114 млн теңге толығымен игерілді. Бағдарламаның екінші бағытымен 125 азаматқа кәсіпкерлік бастамасын қолдауға 615 млн теңге несие берілді. «Жаңа бизнес идеяларды» іске асыруға 1 мың 355 азамат 750 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды. Бағдарламаның үшінші бағыты мен жастар тәжірибесіне бөлінген қаражат есебінен мамандар тұрақты жұмысқа орналасты. Жыл санап қала халқының саны артып, баспанаға деген сұраныс ұлғаюда. Бұл мәселені шешу бағытында қаладағы құрылыс қарқынын, оның ішінде тұрғын үй құрылысын арттыруға ерекше назар аударып келеміз, – деді Н.Машбекұлы.
ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҚАЛЫПТЫ
Бүгінгі таңда индустрияландыру картасы шеңберінде құрылыс материалдары шығарылып, ауыл шаруашылығы өнімдері өңделуде. Ірі инвестициялық жобалардың іске қосылуы өндеу өнеркәсібінің өсуіне мүмкіндік беріп, даму деңгейінің оң тенденциясын қалыптастырып отыр. Сәйкесінше, жоғары даму деңгейі құрылыс секторында байқалады, оның ішінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Мәселен, өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 371 мың 314 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл ішінде 1032 қызылордалық тұрғын баспаналылар санатына қосылды. Ең бастысы, пандемияға қарамастан қауырт деп танылған салаларда жұмыс қарқыны азайған жоқ. Жыл аяғына дейін 38 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сәйкесінше облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 55 пайызы Қызылорда қаласына тиесілі.
Тағы бір маңызды салалардың бірі – инфрақұрылым. Шыны керек, қаладағы көптеген электр желілері, құбырлар мен кәріз жүйелері кеңестік кезеңнен бері ауыстырылмаған. Тек соңғы жылдары республикалық және облыстық қаржы көздерінен бөлінген қаражат есебінен қаладағы 93% ауызсу, 80% кәріз және 60% жылу жүйелері жаңартылды.
– Қалада соңғы жылдары жол құрылысын дамытуға 30 млрд теңгеге жуық қаржы тартылып, 840 шақырымды құрайтын 1177 көше жөнделді. Бұдан бөлек 2 млрд 529 млн теңгені құрайтын Ғ.Мұратбаев көшесіндегі көпір мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолын жалғайтын ұзындығы 5 шақырымға созылған жол құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді, – деді ел алдындағы есепті кездесуінде Н.Нәлібаев.
Жалпы, шаһарда қажырлы еңбек пен іскерліктің нәтижесінде істеліп жатқан жұмыс ауқымы мол. СПМК-70 және Сырдарияның сол жағалауында тұрғын үйлер құрылысы жүргізілуде. Елді мекендер ауызсу, су бұру қызметімен қамтылады. «Қызылжарма» ауылдық округі мен «Бәйтерек» шағын ауданында шағын мектептер салынады. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 192 тұрғын үй сатып алынады.
СҰРАҚ-ЖАУАП
Есепті кездесуде шаһар басшысы тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға да жауап берді.
Айткүл Кенжебаева, қала тұрғыны:
– Мен – «Шанхай» мөлтек ауданындағы Ғарышкер көшесінің тұрғынымын. Сол көшенің тұрғындары атынан асфальт төсеп берсеңіздер деген өтінішпен келдім.
– 2020 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен қалаішілік 408 көше жөнделді. Оның 100 көшесіне қиыршық тас төселді. Бұрын-соңды мұндай болмаған. 30 млрд теңгеге жуық қаржы көше жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Алдағы уақытта сіздің айтқан көшені де тізімге қосу үшін жұмыс істейміз, – деп жауап берді қала әкімі.
Бақытгүл Бименова, қала тұрғыны:
– Мен баспанасы апатты деп танылғандардың санатында тұрғын үй алу үшін 34-ші кезекте тұрмын. Биыл апатты тұрғын үйлерде тұрып жатқандар үшін үй салына ма?
– Өткен жылы дәл осындай апатты үй тұрғындары үшін 23 пәтер табыстадық. Биыл 50 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Соңғы жылдары бұл мәселені шешу үшін 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл мәселе облыстық, қалалық бюджет тарапынан шешілетін болғандықтан қаражат мәселесі қиындау болып тұр, – деді шаһар мэрі.
Онлайн форматта 2020 жылы Қызылорда қаласында атқарылған жұмыстар туралы кездесу өткізген қала әкімі Н.Нәлібаев сөз соңын «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды! Халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикамызды дамытуға бағытталған шаралар биыл да өз жалғасын табады» деп аяқтады.
Н.ҚАЗИ,
Н.Нұржаубай (сурет)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!