Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәуір көшін бастаған көшбасшы

01.12.2021, 12:30 397

Осыдан бірер күн бұрын ғана Қазақ елінің Тәуелсіздігі Ұлыбритания төрінде ұлық­талып, сол елдегі Қазақ­стан елшілігі еңсе тіктеген еліміздің 30 жылдық даму жолынан сыр шертетін тарихты кітап бетіне түсіріп, тұманды Альбион елінің атқамінерлеріне шара өткізді. Сол жиында Ұлыбритания  Парламенті Қауымдар палатасының  депутаты  Боб Стюарт: «Қазақстанның     30 жыл ішінде жеткен жетістіктері таң қалдырады. Аяғына енді тұра бастаған жылдары Ұлыбританияның өзінде мұндай ілгерілеушіліктер болды деп ойламаймын. Демократияcы мінсіз мемлекет­ке  айналуымыз үшін 800 жыл қажет болды. 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақстан өз-өзін қолына алғаннан бері күрмеуі қиын мәселелерді шешіп келеді», – деді. Бұл жөнінде «Хабар 24» телеарнасының Лондондағы меншікті тілшісі Ғалымжан Бәйімбет баяндады.

Ал, енді… Уақыт адам тағдырын сан арнаға бұрып, серіппені бір тартып қалғанда, жоғарыдан төменге құлдилатып, төменнен жоғарыға жеткізетіндей өзгеріске түсірсе, мемлекет тағдыры да солай. Осыдан 30 жыл бұрын ағылшын аралындағы мәртебелі мемлекетке аяқ басып, Қазақстан деген елді таныстырудың өзі тарихи оқиға болса, бүгінде бірде-бір шаруасы Палатаның иек қағуынсыз шешілмейтін маңғаз ұлттың өкілінен мадақ есту уақыттың құдіреттілігін көрсетеді. Уақыттың құдіреттілігі – тарихтың, тарихтың құдіреттілігі тұлғаның сырын ашады.

Бүгінгі Елбасы, кешегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүрген жолы, басқан ізі, айтқан сөзі тарих бетіне таспаланды. Қандай болса да, ол – Тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы, тұғырын нығайтушы, озық үлгінің ізін салушы. Ізі бар, бұрыннан бір жүйеге түскен істі әрі қарай дөңгелетіп әкету аса қиынға түспейді. Ал жоқтан бар жасау, жаңа ашылған гүлден бүр, тақыр­дан  шөп  шығару  екінің  бірінің  қолынан келмейді.

КСРО тарқағаннан кейін жетпіс жыл бір жүйе­ге иек артып, соның айтқанымен жүріп, айдаға­нына көнген  елдің  бәрі бірдей Елбасыға бірден сене қойды ма? Әрине, жоқ. Халық Тәуелсіздіктің құнын түсінсе де, әрі қарай қалай амал қыларын білмеді. 90-жылдардағы ауыр кезең, базар жағала­ған жұрттың  жағдайы – соның айғағы. Ол кезде бай болып, сіркесін сығып отырған ешкім болмады. Бәрі бала-шаға қамы үшін талғажау тірлік кешті. Тіпті мемлекет басшысының алдында да үлкен міндет тұрды. Халықты сондай елең-алаң шақтан алып  шығу  қайраткерлікті,  тәуекелдікті  талап  етті.

Белгілі публицист Қайнар Олжайдың «Президент пырағы» кітабын оқысаңыз, КСРО құрамынан бөлініп шыққан жас мемлекетті басқарып, бірден көрпесі көгерген ешкімді көрмейсіз. Тырмысу, мәмілегерлік, талпыныс, ұмтылыс, тәуекел етіп, тас жұту, кеңірдекке келген сөзді күнің түскен соң көмейіңе көміп қалу, шындықты әзілмен әрлеу, болмаса саясатты әзілмен орағыту. Президент Тәуелсіздік алған жылдары «мен осы елдің бірінші адамымын, бірінші басшысымын» деп кресло құшақ­тап отыратындай күйде болмады. Ол елін тығырықтан  шығару үшін қандай тәуекелдерге барды, білесіз  бе?

Нұрсұлтан Әбішұлы – тумысынан көшбасшы тұлға. Ол 90-жылдардың тұсында КСРО-дан бөлініп шыққан елдер аштықтың аз-ақ алдында тұрғанда бірнеше елдің ауыр жүгін арқалап, Англия­ға барды. Батыстың тегеурінді тілшілеріне: «Рас, Қазақстанның өзінде астық келесі ораққа дейін жетеді. Біз нансыз қалмақ емеспіз. Қазақстанға тек мал­азықтық жем ғана қажет. Бірақ Кеңестер Одағының жекелеген  аймақтарында аштық басталғанда біз үнсіз, тыныш отыра алмаймыз. Кеңестер Одағына дереу азық-түлік қоры керек», – деп жағдайды ашып айтты. Сол кездің өзінде бір ғана елдің емес, әлемдік деңгейдегі көшбасшы екенін көрсетті. Себе­бі  ол кезде қара бастың қамымен бір елдің күйін күйттеу арқылы тығырықтан жол табу қиын еді. Неше жылдан бері бір-біріне шиеленісіп байланған жіпті бірден ағытудың соңы қысқа жолмен шектелер еді. Сондықтан деміңді ішке тартып, беліңе ауыр тасты арқалап, діттеген жеріне жеткізбейінше, тоқтауға болмайтын  еді.

1991 жылы сол сапарында қазан-қараша айларында Н.Әбішұлы Ұлыбритания ханшайымы ІІ  Елизаветта Патшайыммен кездеседі. Әлі буыны қатпаған, бесігінен енді ажырап, тәлтіректеп, тәй-тәй  басқан  елдің  басшысына Патшайым қалай құрмет  көрсетті  дейсің. Бұл – елге ғана емес, тұлғаға көрсетілген  құрмет. Елбасының  бір артықшылығы – ол қандай қиын кезең болса да, бірде-бір мемлекет басшысының алдында өзін сонымен пара-пар деңгейде теңдей ұстай білді. Оның сол жігерлілігі, маңдайына жұлдыз қонып, кеудесіне ай ұялаған қасиеті талай түйінді  тарқатты.

Ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер оны да айна­лып өтпегені анық. Керек кезінде дөп сөзді нысанаға алу мен көп сөзді батыл іспен алмас­тыру оның іскерлігін танытты. Елбасының көпшілдігі оның әрдайым жолына жарық сәуле сыйлады. Тіпті, 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтың тұңғыш көкке самғаған шағында бұл тарихи сәтке куә болу­ға көрші мемлекеттің басшыларын қонақ етіп шақыруы, әрдайым өзін тыңдата алуы, Таулы Қара­бақтағы мәселеге арағайындық жасауы, Түркия мен Ресей арасындағы тоңды ерітуге тырысуы, Сирия соғы­сына  қатысты  пікір білдіруі, БҰҰ-ында батыл үн қатуы көпвекторлы саясат жүргізуге қауқарлы екенін талай рет дәлелдеді. «Жақсының қадірін жақыны білмес, жат білер»  деп жатады, кейде көзіңді  алысқа тастағанда осындай ойға шома­сың…

Бүгінде Орта Азияның абызына айналған Елбасыны елге сес болып отырған данагөй ретінде бағалауға болады. Көз көрген, қол алысқан адамы көп, біраз жағалауды жүрді. Кезіндегі батыс банкирі М.Добсонның сөзімен айтсақ, «бұрын кен инженері болған Назарбаев экономиканың да білікті инженеріне айналды». Тұралаған экономиканың өн бойына қан жүгіртіп, нарыққа шығуына жағдай жасады. Елбасы туралы «Штрих к портрету» деректі фильмінде Н.Ә.Назарбаев АҚШ-тың ең мықты деген инвесторларымен қазақстандық бизнесмендерді кездестіріп, елге қаржы тарту үшін біздің саудагерлердің қызметін, өндірісін бірнеше есеге ұлғайтып көрсетуге тура келген шақ болғанын да еске алады. Осыдан-ақ амал тауып, қиындықтан шығу үшін айла жасау – бұл ақылды адамға ғана тән құбылыс екенін байқауға болады.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығындағы әрбір жетістік Елбасы есімімен тікелей байланысты. Елбасы­ның даналығы, парасаттылығы, кемеңгерлігі мұхиттай тереңдікпен астасып жатыр, оның сұңғыла саясаткерлігі, тұлғалық болмысы талайды өзіне тәнті еткені анық.

Ғасырынан алда жүрген, тарихтың тайғақ жолы­нан сүрінбеген ғасыр адамын ұлықтайтын бүгінгі 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні құтты болсын! Сынаптай сырғыған уақыт адамның қадіріне бойлауды үйретеді. Сондықтан бардың қадірін білгенге, нардың қадірін білгенге не жетсін?!

Гауһарай  ЕСІМОВА,

Қорқыт  Ата  атындағы  ҚУ  оқытушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: