«Қаңтар оқиғасында» Қазақстанды 30 жылдан аса басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ел-жұрттың ашу-ызасы ашық байқала түсті. Әр облыста баннердегі суреті жыртылып, көше атауынан алынуын талап етсе, Талдықорған қаласында ескерткіші құлатылды. Сол уақытта президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесін өз қолына алғанын жария етті. Қаңтардағы қантөгістен кейін экс-президенттің туыстары мен жақындары лауазымды қызметтерден өз еркімен кете барды, өзі де көптің алдына шыға қоймады. Одан соң референдум арқылы Конституциядан тұңғыш президентке берілген артықшылықтарды алып тастады. Бірақ, бұдан айтарлықтай өзгеріс байқалмайтыны белгілі болды.
Сондай-ақ, сарапшылар «Тұңғыш президент – Елбасы» заңы жойылса да, Нұрсұлтан Назарбаевта әлі де артықшылықтар бар» деп дабыл қақты. Өз күшін жойған «Елбасы туралы заңда» экс-президент «жаңа тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы», «бірліктің, Конституцияны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаушы» деп көрсетілген-ді. Заңгер Акиф Сүлейменов «Азаттық радиосына» берген сұхбатында экс-президенттің статусы Конституцияда және «Президент туралы» заңда жазылғанын айтады. Мәселен, «Президент туралы» заңның 36-бабында елдің экс-басшысы президент кезіндегі істері үшін жауап бермейтіні, тек мемлекетке сатқындық жасаса жауапқа тартылатыны жазылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 17 шілдедегі жарлыққа қол қойып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі туралы ереженің жаңа редакциясын бекітті. Мұнда экс-президентті күзету деген тармақтар алынып тасталған.
Мемлекеттік күзет қызметінің ендігі міндеттері төмендегідей:
• Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
• Қазақстан Республикасы Президентiнiң және басқа да қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтарына, бостандықтарына, қадiр-қасиетiне және мүлкiне қарсы құқықбұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу;
• күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдардың басқа да болатын жерлерінде мүлікті қорғау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
• өз өкілеттіктері шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
• күзетілетін адамдар мен объектілерге қауіптерді болжау және анықтау, олардың алдын алу және залалсыздандыру жөніндегі жедел іс-шаралар кешенін жүзеге асыру;
• Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын қорғауды жүзеге асыру және салтанатты және хаттамалық іс-шараларды өткізуге қатысу;
• Президенттік хабарламаларды қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
• заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалған өзге де міндеттер.
Бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіпсіздігін қадағалады. Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың өміріне, денсаулығына, құқықтарына, бостандықтарына, қадір-қасиеті мен мүлкіне қарсы құқықбұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу, оны Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде халықаралық және өзге де байланыс түрлерімен қамтамасыз ету міндетін де атқарды.
Енді бұл тармақтар Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережеден алынып тасталды. Жарлық 2023 жылғы 4 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
«Қаңтар оқиғасынан» соң Назарбаев ел алдына көп шығып жүрген жоқ. Ал, ел тұрғындары арасында оның еңбегі де бар екенін ескеріп, есімін өшіруді осы жерден тоқтатқан дұрыс деп санайтындар бар.
Ш.ШАТҚАЛ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!