Сонау екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың басы-қасында жүріп, фашизмнің басты идеологы, Адольф Гитлердің сенімді серігі атанған Йозеф Геббельстің бір сөзі бар. «Егер маған бүкіл БАҚ-ты иелігіме берсеңдер, күллі әлемді қиналмастан жаулап алар едім» дейді ол. Айтуының жаны бар. Оның үстіне технология шарықтаған, ақпарат тарату мен оны қабылдау өте оңай заманда БАҚ пен медианы пайдаланып, халық назарын маңызды мәселелерден бұру саяси технократтар мен популистер үшін қиын нәрсе емес. Бұл тәсілге саясаттанушы зерттеушілер тіпті нақты термин де арнаған. Орысшаласақ, «отвлекающий маневр», біз оны қазақшалап «алаңдату амалы» деп атадық. Бұл мақаламызда аталған әдістің қалай қолданылатыны жайлы толығырақ тарқатамыз. Сонымен қатар, әлемде, елімізде болған жайттардан мысалдар келтірмекпіз.
Бүгінде жаһандық ақпараттық дәуірде назар аударта білудің өзі – үлкен өнер. Бұл тәсілді саяси технократтар шебер меңгерген. Қоғамның негізгі мәселелерінен көзді тайдыртып, өздеріне тиімді шешім шығару үшін олар неше түрлі әдіске жүгінеді. Саясат сахнасындағы алаңдату мәнері айлакерлік пе, әлде қажеттілік пе?
Саяси технократтар пайдаланатын алаңдату тәсілдері әртүрлі екенін атап өттік. Соның бірі – ақпараттық толқын қалыптастыру. Бұл тұста медианың, жалпы журналистика саласының бәсі жоғары. Қоғам үшін маңызды, көпшіліктің көкейтесті зарына айналған, бір жағынан шешімі қиын мәселелерді назардан тыс қалдыру үшін қоғамды басқа, шулы оқиғалармен «қоректендіру» жиі байқалады. Мәселен, салық жүйесіндегі әділетсіздік немесе экономикалық қиындықтар туралы сұрақтар көтерілген жағдайда, олардың шешімін табудың орнына саясаткерлер халықтың назарын мәдени, діни немесе спорттық тақырыптарға бұрады.
Алғашқы мысал ретінде футболдан Бразилияда өткен әлем чемпионатын алайық. Бразилия мемлекетінің сол жылдарғы жай-күйі көпке мәлім. Қарапайым мектеп пен аурухана жетіспеушілігі туындады. Ортастатистикалық халықтың әлеуметтік әл-ахуалы күрт төмендеді. Алайда, дүниежүзі назарын өзіне аударған бұл дода елдегі экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік наразылықтарды уақытша түбегейлі ұмыттырды. Миллиондаған, тіпті миллиардтаған долларлық шығындарға қарамастан саяси элита өзін оң образда көрсету мақсатында осындай ауқымды іс-шараны оңынан пайдаланды десек болады. Бұл Әлем чемпионатын ұйымдастыруға мемлекеттен бас-аяғы 14 млрд доллар қаражат бөлінген. 2013-2014 жылдары мыңдаған халық көшеге арнайы «Бізге Әлем чемпионаты емес, мектептер мен ауруханалар керек» деген плакаттармен ұрандатқан-тұғын. Дегенмен, билікті қарапайым халықтың жанайқайы алаңдатқан жоқ. Көп қаражат стадиондар салуға, инфрақұрылымды жаңартуға және туризм саласын дамытуға бағытталғанмен, оның мемлекетке пайдасы аса тие қоймағанын жасырмаймыз. Чемпионат аяқталған соң, ел экономикасы одан сайын әлсірей түсті. Кей стадион қаңырап, түкке қажетсіз болып қалды. Чемпионаттан кейін халық билікке сенімсіздік танытып, 2016 жылы президент Дилма Русефтің ипичментіне әкелген саяси дағдарыстар болды.
Осы тұста елдің назарын басқа жаққа бұрудағы манипуляцияның рөлін ерекше атап өткен жөн. Қазіргі заманда манипуляцияның ең үлкен қаруы – медиа. Телеарналар, әлеуметтік желілер тек ақпарат таратушы ғана емес, қоғам пікірін қалыптастырушы құралға айналды. Саяси технократтар қоғамды қажетсіз ақпарат тасқынына көму арқылы маңызды мәселелерді шетке ысырады.
Мәселен, коронавирус әлемді жайпап, бүкіл мемлекет пандемия режиміне өткен тұста медицинаға деген теріс көзқарас артты. Маска жетіспеушілігі, жедел жәрдем шақыру мен науқас қабылдау мәселелері өршіп тұрған тұс. Осы кезде медиада көңіл көтеретін бағдарламар шектен тыс көбейді. Бұл стратегия халықты шынайы проблемаға емес, уақытша көңіл көтеруге бағыттағаны белгілі.
Бұл үрдістің қоғамның психологиясына берер әсері де аз емес. «Саяси технократтардың бұл әрекеттері қоғамда апатия туғызады» дейді психолог мамандар. Адамдар нақты өзгеріс күтудің орнына, күнделікті көңіл көтеру арқылы туындаған мәселені ұмыт қалдырады. Сәйкесінше, биполяр синдромына шалдыққан адамдардың да көбейетіні айдан анық. Әлеуметтанушылар бұл теорияның ұзақ мерзімде қоғамның саяси белсенділігін төмендететінін атап өтті. Статистикаға жүгінсек, 2023 жылы әлем елдерінің 68 пайызына саяси сауалнама жүргізген сәтте азаматтардың тек 25 пайызы ғана билікке нақты ықпал ете алатындығына сенген. Бұл сенімсіздік пен шарасыздық осы шамадағы «алаңдату амалдарының» сәтті орындалғанының белгісі десек, артық айтқанымыз емес.
Атап айту керек, дін де – «алаңдату амалының» бірден-бір құралы. Олай дейтін себебіміз, дінде адамды сендіру оңай. Ал діндар қоғамда сол төңіректегі мәселелер әрдайым бірінші орында болатындығы анық. Дін арасындағы алауыздық пен идеологиялық пропаганда Ауғанстан, Йемен, Пәкістан секілді Таяу Шығыстағы мемлекеттерді әлі күнге дейін алдыға жылжытпай келеді. Адамдарда діни наным-сенім артқан сайын, сәйкесінше оларды басқару, ортақ байлықты иелік ету де оңай. Әсіресе дін арқылы халықтың назарын басқа жаққа бұру Үндістанда көп қолданылады екен. Бұл мемлекетте мешіт, шіркеулерге жасалатын шабуылдар легі көп. Үндістанның дін мен ділге берік халық екенін ескерген билік сондай жағдайларды қолдан құрастырып, кедейшілік пен елдегі жемқорлық мәселесі жайлы тіс жармайды деседі.
Мысалдар легіне Американың президенттік сайлауындағы ораторлық қабілеттің маңыздылығын, тиісінше үміткерлердің «алаңдату амалын» қалай жөнді пайдаланатынын қосқанымыз абзал. Сайлау науқаны кезінде кандидаттар қоғам үшін маңызды тақырыптарды, мәселен, денсаулық сақтау немесе білім беру мәселелерін талқылаудың орнына, жеке өмірлерін немесе бір-біріне қатысты айыптауларды алға тартады. Бұл электораттың назарын күрделі шешімдерден гөрі жеңіл ақпараттарға бұратыны айтпасақ та белгілі.
Әлемде болған жаңалықтар арқылы мысалдар мен дәлел-дәйектерді толық жеткіздік деген ойдамыз. Ал енді елдегі ахуалға тереңірек тоқталайық. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы бәрімізге мәлім болар. Жаңаөзен халқы еңбек және әлеуметтік жағдайларға байланысты наразылық шерулерге шығып, бұйымтайларын агрессивті түрде айтқан-тұғын. Қанды оқиға кезінде біршама адам қаза болды. Осы тұста мемлекет имиджін жоғалтпау мақсатында мемлекеттік телеарналарда оқиға орнынан ақпарат берудің орнына мәдени, спорттық іс-шараларды көптеп көгілдір экраннан көрсетті. Бұл әрекеттің не үшін қолданылғаны баршамызға аян.
2015 жылғы дағдарыста да осы шамалас оқиға болды. Ұлттық валюта теңгенің күрт девальвациясы халықтың әлеуметтік жағдайына қатты әсер етті. Саяси-экономикалық ахуал ушыққан тұста мемлекетте спорттық жетістіктер мен мәдени жобалар белсенді түрде насихатталды. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 инновациялық көрмесін ілгерілету жұмыстары басталып, экономикалық қиындықтар шетке ысырылғандай көрінді.
2020 жылдары пандемиядағы «алаңдату амалдары» Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Елімізде де денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер қоғамның әбден ашу-ызасын тудырған. Сол кезеңдері тарихи тақырыпта «Томирис» фильмі жарыққа шықты. Сонымен қатар, Абайдың 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы сынды түрлі патриоттық іс-шаралар легі көбейіп, бар назар сонда ауған болатын. «Бұл – халық назарын әлеуметтік мәселелерден тарихи құндылықтарға бұру мақсатында жасалған дүние» дейді саяси сарапшылар.
Саяси технократтардың бұл айла-шарғыларына қарсы тұру үшін, ең алдымен, ақпаратты талдап, сұрыптау мәдениетін қалыптастыру қажет. Қоғам ретінде өзімізге қажетті әрі маңызды мәселелерге назар аударуды үйренген абзал. Қорытындылай келе, қоғамның назарын шынайы мәселелерден бұру – заманауи саяси стратегиялардың бір түрі және бұл рас теория деген тұжырымға келдік. Алаңдату амалы небәрі уақытша шешім болғанымен, ол халықтың сенімін сақтап қалудың қуатты құралына айналып отыр. Еліміздегі жоғарыда атап өткен мысалдар – бұл әдістің бізде де көптеп қолданылатының бір көрінісі. Алайда, халық шындықты ұзақ уақыт елеусіз қалдырмайтыны анық. Әлеуметтік проблемаларды шешудің орнына, назарды басқа бағытқа бұру уақыт өте келе, түптің түбінде халық наразылығын күшейте түседі. Сол себепті биліктің басты мақсаты осы шамадағы әдіс-тәсілдер арқылы емес, нақты әрекеттермен елдің сенімін нығайту болуы тиіс. Әділдік пен ашықтық салтанат құрғанда ғана даму болатынын жадымызда сақтаған жөн.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Коллаж: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!