Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Татарстан Республикасына жұмыс сапары аясында Иннополис қаласына барды. Қала мэрі Дмитрий Вандюковпен және Иннополис университеті директорының орынбасары Искандер Бариевпен кездесіп, экономикалық аймақтың, заманауи білім ордасының жұмысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде ғылым мен IT технологияларды дамыту, жасанды интеллект пен робототехника саласындағы инновациялық аумақтар құру тәжірибесін бөлісу, осы бағытта ынтымақтастық орнату мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Сыр өңірі ІТ мамандарының, студенттердің тәжірибеден өтуі жайында келіссөз жүргізілді.
Иннополис университетінде 1000-ға жуық ІТ саласының болашақ мамандары білім алуда. Жоғары оқу орны ақпараттық технологиялар және робототехника саласындағы білім беруге, зерттеулерге маманданған. Заманауи ЖОО-да барлық академиялық бағдарлама ағылшын тілінде жүргізіледі, ал мамандықтар ақпараттық технологиялармен тығыз байланысты. Ресейдегі 300-дей жетекші IT-компаниямен біріккен 17 зертханасы, 9 даму орталығы бар.
Ресей Федерациясындағы ақпараттық және жоғары инновациялық технологияларды дамыту үшін құрылған қалашықта озық инновациялық шешімдер әзірленеді және коммерцияланады.АЭА-тың негізгі нысаны – технопарк кеңселері мен даму орталықтары бар заманауи, көпфункционалды кешен. Мұнда IT компаниялардың дамуына барлық қолайлы жағдай жасалған, жаңа перспективалы жобалар да, ірі ресейлік және халықаралық IT-компаниялар да шоғырланған. АЭА алаңының жалпы аумағы – 311 гектар.
Делегация Башир Рамеев атындағы ІТ-паркке арнайы барды. Парк базасында коворкинг, цифрлық кітапхана, балалар технопаркі, стартап хаб, киберпарк аренасы және т.б. бар.
Жалпы жұмыс сапары барысында облыс әкімі серіктестік қатынастарды кеңейту арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға, ауыл шаруашылығын, сауда-саттық пен инвестицияны, кәсіпкерлік саласын ілгерілетуге жол ашылатынын атап өтті. Сондай-ақ, Нұрлыбек Нәлібаев көрсетілген қонақжайлыққа алғысын білдіріп, ынтымақтастық пен екіжақты байланысты кеңейту бағытындағы жұмыс жалғасатынын айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!