Биыл тәуелсіздігіне 30 жыл толатын Қазақстанның халықаралық аренадағы орны, өзге мемлекеттермен тең және тиімді қарым-қатынас құруға дайындығы дипломатиялық байланыс орнатқан шет мемлекеттердің көптігімен дәлелденіп отыр. Отыз жылдан бері республика әлемнің 130-дан астам мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Көптеген себептерге байланысты Орталық Азия мен Қазақстан аймағы әлем саясатында қазіргі кезде ерекше назарда тұрғаны да рас. Қазақстан екпінді даму қарқынының нәтижесінде ipi трансұлттық корпорациялардың, өзге мемлекеттердің үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Оған себеп жоқ емес, өйткені Қазақстан – Орталық Азиядағы географиялық сипаты бойынша ең ipi мемлекет, оған қоса экономикалық даму қарқыны бойынша біздің ел – аймақтағы көшбасшы. Осы ретте еліміздің болашақта даму мүмкіндіктерінің мол екендігін ескере кету керек.
Осы күннің өзінде қазақстандық сыртқы саясат басымдылығы ең алдымен Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО, Орталық Азия аймағындағы көршілес мемлекеттермен, Ислам әлемімен тең құқылы қарым-қатынас құруға бағытталып отыр. Бұл тұрғыда 2006-2007 жылдары аталмыш мемлекеттермен және аймақтармен екі жақты байланыс едәуір алға басты. Ел мүддeciнe қатысты бірталай маңызды құжатқа қол қойылған мемлекет басшылығының Вашингтон, Мәскеу, Брюссель, Лондон, Бейжің, Каир, Тегеран, Ташкент, Бішкек және тағы да басқа мемлекеттердің астаналарына ресми сапарларының қорытындылары да осыны айғақтай түсті. Осылайша еліміздiң әлемнің жетекшi державалары мен көршілес ТМД мемлекеттepi арасындағы стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге орнықты. Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелері бойынша бастамалар жасау құқығы тиесілі. Осы ретте Тұңғыш Президенттің Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық әл-ауқатын арттыруға, сыртқы байланыстарды нығайтуға бағытталған жұмыстарының бір бөлігін саралап өткенді жөн көрдік.
– Тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап мен ұлы Абай атамыздың «Кімге достығың болса, достық достық шақырады» деген дана қағидасын басшылыққа алып, әлемнің барлық мемлекетімен арадағы келісім мен достыққа, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясат ұстандым. Егемендіктің бастапқы жылдарында іргелес елдердің бәрімен тату қарым-қатынас орнатып, шекара мәселесін түбегейлі шешкеннен кейін түрлі деңгейдегі ынтымақтастық ұйымдарын құруға бастамашы болғанымның басты себебі де сол еді. Еуразия экономикалық одағын, «Шанхай» ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, «Астана» экономикалық форумы мен бүкіләлемдік «ЕХРО» көрмесін өткізу шараларының бәрі – Қазақстан мен дүниежүзі мемлекеттері арасындағы өзара достық пен сенімге негізделген байланысты, экономикалы ынтымақтастықты нығайту үшін жасалды. Өмірдің өзі, дәл бүгінгі қалыптасқан жағдай біз ұстанған бірігу мен бірлесуге негізделген саясаттың бірден-бір дұрыс жол екендігіне көзімізді жеткізіп отыр, – деген еді Елбасы 2020 жылы Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде.
Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың тиімді сыртқы саяси доктринасының нәтижесінде соңғы жылдары еліміз көрші алпауыт мемлекеттермен – Ресеймен және Қытаймен, сондай-ақ, Орталық Азия республикаларымен тату көршілік белдеуін құрды. Ынтымақты, көпвекторлы және бейбіт саясатты жүзеге асыра отырып, Қазақстан БҰҰ-ның құрметті және жауапты мүшелерінің қатарынан лайықты орын алды. Бұл туралы Елбасы ел алдында сөйлеп жүрген сөзінде халықаралық аренада бір-біріне қолдау көрсетудің маңыздылығы туралы үнемі айтады. Өйткені ол тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның сыртқы саясатын, дипломатиялық қарым-қатынасын реттеп, жүргізіп келе жатыр.
– Дәл қазір бүкіл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрын-сонды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Ганди: «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек» деген екен. Кеше ғана бір-бірін аяқтан шалып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемлекеттер енді өзара көмек қолын созысуда. Бұл – жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы, – деп Елбасы Н.Әбішұлы әлем елдерінің мақсат-мұраты жолайрықта тұрса да ортақ арнаға тоғысып жатқанын айтты.
Оған дәлел, төтеннен келген пандемия кезеңінде де халықаралық байланыс үзілген жоқ. Керісінше, ортақ миссия, ортақ күш жұмылдыру арқылы қиын жағдайдан шығу үшін бір-бірін бірлесуге шақырды. Яғни, коронавирус пандемиясына қарсы күресу үшін БҰҰ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, G7, G20 және басқа елдер мен халықаралық ұйымдар тарапынан айтарлықтай күш-жігер жұмсалып жатқандығын естіп, көріп отырмыз.
– …Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді. Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі», – деп нақты жазылған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалар салдық. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның мамандарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткіздік және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыттық.., – деген Елбасының сөзі бұл індетпен күресудегі жұмысты одан әрі жалғастыруға жігер берді.
Естеріңізде болар, 2018 жылы Брюссельде өткен «Азия-Еуропа» саммитінде (АСЕМ) және 2019 жылы Пекинде өткен «Бір белдеу, бір жол» екінші форумында сөйлеген сөздерінде Елбасы Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық Одақ арасында диалог құруға бастамашы болды. Сондықтан, Елбасы Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық Одақ басшыларының адамзат болашағы, халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік алдындағы ерекше жауапкершілігін сезінген саяси тұлға ретінде әлемге танымал. Өзінің «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласында Н.Назарбаев: «Енді бізге кедергілер тудыруға емес, бүкіл адамзат өркениетін дамытуға ықпал ететін жаңа саясат қажет» деген болатын. Демек, алдағы уақытта да Қазақстанның халықаралық саясаттағы айқын ролі маңызды құжаттарға жол бастауы әбден мүмкін. Ал, бұл қадамды өркениет көшіне ілесу үшін жасалған мүмкіндіктің бір ғана бөлшегі деп қабылдаған жөн.
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!