Көбі әкімін бетперде етіп, бар «жақсылықты» сол адамнан күтіп, «жұмыста қызметім жоғарылап қала ма?» деген ниетпен негізсіз шауып жүр. Ал қара халық болса, күнкөрістің қамымен мехнатты өмірін өткізіп келеді. Тіпті әкімнің есімін де білмейтіні баршылық. Бұған халыққа кінә тағудың қажеті жоқ. Егер әкім «креслодан» тапжылмай, меңіреген күйі отыра берсе, оның ататегін кім білсін? О тоба, «аты-жөнімді халық білмейді» деп қысылған әкімнің қарасы да көрінбейді ғой. «Сен тимесең, мен тиме» деп құлқынның қамын ойлап отыра береді. Тек мемлекеттен жыл соңында есеп сұралғасын камераның алдында «сайқымазақ» болып жүретіндері бар. Мұндай қасиетке ие талай әкімді көріп жүрміз. Ауылдың ақсақалына бір үзім нан беріп, бата беруге шақырып, былай-былай жүргізіп, кәрі сүйектің ығырын шығарып, жасанды күлкісімен езуі жыртылуға аз қалған әкімді де көз көрді. Осылар «Батаменен ел көгерер» деген ұлы сөзді тура мағынасында қабылдайды-ау, сірә?
Дегенмен судың да сұралатын кезі келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Енді соған сәйкес жұмыстар атқарылатын болады. Мәселен,«Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп құжатта айтылған. Талап қойылды. Енді сұрауы да қатаңдатылады деп ойлаймыз. Тек қана сайлау мерзімі жақындағанда халықпен кездесу жүргізуге машық болған әкімдердің құр сөзіне халқымыз кеңірдектеп тойып келгені сөзсіз. Лауазымы бар, еңбегінің жемісі жоқ жандардың есігінің алдында сағаттап күтіп, тізіміне іліне алмай қайтып, келесі күні кезекке келудің керегі жоқ сыңайлы. Өйткені жарлыққа сәйкес әкімді көшеден де кездестіруге болатын көрінеді. Лайым солай болғай. Бірақ келелі мәселелерді қозғап, орындалуына септігін тигізу сіз бен біздің арқамызда екенін естен шығармаған жөн.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерінің «құлағына алтын сырға». Жарлықта жыл сайын 15 қаңтарға дейін жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір рет, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір рет, аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір рет, облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағын ауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір рет, ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу өткізу керектігі айтылған.
– Президенттің әр өңірде сенімді өкілі болуы керек деп ойлаймын. Әкім де мемлекет басшысының жауапты, сенімді өкілі саналады. Бірақ ол – тиісті аумақтың атқарушы билігі, әлеуметтiк-экономикалық дамуының жай-күйiне жауапты адам. Ал менің айтпағым өңірдегі жағдайды тікелей Президентке жеткізіп, халық арасында жүріп, мемлекет басшысының тапсырмалары қалай орындалып жатқанын, елдің сөзін дер кезінде айтатын тәуелсіз тұлға болса. Алайда айтарын әлеуметтік желіге емес, тек мемлекет басшысына жеткізуі керек. Ол депутат емес, әкімдікке, партияға қатысы жоқ, тікелей Президент өзі тағайындайтын адам болса. Жасыратыны жоқ, әр өңірде жергілікті билік кей жағдайды ашық көрсетпейді. Содан халық ызаланады, – деді Facebook-тегі парақшасында Дастан Асқарұлы.
Сөзінің жаны бар. Әкімнің жан-жағында жарамсақтар толып жүргесін, «ортасы дұрыс болмай» қатарына ілесіп жүрген шығар. Сол себепті тікелей мемлекет басшысына мәселенің мән-жайын жеткізіп отыратын жауапты адамның болғаны дұрыс. Себебі халықпен кездесудің де түр-түрін көріп жүрміз. Алысқа бармай-ақ өзіміздің билік өкілі де халық үшін ашылып жатқан спорттық-сауықтыру кешеніне барамын деп басы дауға қалған. Сондағы қадағалауды есіктен кіріп-шығу деп ұққан секілді. Бұған жөргегінен жорғалаған «артистердің» кезекті «сценарийі» сәтті шықпауының арты әкім опық жеп қалған еді. Әкімдерді құбыжық етіп көрсеткіміз келмейді. Егер «ел сойылының» қамын ойлап жүрсе, түртпектеп өшігетін жайымыз жоқ. Сәл уақыт өткесін бұл жарлықты да өз ырқына икемдеп алатын әкімдердің болары даусыз.Сондықтан кеш болмай тұрғанда оңтайлы шешім қарастырған абзал.
Еске сала кетейік, Жарлықта барлық деңгейдегі әкімдер: халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесу өткізсін; техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, халықтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда міндетті түрде пікір білдіру мүмкіндігімен онлайн-трансляциялар, сондай-ақ қажет болған жағдайда бейнебайланыс ұйымдастыру арқылы кездесулер өткізуді қамтамасыз етсін; кездесу үшін жоспарланған уақыттың төрттен бірден аспайтын бөлігін баяндаманы таныстырумен, уақыттың қалған бөлігін «сұрақ-жауап» форматында өткізсін делінген. Бұған қоса, кездесу өткізгенге дейін біршама жүктемелер берілген.
Халқымыздың көкірегінде мүлгіп жатқан өзекті мәселелер бар екені белгілі. Сол себепті Президент пәрменімен шешімі табылмай келе жатқан түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылар деп иландық. Соңғы уақытта«Жаңа Қазақстан» деген сөз хит болды. Осы түбегейлі өзгеріс енгіземіз деген елдің жаһандану мұхитында қай кеменің желкенін көтеріп жүретіні де әкімдердің «қызғылт көзілдірікті» дер кезінде шешкеніне де байланысты болғалы тұр. Оны уақыттың еншісіне қалдырайық.
АҚСҰҢҚАР
Жақсы ойпайым! Қара халыққа қаһарман болып көрінгісі келелі,
десе де көлденең жолда жүрғой көбісі.