Өлім жазасы дегеннің өзі естігенге ауыр. Мұндай үкімді қоғамда өте ауыр қылмыс жасағандарға шығарған. Есте жоқ ескі замандарда патшаның әмірін орындамаған адамды, иесіне қарсыласқан құлды, ұрлық жасаған адамды, бұйрықты орындамаған жауынгерді өлім жазасына кескен. Шыңғысхан әскерінде бір адам шайқас кезінде шегінсе немесе қашса, құрамына сол жауынгер кіретін бір ондық түгел өлтірілген. Еуропа Кеңесі Адам құқықтары мен бостандығын қорғау туралы конвенцияға қосымша 1983 жылғы 28 сәуірде өлім жазасын жою туралы шешім қабылдаған болатын. БҰҰ Бас Ассамблеясы Азаматтық және саяси құқықтар туралы актіге қосымша 1989 жылы 15 желтоқсанда өлім жазасын жою туралы екінші қосымша хаттама қабылдап, әлем елдерін сол хаттамаға қол қойып, қосылуға шақырды. Осы шаралардан кейін әлемнің 80-нен астам мемлекеті өз қылмыстық заңынан өлім жазасын алып тастады. Ал Қазақстан 2003 жылдан бастап өлім жазасына мораторий жариялады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Енді елімізде өлім жазасы толықтай жойылды, болмайды. Мемлекет бұны саяси шешім деп есептеп отыр.
– Елімізде 2003 жылдан бастап өлім жазасына моратория жарияланып келеді. Яғни бізде өлім жазасы жоқ десек те болады. Ал бүгін Президент жаңа заңға қол қойып, оны толықтай алып тастады. Шешімді толық қолдаймын, бұл – саяси шешім. Себебі Қазақстанда адамды өлім жазасына кесетіндей аса ауыр қылмыс болмайды. Бұны аса ауыр қылмыс туралы статистиканың өзі айтып тұр. Сондықтан да өлім жазасын қалдырудың еш мәні жоқ. Есесіне өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы бар. Осының өзі жеткілікті. Жалпы, өлім жазасын алып тастау мәселесін мен сала маманы ретінде сонау 1995 жылдан бастап түрлі алаңдарда көтеріп келемін, – деді Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі хартияның атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова.
Оның айтуынша, бұрынғы кеңес одағына мүше елдер ішінде өлім жазасы жойылмаған тек Беларусь мемлекеті қалып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын қоғам белсенділері «ауыр қылмыс жасағандармен қатар жемқорларға да өлім жазасын тағайындау керек» деген ұсыныс айтқан болатын.
– Мемлекет қазынасына қол сұққан адамдарды Қытайдағыдай өлім жазасына кесу керек. Қытайда халық саны бір жарым миллиард болса да, ешкім ол жақта ақша ұрламайды. Жемқорлардың барлығын атудың қажеті жоқ, тек үш адамды көрсетіп атса жеткілікті. Сонда басқалары бюджетке көз алартуды қояды. Мен халықтың атынан шығып отырмын. Мұны мен емес, халық айтып отыр, – деді тұтынушылардың құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестік төрайымы Надежда Мубракшина.
Алайда белсенділердің бұл ұсынысы қанағаттандырылған жоқ. Өйткені мемлекет өлім жазасына мораторий жариялап қойған.
Қытай – өлім жазасына кесу және оны жүзеге асыру санына қарай бірінші орындағы ел. Түрлі мәліметтерге сәйкес, Қытайда жыл сайын 2-7 мың өлім жазасы іске асырылады. Яғни, Қытайда әлемдегі қалған барлық елдердегі жиынтық саннан көп адам өлім жазасына кесіледі. Тағы бір атап өтерлігі, Қытайдағы соттар қылмысқа қатысы бар деген күдіктілердің 99%-дан астамын айыпты деп таниды.
Өлім жазасын тағайындау оңай шешім емес. Дегенмен елімізде бұл жаза түрін қолдайтындар көп. Былтыр 19 жастағы Аяжан Еділованы аяусыз өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған қылмыскерді бойжеткеннің туыстары өлім жазасына кесуді сұраған. Өйткені «түрмеден шыққан күннің өзінде психикалық ауытқуы бар адам өзгелерге де зиянын тигізе ме?» деген күдік болды. Бірақ, оған сот 25 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады.
Күлікбаев кімнің есінде? Осыдан алты жыл бұрын Алматы қаласының бірнеше нүктесінде атыс жасап, 6 полиция қызметкерін өлтірген. Дереу қолға түскен Күлікбаевқа да сот сол жылы өлім жазасына кесуді сұраған. Алайда бұл шешім елдегі мораторийге байланысты өзгеріп, өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделді.
Сонымен қатар депутат Мұрат Бақтиярұлы да ана мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерді өлім жазасына лайық деп санаған пікірін айтқан болатын.
– Әйелге зорлық-зомбылық көрсету, әсіресе жас балаларды зорлау, болмаса оларды ұрлап алу, адам ұрлау мәселелері – аса ауыр қылмыс. Біздегі Қылмыстық кодекс бойынша, өкінішке қарай, бұларға берілетін жаза әлі де болса жеңілдеу. Былтыр, алдыңғы жылдары бір топ сенатор осы мәселені көтергенбіз. Ауыр қылмыс қатарындағы қылмыстарға өлім жазасын беруді ұсынғанбыз. Бірақ, өкінішке қарай, қолдау таппады. Сондықтан да менің Парламент мүшесі ретінде айтарым, балаға жасалатын ауыр қылмыстарға, әйел, қыз балаларға жасалатын ауыр қылмыстарға біз өлім жазасын беруіміз керек, – деді ол.
Қанша қолдау тапқанмен, мемлекеттегі заң аясы оған мүмкіндік бермейді. Билік гуманистік көзқарасты барынша қолдап отыр. «Тіпті Тәукенің тұсындағы «Жеті Жарғыда» да өлім жазасын аса ауыр қылмыстарда (елдегі бүлікшілер мен сатқындарға) және өте сирек қолданған» деген пікірді алға тартып отыр. Қазір бізде заң қолдайтын ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру ғана.
Ә.КЕНЖЕ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!